ҚАУЛЫ
2023 жылғы 23 ақпан 6001-22-00-6ап/2047 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар У[...], М[...], Г[...], Р[...], Н[...], Т[...], К[...], К[...], О[...], С[...], Д[...], М[...] жауапкер Ақмола облысының Целиноград ауданының әкіміне ауылшаруашылық жерлерін мемлекет қорынан қайтадан талап қоюшыларға қайтарып беру үшін шешім шығаруға мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 наурыздағы шешіміне, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысына талап қоюшылардың өкілі Т[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, Г[...] Целиноград ауданының әкіміне қолайлы әкімшілік актісін қабылдауға мәжбүрлеу туралы бөлігінде шешімнің күші жойылған, қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылардың өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшылар, жауапкер Ақмола облысының Целиноград ауданының әкімі және мүдделі тұлғалар «Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің, «О[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктстігінің (ЖШС), «ША[...]» ЖШС-нің өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдай істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Целиноград ауданының әкімі және «О[...]» ЖШС-гі арасында 2005 жылғы 11 тамызда жер телімін жалға беру туралы шарт жасалған. Шарттың талаптарына сай, Целиноград ауданының әкімі «О[...]» ЖШС-не жалпы көлемі 17 239 га ауыл шаруашылық алқаптары (оның ішінде егістік – 14 809 га, шабындық – 54 га, жайылым – 2 376 га, оның ішінде т.ж. жайылым –1 734 га) жер телімін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалануға жалға беріп, жыл сайынғы төлем мөлшері бекітілген.
Шарт 2054 жылғы 11 тамызға дейінгі мерзімге жасалған.
2017 жылғы 17 наурызда тараптар арасында шартты бұзу туралы келісім-шарт түзіліп, Целиноград ауданының Әділет басқармасында тіркелген.
Одан әрі, жер телімдері мемлекеттік жер қорына түсіп, жалпы алаңы 17 239 га жер телімінен алаңы 752 га, 133 га, 145 га, 417 га, 14809 га жер телімдері бөлініп шығарылған.
2017 жылғы 26 мамырда аудан әкімшілігімен ауылшаруашылығындағы 16256,0 га шабындық жер телімдерін жалға беру жөнінде конкурс жарияланған.
Конкурс қорытындасы бойынша «ША[...]» ЖШС-гі жеңімпаз ретінде танылып, соңғыға аталған жер телімі 10 жыл мерзімге жалға берілген.
«О[...]» ЖШС-нің мүшелігіндегі 249 адам «ША[...]» ЖШСнің мүшелігіне кірген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын Целиноград ауданының әкімі тарапынан жер телімдерін мемлекет қорынан талап қоюшыларға қайтарып беруге мүмкіншілігі және құқығы жоқ деп дұрыс негіздеген.
Соттардың бұл туралы тұжырымдамалары сот актілерінде егжейтегжейлі көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. Апелляциялық алқа қаулысымен сот шешімі өзгертілгендіктен, дауланып отырған қаулы күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 17 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылардың өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.