Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4093 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/4093

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, прокурор М[...],

талап қоюшы А[...] және оның өкілі А[...], жауапкердің өкілі К[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімі мен Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы А[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда қудалау органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан екі көзі көрмей қалғанын, нәтижесінде бірінші топ мүгедегі болып танылғанын көрсетіп, жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі - Мекеме) 25 000 000 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2 000 000 теңге моральдық зиян және сот 385 455 теңге сот шығындары өндірілген.

Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерімен келіспей, қылмыстық қудалау органдарының заңсыз әрекеттері салдарынан көру қабілетінен айырылғанын, тиісті емді дер кезінде ала алмағанын, қазіргі уақытта шет мемлекетте ота жасауды қажет ететінін және оған қаражаттың жоқтығын көрсетіп, келтірілген моральдық зиянды ескере келе, сот актілерін өзгертіп, талап қоюын толық көлемде қанағаттандыруды және кассациялық шағым келтіру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды

күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Талап қоюшының өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырылуға жатады, себебі талап қоюшы өзінің денсаулығына байланысты кассациялық шағым келтіру мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматы қаласында сағат 12-00 шамасында Құрманғазы-Назарбаев көшелерінің қиылысында талап қоюшы ереуілшілердің жанынан өтіп бара жатқанда, жанында жарылғыш оқ-дәрі жарылып, талап қоюшы есінен танып, басы мен екі көзінен жарақат алған.

Талап қоюшы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК-сі) 272-бабының 2-бөлігі бойынша заңсыз қылмыстық қудалауға ұшыраған.

А[...] 2022 жылғы 14 қантарынан бастап 19 қаңтарға дейін қамауда болған. 2022 жылғы 20 қантарынан 8 тамызға дейін талап қоюшыға «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Іс құжаттарынан талап қоюшы А[...] қылмыстық құқық бұзушылық жасамағанына қарамастан, қылмыстық қудалауға заңсыз тартылғаны, 11 тәулік қамауда болғаны, одан кейін ұзақ уақыт бойы «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны, қылмыстық қудалаудың жалпы мерзімі шамамен 8 айға созылғаны анық көрінеді.

Қылмыстық іс дәлелденбегендігіне байланысты тоқтатылып, талап қоюшының оңалту құқығы танылған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 951бабының 1-тармағына сәйкес, заңсыз қылмыстық жауаптылыққа тарту, заңсыз қамауға алу, күзетпен ұстау немесе өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану салдарынан келтірілген моральдық зиян мемлекет тарапынан өтелуге жатады.

Соттар талап қоюшының заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырағанын дұрыс анықтағанымен, моральдық зиянның мөлшерін айқындау кезінде істің барлық мән-жайларын толық көлемде бағаламай, АК-нің 952-бабының талаптарын толық көлемде ескермеген.

Яғни, істің мән-жайларынан талап қоюшы қылмыстық қудалау кезеңінде ауыр дене жарақатын алғаны, денсаулығының күрт нашарлағаны, ұзақ уақыт бойы тиісті медициналық көмекті дер кезінде алу мүмкіндігінен айырылғаны, нәтижесінде көру қабілетін толық жоғалтып, бірінші топтағы мүгедек болып

танылғаны көрінеді.

Бұл мән-жайлар талап қоюшының физикалық және психикалық азаптарының айрықша ауыр екенін көрсетеді.

Талап қоюшының көру қабілетінен айырылуы қылмыстық қудалау органының әрекеттерімен тікелей себептік байланыста деп танылмаса да, бұл мән-жай оның заңсыз қылмыстық қудалау кезеңінде бастан кешкен физикалық және психикалық азаптарының айрықша ауыр екенін, өмір сүру салтының түбегейлі өзгергенін, еңбек ету қабілетін жоғалтқанын және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерінің шектелгенін көрсетеді.

Осыған байланысты, моральдық зиянның мөлшерін 2 000 000 теңге көлемінде белгілеу талап қоюшының шеккен жан және тән азабының ауырлығына, оның өмір сүру жағдайларының түбегейлі өзгеруіне, еңбек ету қабілетінен айырылуына, мүгедектікке ұшырауына сай келмейді және әділеттілік пен парасаттылық қағидаттарына толық жауап бермейді.

Осы мән-жайларды ескере отырып, кассациялық сот моральдық зиянның өтемақы мөлшерін 5 000 000 теңгеге дейін ұлғайтқанды дұрыс деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында сот актілерін өзгертіп, Мекемеден талап қоюшының пайдасына өндірілген моральдық зиянның өтемақысын 5 000 000 теңгеге дейін ұлғайтып, қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырғанды, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырғанды дұрыс деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

А[...] кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

«Қазақстан Республикасының Үкіметінің резерві» 010 республикалық бағдарламасының әкімшісі болып табылатын «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесінен А[...] пайдасына өндірілген моральдық зиянның өтемақысы 5 000 000 (бес миллион) теңгеге дейін ұлғайтылсын.

Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.