КСАД РК - Постановление от 18.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1676 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 тамыз № 6003-25-00-4к/1676 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов,

мүдделі тұлға Шардара ауданы әкімдігінің «Шардара аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) өкілі М.З.Исаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Жарас Мустафаевич Досановтың жауапкер Түркістан облысы Шардара ауданының әкіміне (бұдан әрі – аудан әкімі), Бөлімге қатысты 2023 жылғы 29 қарашадағы № 315 қаулыны заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 4 шілдедегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, аудан әкімі өз қаулысын өз бетінше жоюға және оны жер пайдалану құқығынан біржақты тәртіпте айыруға құқылы болмағанымен, жерді алып қою өзге тәртіппен жүзеге асырылуға тиіс деген уәждермен негіздеген.

МАӘС-тің 2024 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.

ӘІжСА-ның 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерін жоюды және талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Аудан әкімі өкілінен Астана қаласына шығудың мүмкін еместігімен уәжделген, сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы қарауға тағайындалған, бұл туралы іске қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Аталған жайт кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерделеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол берген.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, аудан әкімиятының 2023 жылғы 21 қарашадағы № 865 қаулысымен Ж.М.Досановқа Шардара ауылы аумағындағы (Қорғалы) «Балатай І» – 60 шаршы метр, «Балатай ІІ» – 60 шаршы метр құдықтары орналасқан жалпы көлемі 120,0 шаршы метр жер учаскесі жеке меншікке сатылып берілген.

Жоғарыда аталған қаулының 2-тармағына сәйкес, Ж.М.Досановқа жекеменшік құқығын куәландыратын құжатты дайындап, оны уәкілетті органда тіркегенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейтіндігі және жер учаскесі заңға сәйкес 1 (бір) жыл ішінде тиісті мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда алынып қойылатындығы ескертілген.

Кейіннен аудан әкімиятының 2004 жылғы 3 қарашадағы № 750 қаулысымен 2003 жылғы 21 қарашадағы № 865 қаулысына өзгерістер енгізіліп, онда «жеке меншікке сатып» деген сөздер «49 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жалға» деп өзгертіліп, қаулының 3-тармағы алып тасталған.

Дауланып отырған аудан әкімдігінің 2023 жылғы 29 қарашадағы № 315 қаулысымен Ж.М.Досановқа жер учаскесін беру бөлігінде 2003 жылғы 21 қарашадағы №865 қаулы мен 2004 жылғы 3 қарашадағы № 750 қаулының күштері жойылған.

Бұрын қабылданған қаулылардың күшін жоюға жер учаскесін мақсатына сай пайдаланылмауы негіз болған.

Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының жер учаскесіне құқықты заңда белгіленген тәртіппен ресімдемегені мен тіркемегенін негізге алып, осыған байланысты аудан әкімі бұрын қабылданған қаулылардың күшін жоюға құқылы болды деп санаған.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңсыз деген қорытындыға келеді, олардың негізіне алынған мән-жайлар талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындылардың дұрыс еместігін көрсетеді, себебі соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбаған.

Анықталған мән-жайлардан аудан әкімінің Ж.М.Досановқа жер пайдалану құқығынан айыру рәсімін бастағаны, соның нәтижесінде дауланып отырған қаулының қабылданғаны көрінеді.

Бұл қаулы ӘРПК-нің 4-бабының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес ауыртпалық салатын әкімшілік акт болып табылады, себебі ол Ж.М.Досановтың жер пайдалану құқығын шектейді және одан айырады, оның әкімшілік рәсімге қатысушы ретіндегі құқықтарын жария-құқықтық қатынастарда іске асырады. Дауланып отырған қаулы талап қоюшыға 49 жыл мерзімге жер пайдалану құқығын беру жөніндегі бұрын қабылданған қаулылардың күшін жояды. Көрсетілген мән-жайлар тараптармен дауланбайды.

Талап қоюшы өзінің талаптарының негіздердің бірі ретінде жер пайдалану құқығын тоқтату рәсімі мен тәртібін әкімдік тарапынан бұзу фактісін көрсетеді.

Алайда талап қоюшының бұл уәждері төмен тұрған соттар тарапынан ескерілмей, сот актілерінде оларға қандай да бір құқықтық баға берілмеген.

ӘРПК-нің 73-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.

Тыңдау келесі тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін: 1) әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс бойынша тыңдауға шақыру, оның ішінде бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы; 2) ақпараттық жүйелерді пайдалану; 3) әкімшілік рәсімге қатысушыға өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы.

ӘРПК-нің 73-бабының екінші бөлігінің 4) тармақшасында азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық және (немесе) мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында әкімшілік актіні дереу қабылдау талап етілетін жағдайда тыңдау қолданылмайдығы көрсетілген. Бұл жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіде тыңдау жүргізілмеген дәлелдерді көрсетуге міндетті.

Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.

Әкімшілік рәсімге қатысушы өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді (ӘРПК-нің 73-бабының үшінші және төртінші бөліктері).

Осылайша, ӘРПК-нің 73-бабында көзделген ережелердің дәлме-дәл мазмұны әкімшілік органның тыңдауды өткізуі оның міндеті екенін көрсетеді. Тыңдаудың не себепті өткізілмегені әкімшілік актіде көрсетілуге тиіс.

Алайда жауапкер алдын ала шешім қабылдамаған, дауланып отырған актіні қабылдау алдында тыңдау өткізбеген және бұл факт кассациялық сатыдағы сотта өз дәлелдемесін тапты. Жауапкер тыңдаудың өткізбеу себептерін негіздемеген, ал әкімшілік актіде тыңдаудың не себепті өткізілмегені туралы уәждер де көрсетілмеген (ӘРПК-нің 73-бабының екінші және үшінші бөліктері).

Қабылданған қаулы туралы талап қоюшы оның шыққанынан кейін ғана хабардар болған.

Кассациялық соттың пікірінше, жауапкердің мұндай заңсыз әрекеттерімен ӘРПК-нің императивтік нормалары да, талап қоюшының әкімшілік іс бойынша өз ұстанымын білдіру, мәселенің әділ әрі объективті қаралуы жөніндегі заңды мүдделері де өрескел бұзылған. ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдердің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 413-бабының бірінші бөлігіне сәйкес бірінші сатыдағы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді. Алайда апелляциялық сатыдағы сот бұл уәждерді ескермей, осы бөліктегі кемшіліктерді жоймаған.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, талап қоюшы шағымданып отырған шешім мен қаулының күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 шілдедегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Түркістан облысы Шардара ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 29 қарашадағы № 315 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылсын.

Талап қоюшы Жарас Мустафаевич Досановтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.