6001-24-00-3ГП/142
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 3 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Шәріпов Н.К., судьялар Молдахметова Т.Ә, Савинова А.С., прокурор М[...], талап қоюшы С[...], оның өкілі М[...],
жауапкер Түркістан қаласының әкімдігінің өкілі Б[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкімдігіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ-ге (бұдан әрі – Бөлім), «Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, «Түркістан облысы құрылыс басқармасы» ММ-ге жер учаскесін мәжбүрлеп босату және жер учаскесінде орналасқан мүліктерді бұзуға міндеттеу туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
С[...] сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) іс құжаттарын зерделеп, өтінішхат уәждерін талқылап, тараптардың пікірлерін тыңдап, дау айтылған сот актілерінің күші жойылуға, іс жаңадан қарауға жолдануға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2014 жылғы 10 ақпандағы сыйға тарту шарты негізінде Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер учаскесімен (кадастрлық №[...]), осы жер учаскесінде орналасқан ғимаратты (бұдан әрі – мүлік) Р[...] К[...] сыйға тартқан.
Аталған мүлік алаңы 0,32948 га жер учаскесімен 2017 жылғы 4 сәуірде С[...] сатылған.
2019 жылғы 22 қазандағы сатып алу-сату шартына сәйкес 2019 жылғы 10 қазанда С[...] атынан берілген сенімхат арқылы К[...] мүлікті жер учаскесімен О[...] сатқан, аталған шарт тіркеуден өткен.
2019 жылғы 26 желтоқсанда Түркістан қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 17 наурызда Бөлім мен О[...] арасында жер учаскесінің және жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысанының ақысын төлеу туралы шарт жасалып, осы шарт негізінде 2020 жылғы 19 наурызда О[...] 245 854 000 теңге төленген.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 779 қаулысымен аталған мүлік мемлекет мұқтажы үшін алынған.
Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 25 мамырдағы шешімі өзгертіліп, С[...] берген сенімхаты заңсыз және сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының 2021 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен Бөлім мен О[...] арасында жасалған жер учаскесінің және құрылыс нысанының құнын төлеу туралы шарт жарамсыз деп танылған.
Түркістан қалалық сотының 2021 жылғы 7 қазандағы шешімімен О[...] шарт негізінде төленген 245 854 000 теңгені кері қайтару міндеттелген.
«Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы» ММ-нің 2022 жылғы 12 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Құрылыс басқармасының теңгеріміндегі: Түркістан қаласы, 020 квартал, 1406 участок мекенжайында орналасқан «Түркістан қаласында Рухани - мәдени орталық пен «Керуен - сарай» тұрғын үй алабы аумағында кварталішілік, алаңішілік инженерлік инфрақұрылым құрылысы және абаттандыру «2-ші кезең» нысандары Түркістан қаласының коммуналдық меншігіне берілген.
Түркістан облысының әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен С[...] Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 779 қаулысының күшін жою, сәйкестендіру актіні жасаудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тану, жер учаскесіне қатысты қолайлы акт қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюы кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының 2023 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымымен аталған ұйғарым өзгеріссіз қалдырылған.
Соттың жер учаскесі мен осы жер учаскесінде орналасқан мүліктерге өлшеу жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымына мамандар жер учаскесі әкімдіктің қаулысымен мемлекет меншігіне өткендіктен, жер учаскесінің нақты көлемін, онымен жапсарлас орналасқан жер учаскелерінің шекарасын, қандай құрылыс нысандары барын, құрылыс нысандарының көлемін, ұзындығын анықтауға мүмкіндік жоқ екенін хабарлаған.
Жергілікті соттар, талап қоюшының талабын негізсіз деп санап, даулы мүлік әкімдіктің қаулысымен мемлекет мұқтажы үшін мемлекет меншігіне алынған, аталған қаулы заңды күшінде деп тұжырымдап, даулы мүлікке қатысты әкімдіктің қаулысының мәселесі шешілмей, талап қоюшының талабын қанағаттандыруға негіз жоқ деп тапқан.
Кассациялық сот алқасы соттардың бұл тұжырымдарымен төмендегі негіздер бойынша келіспейді.
Апелляциялық сот сатысында арызданушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның 2023 жылғы 3 қарашадағы жауап хатын ұсынған. Аталған хатта «қазіргі уақытта құрылыс нысандарының көлемін, ұзындығын анықтауға мүмкіндік бар» екені баяндалған.
Алайда бұл хат сотта зерттелмеген және оған тиісті баға берілмеген.
Осыған орай, соттардың даулы жердің орналасқан жерін, көлемін, шекараларын және ол жерде орналасқан құрылыстың бар-жоғын анықтау мүмкін емес деген уәждері негізсіз.
Сонымен қатар, жергілікті соттар Түркістан қаласы әкімдігінің даулы жерді мәжбүрлеп мемлекет меншігіне алу туралы 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 779 қаулысы қазіргі таңда күшін жоймағанына сілтеме жасаған.
Дегенмен, осы қаулының шығарылуына негіз болған Түркістан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 1890 «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысының заңдылығы қазіргі таңда соттың қарауында екені ескерілмеген.
Бұдан бөлек, талап қоюшы кассациялық сот отырысында даулы жердің қазіргі кезде бос тұрғанын және ол жер көлік тұрағы ретінде пайдаланылуда екенін көрсеткен.
Соттар бұл мән-жайларды тексермеген.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерінің күшін жойып, азаматтық іс апелляциялық сот сатысына істі бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жаңадан қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.
Істі жаңадан қараған кезде заңды шешім қабылдауға әсер ететін мәнжайлар толығымен анықталып, даудың барысы жан-жақты, толық, объективті түрде тексерілуі тиіс. Істі қарау нәтижелері бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімінің, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жолдансын. С[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Шәріпов
Судьялар
Т. Молдахметова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.