Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2120 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 3 маусым №6003-26-00-2к/2120 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Д.Куандықұлы, жауапкердің өкілі Е.Буркитбаевтің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының жауапкер Мурат Жакслыкович Таскинбаевқа қарызды өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

«Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - банк) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерден банктің пайдасына 14 781 846 теңге қарызы және 443 455 теңге сот шығыны өндірілген.

Жауапкер М.Таскинбаев кассациялық шағымында, жергілікті соттармен өзі банктен шарт бойынша несие төлеуді алты айға кейінге қалдыруды сұрағанына қарамастан, төлем кестесін бір жылға ұзартқанына, қосымша шарт маңызсыз болып табылатынына, сәйкесінше төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде байланысты сыйақыны несиенің толық мерзіміне есептеу арқылы міндеттемесін негізсіз ұлғайтқанына дұрыс құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар іс бойынша заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 380бабына сәйкес азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.

АК-нің 386-бабы 1-тармағы бойынша шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады.

АК-нің 393-бабы 1-тармағында тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Заңының 35бабының 2-тармағына сай (бұдан әрі - Заң) жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс деп көрсетілген.

Тараптар арасында жасалған банктік қарыз шарты, қосымша келісім шарты бұзылмаған, жарамсыз деп танылмаған.

АК-нің 718-бабы 1-тармағына сәйкес егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, қарыз нысанасын пайдаланғаны үшiн қарыз алушы шартта айқындалған мөлшерде қарыз берушiге сыйақы төлейдi.

АК-нің 722-бабы 3, 4-тармақтарына сай егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге, сондай-ақ кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы өздерінің талаптарын қанағаттандыруға құқылы.

2023 жылғы 11 қыркүйекте «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы мен М.Таскинбаев арасында №KZA/2023/F/L/031652 Банктік несие қарыз шарты жасалынып, соңғыға 12 156 254 теңге 60 ай мерзімге, 22,5% пайыз сыйақы мөлшерімен, автокөлік сатып алу мақсатында қарыз берілген.

2023 жылғы 11 қыркүйекте №KZA/2023/W/P/01811 автокөлік құралын кепілге беру шартына сайкес, несиенің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жауапкер М.Таскинбаевтың жеке меншік құқығына тиесілі «HAVAL H6» маркалы, 2023 жылы шығарылған автокөлік кепілге қойылған.

2024 жылғы 26 ақпанда банк пен қарыз алушы М.Таскинбаев арасында жоғарыда аталған банктік шартқа сәйкес қарыз алушының өтініші бойынша қосымша келісім жасалып, негізгі борыш пен сыйақыны төлеу бойынша 2024 жылғы 12 наурыз – 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін мерзімін кейінге

жылжыту, қарыз мерзімі 2023 жылғы 12 қыркүйектен бастап – 2029 жылғы 12 қыркүйекке дейін белгіленген.

Жауапкер міндеттемесін орындамауына байланысты банк алдында қарызы 15 106 317 теңге құраған.

Банк талап қоюында жауапкердің аталған шарт бойынша банк алдындағы міндеттемелерін орындамағанын, сотқа дейінгі дауды реттеу өз нәтижесін бермегенін көрсетіп, банк алдындағы берешегі бойынша: негізгі қарыз – 10 610 202 теңге, мерзімінен кешіктірілген негізгі қарыз - 784 819 теңге, мерзімінен кешіктірілген сыйақы – 2 148 028 теңге, есептелген сыйақы – 54 185 теңге, мерзімі ұзартылған сыйақы – 1 148 560 теңге, өсімпұл – 36 052 теңге, барлығы - 14 781 846 теңге қарызды өндіру сұраған.

Жауапкер талап қоюға қарсы пікірінде банк пен өзінің арасында несие шарты мен қосымша келісім шарт бойынша қарыз сомасы дұрыс есептелмегенін көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот жауапкермен несие шарты және қосымша несие шартында көзделген несие қарызы бойынша төлемдерді уақтылы жүргізу туралы шарттық міндеттемесін бұзғаны, талап қоюшымен жауапкерге қарызды төлеу туралы талап және міндеттемені орындамағаны жөніндегі хабарлама жолданғанына қарамастан жауапкермен міндеттеме толық орындалмағанын негізге алып, талап қою қанағаттандыруға жататыны туралы дұрыс тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келісіп, жауапкердің алты айға ұзартқан мерзімінен кешіктірілген сыйақыға қатысты уәжіне, несие алушы аталған қосымша келісім шартқа және мерзімі ұзартылған төлем кестесіне өзі қол қойғанына, банктің бұл әрекетіне дау айтпағанына дұрыс құқықтық баға берген.

Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Жауапкердің қосымша келісім шарт сот ісін жүргізу тәртібімен дауланбасада маңызсыз болып табылатыны туралы шағым уәжін сот негізсіз деп санайды, себебі қосымша шартқа екі тарап қолдарын қойған, мұндай шарт жасау заңмен көзделген. АК-нің 157-бабының 1-тармағына сәйкес мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады. Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады. Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді. Сондықтан бұл шарт сот тәртібімен даулануға жатады.

Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.

Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қарашадағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья А.Даненова

Судьялар М.Ибрагимова А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.