Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 27.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2451 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 27 қараша №6003-25-00-2к/2451 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

арыз беруші өкілі Ж.О.Жайлаубаевтың, уақытша басқарушы Қ.Ж.Қойшығұлдың, кредитор өкілі Д.М.Джулаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) борышкер «SPNS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) банкрот деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі кредитордың Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, оны Серіктестіктің қаржылық дәрменсіздігіне негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, Серіктестік банкроттық рәсімі қозғала отырып таратылған, оның мүлкі мен істерін басқару құқығы уақытша басқарушы Қ.Ж.Қойшығұлға берілген, шешім шығарылғанға дейін берілген кредитор талаптарының сомасы 44 147 146, 80 теңге мөлшерінде айқындалған және бір қатар әрекеттер жасау міндеттелген, 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Кредитор «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы 2014 жылғы

7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 2-

тармағының екінші абзацында борышкердің салықтық берешек сомасын, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешекті Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы қабылданғаннан кейін өтемеуі кредитордың салықтық және кедендік төлемдер бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылатыны бекітілген.

«Соттардың заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту және олардың банкроттығы туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы №2 Нормативтік қаулысының 15-тармағына сәйкес егер борышкер есепке алу құжаттамасына қолжетімділікті қамтамасыз етпесе, онда уақытша басқарушы Заңның 49-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы акт жасайды.

Соттар уақытша басқарушының Заңның 88-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сай мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан борышкер және оның мүлкі туралы ақпаратты сұратуға құқылы екенін ескеруі тиіс.

Бұл ретте сот іс материалдарындағы өтініш беруші, әкімші, өзге де мүдделі тұлғалар ұсынған дәлелдемелерді, оның ішінде тиісті құқықтық баға берілуге тиіс уақытша басқарушы актісінің мазмұнын негізге алып шешім қабылдауға тиіс.

Анықталғаны, Серіктестік уәкілетті органда бастапқы рет 2022 жылғы 1 наурызда тіркелген, құрылтайшының және басшының өзгеруіне байланысты 2023 жылғы 6 маусымда қайта тіркеуден өткен, негізгі қызмет түрі: басқа топтарға жатпайтын басқа да азық-түлік емес тұтыну тауарларының көтерме саудасы, басшысы және құрылтайшысы: Н.Б.Еркебаев.

Серіктестіктің салықтық берешегі 15 518 000,72 теңге, оның ішінде негізгі төлем сомасы 10 800 840,74 теңге, оған өсімпұл 4 717 159,98 теңге құраған, бұл берешек 2024 жылғы 15 қаңтардағы №50400/150124/000001 камералдық кедендік тексеру нәтижесінде пайда болған.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 20 сәуірде Серіктестік пен Банк арасында қарыз шарты жасалып, Серіктестікке инвестицияға 50 000 000 теңге берілген, Банк алдындағы қарыз 2024 жылғы 21 маусымнан бастап төленбеген, қазіргі таңда қарызы 28 629 145,79 теңгені құраған.

Соттар Басқарманың арызын қанағаттандыру барысында соңғысы Серіктестікке мәжбүрлеп өндіру туралы барлық шаралар қолданған (салық берешегін өтеу туралы хабарламалар жолданған, банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу өкімдері бойынша инкассалық өкімдер орындаусыз қалған), уәкілетті органдарға Серіктестіктің меншігіне тіркелген жылжитын

және жылжымайтын мүліктердің бар-жоғы жөнінде сұраныстар жолданып, ондай мүліктің тіркелмегені анықталған, Серіктестік төлем қабілеті жоқ борышкер, заңды тіркелген мекен-жайында орналаспаған және бұл жөнінде акті бар деп асығыс тұжырым жасаған.

Себебі, кассациялық сотпен электрондық форматта қаралған азаматтық іс құжаттары зерттеліп, нәтижесінде сотпен қалыптастырылған электрондық істе Басқарма тарапынан Серіктестікке мәжбүрлеп өндіру шараларын қолданғаны туралы деректердің, Серіктестіктің заңды тіркелген мекенжайында орналаспағаны туралы актінің жоқ екені анықталған, тиісінше АПКтің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.

Ал, уәкілетті органдарға Серіктестіктің меншігіне тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүліктердің бар-жоғы жөнінде сұраныстарды тек уақытша басқарушы ғана жолдағаны көрінеді.

Заңның 45-1-бабының 3-тармағына сай бұл мән-жайлар кредитордың арызын қараусыз қайтаруға негіз болады, алайда соттар іске тіркелмеген деректерді басшылыққа алып арыз бойынша процестік шешім қабылдаған. Іске тіркелген Серіктестіктің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы 2025 жылғы 8 қаңтардағы актіге қарағанда уақытша басқарушы «борышкер қаржылық жағынан орнықсыз, қаржылық орнылықтың ІІІ сыныбына жатады, яғни банкрот деп тану үшін негіздер бар» деген заңсыз қорытынды жасаған.

Себебі, уақытша басқарушы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы акті жасай отырып, негізсіз борышкерге қатысты қорытынды жасаған және соттар бұл заңсыз қорытындыға құқықтық бағасын бермеген.

Өз кезегінде, борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына қол жеткізуді қамтамасыз етпегендігі оны сөзсіз банкрот деп тануға негіз бола алмайды.

Заңның 52-бабының 1-тармағына сай оңалту немесе банкроттық туралы iсті сот талқылауына дайындау кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттерден басқа сот iстiң сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және iске қатысатын өзге де адамдарға хабарлайды.

Маңғыстау облысының Әділет департаментінің бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 6 желтоқсандағы хатына берген жауабында жеке сот орындаушыда Серіктестіктен өндіріп алушы «Жасыл Даму» акционерлік қоғамының пайдасына 14 877 теңге өндіру жөнінде атқарушылық іс жүргізу бар екені хабарланған.

Осыған қарамастан, соттар аталған өндіріп алушыны кредиторлар қатарына енгізуге, істі қарауға қатыстыруға шаралар қолданбаған, Серіктестікке қатысты банкрот деп тану туралы іс қаралып жатқаны туралы

мүлдем хабарламаған, яғни өндіріп алушының құқықтарына нұқсан келтірілген.

Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот шешім шығару барысында Заңның 4-бабының 4-тармағын, 5-бабының 1-тармағын және 2-тармағының бірінші абзацын негізсіз басшылыққа алған, себебі бұл заң нормаларында айқындалған талаптар салық бойынша берешегі бар борышкерге қолданылуға жатпайды.

Істің мұндай тұрғысында, АПК-тің 68-бабының 6-бөлігінің негізінде соттармен жинақталған дәлелдемелердің жиынтығы арызды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз екенін ескере отырып, соттардың сот актілерінің күші жойылып, арызды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімінің және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысының күштері жойылсын.

Арыз беруші «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің «SPNS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін банкрот деп тану туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Кредитор «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.