Қ А У Л Ы
2023 жылы 3 қазан 6001-23-00-6ап/192 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов құрамында,
талап қоюшы Х[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Х[...] жауапкер Шымкент қаласының әкімдігіне және мүдделі тұлғалар «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Х[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 2007 жылғы 14 маусымдағы №47881 шешімін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік талап қою бойынша
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсаныңдағы ұйғарымына талап қоюшы Х[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарастырып,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы аталған талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшы Х[...] әкімшілік талап беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініші канағаттандырусыз қалдырылып, оның талап қоюы кері қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсаныңдағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Талап қоюшы Х[...] кассациялық шағымында жергілікті соттарды ұйғарымдарымен келіспей, сот іс қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, ұйғарымдардың күшін жойюын сұрайды.
Сот алқа отырысында талап қоюшы кассациялық шағымын қолдап, ұйғарымдарды бұзуын сұраған уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Бірінші сатыдағы сотта анықталғандай, Шымкент қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 14 маусымдағы №47881 шешімімен Шымкент қаласы 1-Көксай көшесі №[...] үй Х[...] жария етілген. Аталған жер учаскесіне №[...] берілген. Сонымен қатар, Х[...] 2014 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болған.
Талап қоюшының өкілі өзінің арызында аталған шешіммен талап қоюшы 2015 жылы 13 қазанда нотариус Н.Р.Д[...].Х[...] және Х[...] берілген мұрагерлік куәлікке сәйкес жылжымайтын мүлікке мұрагерлік құқық алған уақытта таныс болған. Соған қоса, 2015 жылы 29 желтоқсан Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының заңды күшіне енген шешімімен жауапкер Х[...] қызы Х[...] аталған даулы тұрғын үйді мұраға қабылдау мерзімі қалпына келтіріліп, мұраны қабылдады деп танылған.
Демек, даулы Шымкент қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 14 маусымдағы №47881 шешімі талап қоюшыға 2015 жылы жылжымайтын мүлікке мұрагерлік куәлігі берілген кезде және одан кейін Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының шешімімен Х[...] даулы тұрғын үйді мұраға қабылдау мерзімі қалпына келтіріліп, мұраны қабылдады деп танылған кезде белгілі болған.
Өз кезегінде, талап қоюшы өкілі аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа 2022 жылдың 18 қыркүйегінде жүгініп, талап беру үшін процестік мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш беріп, оның қанағаттандырылуға жататындығын Х[...] заңды дұрыс түсінбегендіктен, талап қою мерзімін өткізіп алғандығымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшы өкілінің бұл уәжін дұрыс негізсіз деп таныған, себебі Х[...] даулы жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 2007 жылғы 14 маусымдағы №47881 шешімін, яғни әкімшілік актіні, заңмен белгілінген мерзім ішінде даулап, сотқа жүгінуге толық мүмкіндігі болған.
Алайда, талап қоюшы аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа 2022 жылдың 18 қыркүйегінде ғана жүгінген.
ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігінде құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы делінген.
Осындай жағдайда, сот алқасы талап қоюды қайтаруы негізді және заңды деген тұжырымға келеді. Себебі, аталған мерзім тыйым салу мерзімі болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.
Жоғарыда көрсеткен негіздер бойынша, жергілікті соттардың ұйғарымдары заңға сайкес қабылданған, бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ. АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымын, қаулысын – күшінде, ал өтiнiшхатты немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 1 қарашадағы ұйғарымы және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсаныңдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Х[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ш.Даниярова
Е. Өміралиев
Судьялар
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.