ВС РК - Постановление от 11.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/161 (Административное)

6001-24-00-6ап/161

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі Б[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тұрғын үй басқарма) тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылуын заңсыз деп тану, тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегін қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Б[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде, 2016 жылдың 29 ақпанында «Зейнеткер» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғанын, алайда Тұрғын үй басқармасы оны заңсыз кезектен шығарып тастағанын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Тұрғын үй басқармасының талап қоюшы Б[...] тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы бұйрығы заңсыз деп танылып күші жойылған.

Тұрғын үй басқармасына Б[...] тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қалпына келтіру міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілі Б[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Б[...] 2010 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы П[...] «Алтын алқа» алқасымен марапатталған.

2016 жылғы 29-шы ақпанда Б[...] «Зейнеткер» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне қойылған. 2019 жылғы 2 шілдегі сатып алу-сату келісім шарты негізінде Б[...] Астана қаласы, [...] мекенжайында орналасқан екі бөлмелі пәтерді сатып алып, оны 2019 жылғы 4 желтоқсанда сатып алу-сату келісім шарты бойынша немересі Ж[...] атына аударылған.

Тұрғын үй басқармасының 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 03-06/62 бұйрығымен Б[...] тұрғын үй сатып алған деген негізбен оны тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығарылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда «Алтын алқамен» наградталған көпбалалы аналар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тасталуға жатпайды деп тұжырымдаған. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 73-бабының 1-тармағының талаптары бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тәртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Б[...] жеті бала тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегері, жолдасы С[...] 2022 жылғы 21 желтоқсандағы Астана қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған.

Сот алқасы жергілікті соттардың талап арыз толық көлемде қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымымен келіседі, себебі талап қоюшы 2016 жылғы 29-шы ақпанда «Зейнеткер» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне қойылғанымен, оның 2010 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы П[...] «Алтын алқа» иегері екеніне ешқандай мән бермеген.

Ал жоғарыда көрсетілген Заң талаптары бойынша «Алтын алқа» иегері мемлекет есебінен тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың жергілікті сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

С.Ү. Баймаханов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.