ВС РК - Постановление от 03.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3307 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 3 сәүір 6001-23-00-6ап/3307 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.У. Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы : Е[...],

жауапкердің өкілдері : Кербұлақ аудан әкімінің – О[...], Кербұлақ ауданының жер комиссиясының – С[...],

мүдделі тұлғаланың өкілі : «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) Д[...] қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкерлер Кербұлақ ауданының әкіміне, Кербұлақ ауданының әкімдігіне, Кербұлақ ауданының жер Комиссиясына, «Кербұлақ ауданының ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Кербұлақ ауданының Сарыбастау ауылдық округінің әкіміне:

  1. «А[...]» ЖШС-нің Сарыбастау ауылдық округі аумағынан тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жалпы 1254,4 гектар,оның ішінде 1002 гектар егістік,1252,4 гектар жайылымдық жер участкесіне 33 жылға алу шартымен уақытша өтеүлі пайдалану құқығы қайта бекітіліп берілсін деген «Кербұлақ ауданының әкімінің 1998 жылғы 24 ақпандағы №46 шешімнің және Кербұлақ ауданы әкіміятының 2004 жылғы 15 желтоқсандағы №1009 қаулысы жойылсын» деген Алматы облысы, [...] әкімінің №237 25 маусым 2014 жылғы қаулысын заңсыз деп танып және оның күшін жоюды (№1 талап) ;

  2. «А[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 6 наурыздағы №1 жиналыс хаттамасына сәйкес, Кербұлақ аудандық жер комиссиясының 2023 жылғы 19 қазандағы №421 хаттамасы негізінде А[...] ауылдық округі аумағынан шаруа қожалығын жүргізү үшін берілген жалпы көлемі 67,5 гектар, оның ішінде көлемі 30га егістік, 37,5га жайылым жер участкесінің хаттамасын күші жойылсын» - деген Кербұлақ аудандық жер комиссиясының 18 сәуір 2024 жылғы №120 хаттамасын заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды (№2 талап) ;

  3. Кербұлақ ауданының әкімінің 24 қаңтар 2024 жылғы «А[...]» ЖШС-нің 2023 жылғы 6 наурыздағы жалпы жиналысының №1 хаттамасы негізінде жер үлесін бөліп беру жайында қаулыны шығаруға бас тарту туралы әрекетін заңсыз деп тануды (№3 талап) ; 4) жауапкер Кербұлақ ауданының әкімін 2023 жылғы 6 наурыздағы «А[...]» ЖШС-нің жалпы жиналысының №1 хаттамасы негізінде, талап қоюшы Е[...] «А[...]» ЖШС-не берілген жер учаскесінен, Сарыбастау ауылдық округі аумағынан шаруа қожалығының жүргізү үшін жалпы көлемі 67,5 гектар, оның ішінде 30 гектар егістік, 37,5 гектар жайылымдық жер учаскесінен бөліп 30 (отыз) жылға жалға алу шартымен ұзақ мерзімді уақытша өтеүлі жер пайдалану құқығын беру туралы қаулы шығаруды мәжбүрлеу туралы (№ 4 талап)

ісі бойынша Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымы мен Жетісу облысытық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Е[...] жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған процессуалдық мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Жетісу облысытық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, әкімшілік талаптар бойынша мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандырып, істі бірінші сатылы сотқа жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Істегі құжаттарды зерделеп, сот алқасы келесідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіның (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда:

№1 талап бойынша талап қоюды беруге ӘРПК-нің 136-бабының 5- бөлігінде көрсетілген тыйым салынған 1 жылдық мерзімі өткізілген;

№2 талап бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43бабына сәйкес жеті жұмыс күні ішінде сотқа шағымдану мерзімі 2024 жылғы 26 сәуірге дейін өткізіп алынған; №3 және №4 талаптар бойынша ӘРПК-нің 136-бабында көзделген бір ай ішінде берілуге арналған мерзімі дәлелсіз себебсіз өтіп кеткен деп негіздеген.

Соттар бұл негіздемелерді келтіргенде:

ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы;

ӘРПК-нің 136 бабы бірінші бөлігіне сай көрсетілген дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі деген нормаларға сілтеме жасаған.

Соттардың талап қоюлары қарама-қайшы тұжырымдарға негізделген.

Соттар дауланып отырған жер 25 маусым 2014 жылы «А[...]» ЖШС-не өтіп кетуіне байланысты, талап қоюшы дауланып отырған жерге әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды деген қорытындыға келген.

Яғни, соттар Е[...] даулап отырған жері үшінші тұлға - «А[...]» ЖШС-не беріліп кеткенін теріске шығармаған. Дауланып отырылған әкімнің қаулысы талап қоюшының тұжырымдауынша оның құқықтары мен заңды мүддесін бұзады.

Яғни, талап қоюшы оған тиесілі жер учаскесі үшінші тұлғаға табыстаудың әкімшілік рәсіміне қатысушы болып танылуға жатады.

Сондықтан соттардың талап қоюшыға сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін қолдануы негізсіз болып табылады.

№2, №3 және №4 талаптар бойынша да дауланып отырған актілер талап қоюшыға қай уақытта табысталғаны, талап қою арызы қашан берілгеніне, сотқа талап қою мерзімі өткіліп алынса, оған қандай себептер болғаны жете зерттелмеген.

Сонымен қатар, іске Е[...] қай уақытта, қандай жер учаскесі табысталғаны, ол жер учаскесінің кейінгі тағдыры туралы құжаттар (мәліметтер) тіркелмеген.

Сот алқасына қатысқан талап қоюшы Е[...], Кербұлақ аудан әкімінің өкілдері О[...], Кербұлақ ауданының жер комиссиясының өкілі С[...] және «А[...]» ЖШС-нің өкілі Д[...] даулы жер учаскесіне қатысты жоғарыда аталған мән-жайларды нақтылай алмады.

Істің бұл тұрғысында сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші саты сотына қарауға жолдануға жатады.

Істі жаңадан қарағанда Е[...] жер табыстау туралы әкімшілік атктілерді (егер ондай актілер қабылданған болса), сондай-ақ ол учаскенің кімге және қандай негіздермен табысталғаны жөніндегі құжаттарды іске тіркеу қажет.

Содан соң ғана, анықталған мән-жайларға байланысты процессуальдық шешім қабылдануы тиіс.

Сот актілерінің бұзылуы жеткілікті негіздер болған жағдайда талапты қайтадан қайтаруға кедергі болып табылмайды.

Егер бұндай негіздер болмаған жағдайда дау негізінен қаралып, шешім қабылдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымы, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 қазандағы ұйғарымының күші жойылсын.

Іс Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жолдансын.

Талап қоюшы Е[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.