Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2462 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2462

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, прокурор Н.Молдахановтың,

талап қоюшылар Н.Н.Жорабек пен К.К.Сасановтың және олардың өкілдері М.С.Ақмолдановтың,

жауапкердің өкілі А.К.Сулейменовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Нұрсұлтан Нұрқасымұлы Жорабек пен Канат Кайратулы Сасановтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, мәжбүрлі жұмыстан бос жүрген күндерге жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар Н.Н.Жорабек пен К.К.Сасанов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі Алматы қаласының Полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1114 ж/қ талап қоюшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылып, талап қоюшылар бұрынғы лауазымына қайта орналастырылған. Департаменттен Н.Н.Жорабектің пайдасына бос жүрген күндеріне 359 038,42 теңге еңбек ақысы, К.К.Сасановтың пайдасына 359 809,10 теңге еңбек ақысы және мемлекет кірісіне 14 726 теңге баж салығы өндірілген.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай талап қоюшы Н.Н.Жорабек 2024 жылдың 29 наурызынан бастап Алматы қаласының полиция Департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (бұдан әрі - Басқарма) аға жедел уәкілі лауазымына тағайындалса, талап қоюшы К.К.Сасанов 2024 жылдың 31 қазанынан бастап Басқарманың аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі лауазымына тағайындалған. 2024 жылғы 13 желтоқсандағы қызметтік тексеру қорытындысымен талап қоюшылардың құқық қорғау органдарының беделін түсіретін тәртіптік қылық жасағандары толығымен дәлелденді деп есептеліп, оларды ішкі істер органдарының қатарынан шығару үшін тәртіптік жауапкершіліктерін Департаменттің тәртіптік комиссиясында қарауға ұсынылған.

2024 жылғы 13 желтоқсандағы №60 тәртіптік комиссияның шешімі бойынша талап қоюшылар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 16-бабының 1- тармағының 5) тармақшасы мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі -Әдеп кодексі) талаптарын бұзғаны үшін, оларды атқарып отырған лауазымынан босатып, Департаменттің қарамағына енгізу туралы шешім қабылданған.

Нәтижесінде талап қоюшылар Департаменттің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1114 ж/к бұйрығы (бұдан әрі - даулы бұйрық) негізінде Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде құқық қорғау органдарының беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, құқық қорғау органдарынан шығарылған.

Талап қоюшылар құқық қорғау органдарынан шығарумен келіспей, сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот Заңның 57-бабының 14-бөлігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 54-бабының 1- бөлігін басшылыққа алып, қызметкерге тәртіптік жазаны еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде қолдануға болмайды деген тұжырымға келіп, талап қоюды толығымен қанағаттандырған.

Апелляциялық сатыдағы сот аталған қызметтік тексеріс Заңның 57бабының 3-тармағының талабына қайшы, яғни уәкілетті басшының тиісті бұйрығынсыз жүргізілгенін, даулы бұйрық дисциплинарлық комиссияның ұсынысына сәкес келмейтінін, Заңның 80-бабының 2-тармағы негізінде, талап қоюшылар мен И.Турдиевтің арасындағы орын алған оқиға қоғамда теріс

резонанс тудырмағанын, керісінше талап қоюшылар тарапынан И.Турдиевке қатысты физикалық күш қолдану фактісі сотта зерттелген бейнежазбамен және сұратылған куәлердің жауаптарымен расталғанын, сондықтан талап қоюшыларды жұмыстан босату кезінде Департамент тарапынан заң бұзушылыққа жол берілгенін көрсетіп, талап қоюды қанағаттандыру туралы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерін зерделей отырып, олар мәні бойынша дұрыс шығарылған деп санайды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы №781 бұйрығымен бекітілген "Ішкі істер органдарының әскеримедициналық (медициналық) бөлімшелерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларының" (бұдан әрі - Қағида) 7- тармағына сәйкес, талап қоюшылар ішкі істер органдары қызметкерлері бола отырып, медициналық көмек алу үшін ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жүгінуге тиіс.

Аталған Қағиданың 25-тармағына сәйкес, талап қоюшылар басқа медициналық ұйымдардан алған уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары емдеу аяқталғаннан кейін 4 күн ішінде ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына тіркеуге жатады.

Іс құжаттарына тіркелген еңбекке жарамсыздық парақтары бойынша талап қоюшы Н.Н.Жорабек 2024 жылғы 14 желтоқсан мен 20 желтоқсан аралығында стационарлық ем алғаны үшін №0476119 еңбекке жарамсыздық парағы ашылған болса, талап қоюшы Қ.Қ.Сасанов 2024 жылғы 18 желтоқсан мен 20 желтоқсан аралығында стационарлық ем алғаны үшін №0233316 санды еңбекке жарамсыздық парағы ашылған. Еңбекке жарамсыздық парақшаларды талап қоюшылар жеке медициналық ұйымдарда ашқан.

Алайда талап қоюшылардың еңбекке жарамсыз туралы парақшалары Алматы қаласы полиция Департаментінің кадр басқармасына ұсынылмай, яғни Қағиданың 25-тармағының талабы орындалмай, тек 2025 жылғы 29 қаңтарда сотқа жүгінерде талап қоюмен бірге ұсынылған.

Демек жауапкердің бұл жөніндегі шағымы, яғни бірінші сатыдағы сот шешімін шығарарда аталған мән-жайды ескермеді деген уәжін негізді деп санайды.

Заңның 57-бабының 3-тармағына сәйкес, қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.

Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.

Талап қоюшылар тәртіптік теріс қылықты жасау фактісін мойындамауына байланысты қызметтік тексеріс жүргізілген.

Алайда қызметтік тексеріс уәкілетті басшының тиісті бұйрығынсыз, Департамент бастығының орынбасары Н.А.Аманбектің 2024 жылғы 11 желтоқсанда И.Турдиевтің баянатына қойған визасы негізінде жүргізілген, яғни Департаменттің уәкілетті басшысы тарапынан қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарылмаған.

Сонымен қатар, Заңның 57-бабының 4-тармағына сай Департаменттің талап қоюшыларды құқық қорғау органынан шығару бұйрығы, тәртіптік комиссияның талап қоюшыларды атқарып отырған лауазымынан босатып, Департаменттің қарамағына жіберу шешімімен сәйкес келмейді. Өйткені құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза тәртіптік комиссия ұсынған жазадан ауыр жаза болып саналады, яғни Департамент тарапынан жаза қолдану тәртібінің бұзылуы болып табылады.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының 24-тармағына сай егер сот еңбек тәртібін бұзғаны үшін еңбек шарты бұзылған адамды жұмысқа қайта алу туралы істі қарау кезінде теріс қылық шын мәнінде орын алған, бірақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін немесе мерзімін бұза отырып жүргізілген деген түйінге келсе, жұмыскер жұмысқа қайта алынуы мүмкін.

Сондықтан апелляциялық сатыдағы соттың Департамент тарапынан талап қоюшыларды жұмыстан шығару кезінде белгіленген тәртіптік жаза қолдану тәртібін бұза отырып жүргізілген деген тұжырымымен келіседі, оны негізді, заңнама талаптарына және істің нақты мән-жайларына сәйкес келеді деп санайды.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.