ҚАУЛЫ
2024 жылғы 30 қаңтар 6001-23-00-6ап/1813 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
мүдделі тұлға «Ж[...]» шаруа қожалығының өкілі Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалағының жауапкерлер «Әйтеке би ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Әйтеке би ауданының әкіміне, Әйтеке би аудандық жер комиссиясына берген жер комиссиясының хаттамалық шешімдерін заңсыз деп тану және бұзу, әкімнің қаулыларын бұзу, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуын заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы қаулысына талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша Әйтеке би аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 27 қазандағы №07 санды шешімінің №42 лот бойынша бөлігі заңсыз деп танылып, бұзылған. Әйтеке би ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 қазандағы №289 санды Ақкөл ауылдық округі аумағында орналасқан мемлекеттік босалқы жер қорынан «Ж[...]» шаруа қожалығына қосымша өтеулі ұзақ мерзімге жер учаскелерін пайдалану құқығын беру туралы қаулысы заңсыз деп танылып, бұзылған.
Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастар бөлімінің 2021 жылғы 3 қарашадағы хатымен өтінішті қанағаттандырудан бас тартуын заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 ақпандағы қаулысымен Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 мамырдағы қаулысы өзгертілген.
Талап қоюды қанағаттандыру бөлігінде іс Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.
Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастар бөлімінің 2021 жылғы 3 қарашадағы өтінішті қанағаттандырудан бас тартуы заңсыз деп танылған.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша Әйтеке би аудандық жер комиссиясының 2021 жылғы 27 қазандағы №07 санды шешімінің №42 лот бойынша бөлігі заңсыз деп тану, оны бұзу, Әйтеке би ауданының 2021 жылғы 28 қазандағы №289 санды Ақкөл ауылдық округі аумағындағы орналасқан мемлекеттік босалқы жер қорынан «Ж[...]» шаруа қожалығына қосымша өтеулі ұзақ мерзімге жер учаскелерін пайдалану құқығын беру туралы қаулысын бұзу туралы бөлігі – қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалағы кассациялық шағымында Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Жауапкерлер Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі, Әйтеке би ауданы әкімі аппараты өкілдерінен істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптардың өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Іс бойынша басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы мүдделі тұлғаның өкілінің уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, келесідей тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда 2021 жылғы 27 қазанда аудандық жер комиссиясында жер учаскелеріне жарияланған конкурс бойынша 56 лот қаралған.
2021 жылғы 27 қазандағы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындысына сай, 56 лот бойынша жер учаскелеріне жарияланған конкурстан 5 лот шығарылып, 51 лот бойынша жеңімпаздар анықталған.
Аталған конкурсқа талап қоюшы қатысқан №42 лот бойынша «Ж[...]» шаруа қожалығы жеңімпаз атанған.
Комиссия шешімінің негізінде Әйтеке би ауданы әкімі 2021 жылғы 28 қазанда «Ж[...]» шаруа қожалығына А[...] ауылдық округі аумағындағы мемлекеттік босалқы жер қорынан қосымша жалпы көлемі 7500,0 га жер учаскелері шаруа қожалығын жүргізу үшін өтеулі ұзақ мерзімге 49 жылға пайдалану құқығын беру жөнінде №289 қаулы шығарған.
Сол күні «Ж[...]» шаруа қожалығы және «Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі араларында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) туралы №126 шарты жасалған.
Талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалағының басшысы Н[...] жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгініп, жер комиссиясының құрамы заңда көзделген үштен екі бөлігі қамтамасыз етілмеген және дербес құрамда тіркелмеген У[...] деген тұлға комиссия отырысында мүше ретінде қатысқан, 51 лот бойынша хаттамалық шешімді заңсыз деп танып, оны бұзуды сұраған.
Апелляция сот алқасы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда мына мән-жайларды негізді ескерген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 43-1-бабының бірінші тармағына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тәртіппен және шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Жер кодексінің 43-бабының екінші тармағына сәйкес, жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі.
Жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына: 1) жергілікті өкілді органның депутаттары; 2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері; 3) қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері; 4) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері; 5) жергілікті агломерация кеңесінің өкілдері (болған кезде) кіреді.
Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына: 1) жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі; 2) жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді. Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс.
Аталған, №42 лот бойынша 13 адамнан 9 тұлға қатысып, оның ішінде 6 адам «Ж[...]» шаруа қожалығына дауыс берген.
Заң бойынша кворум болу үшін комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысуға тиісті деп көрсетілген.
Сондықтан, жер комиссиясының хаттамалық шешімдерін заңсыз деп тану және бұзу, әкімнің қаулыларын бұзу, өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімі жоғарыда көрсетілген заң нормаларының талабына сай қабылданған.
Соттың осы және басқа да негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «БА[...]» шаруа қожалағының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Е. Өміралиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.