Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/5013 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 26 ақпан №6003-25-00-2к/5013 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Т.Темирхановтың, жауапкерлер А.А.Башимованың және Д.Ж.Қырықпайдың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Муратова Мирагуль Шамшиденовна (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер Жума Жәрдемкелдіге, Башимова Айгерим Аралтаевнаға, Қырықпай Дастан Жасланұлына мәмілені заңды деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны автокөлікті жауапкер Ж.Жұмадан сатып алғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, істі қайта қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

Анықталғаны, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі үкімімен жауапкер Ж.Жума Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4- бөлігінің 2) тармағымен сотты болған, талап қоюшы осы іс бойынша жәбірленуші болып танылған және сот үкімімен оның азаматтық талап қоюы автокөлікке меншік құқығы анықталғанға дейін қараусыз қалдырылған. Сот үкімі бойынша 2023 жылғы 28 қазанда жауапкер Ж.Жума өзінің мекен-жайында автокөліктің суреттерін талап қоюшыға көрсетіп, сату үшін ұсынған. Сол күні талап қоюшы жауапкер Ж.Жумаға қолма-қол 8 000 000 теңге берген.

Талап қоюшы талап қоюында жауапкер Ж.Жұмамен 2023 жылғы қазан айында жасалған «Toyota Camry 55» үлгісіндегі, мемлекеттік транзит номері 5774АА, шанақ номері «4Т1BF1FK9FU969184» автокөлікті (бұдан әрі - автокөлік) сатып алу-сату туралы мәмілені заңды деп тануды сұраған.

Талап қоюшымен ұсынылған төлем түбіртектеріне сәйкес ол «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы «Алтынгүл Ш.»-ның шотына 1 000 000 теңге (күні көрсетілмеген №1897686564 түбіртек), 1 500 000 теңге (күні көрсетілмеген №1898262520 түбіртек), «Kaspi Bank» акционерлік қоғамы арқылы «Айбек А.»-ның шотына 1 500 000 теңге (2023 жылғы 14 қазандағы №16516549458 түбіртек), «Алтынгүл Ш.»-ның шотына 500 000 теңге (2023 жылғы 13 қазандағы №16504068781 түбіртек), 1 930 000 теңге (2023 жылғы 12 қазандағы №16482574768 түбіртек), «Дастан Т.»-ның шотына 651 000 теңге (2024 жылғы 2 сәуірдегі №19382740875 түбіртек), барлығы 7 081 000 теңге аударған.

Алайда, бұл қаражаттың автокөлікті сатып алу-сату мәмілесі бойынша жауапкер Ж.Жұмаға аударылғаны, аталған тұлғалар жауапкер Ж.Жұманың тапсырмасымен әрекет еткендері іс құжаттарымен және сотта дәлелденген жоқ.

Одан бөлек, автокөлік Моңғолия Республикасында сатып алынған, сатып алушы осы республиканың азаматы Шаравхаан Бахатхаан, автокөлік Қазақстан Республикасында тіркеуде жоқ, тиісінше жауапкерлер автокөліктің иелері болып табылмайды. Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Муратова Мирагуль Шамшиденовнаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.