Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/1591 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

№ 6003-25-00-2к/1591

2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, талап қоюшы Н.Тукеновтің, оның өкілі Б.Ж.Ізтайдің, жауапкердің өкілі Г.И.Бексултанованың, үшінші тұлға өкілі Л.Т.Жубандыкованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нурлан Тукеновтың жауапкер «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою, қызметке қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген күндерге еңбекақыны және моральдық залалды өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Н.Тукенов сотқа аталған талап қоюымен жүгінген.

Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған. Сонымен қатар соттар оның екінші топтағы мүгедек екенін, қазіргі уақытта дені сау адамның өзіне жұмыс табылуы оңай еместігін ескермеген.

Кассациялық сот талап қоюшының және оның өкілінің шағымды қолдаған пікірін, жауапкер мен үшінші тұлға өкілдерінің қарсылығын тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты өзгертуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Н.Тукенов 2022 желтоқсан айының 1-нен бастап 2024 жылдың қыркүйек айының 25-не дейін «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - КММ) директор орынбасары болып жұмыс атқарған.

«№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің 2024 жылғы 25 қыркүйекегі №02-04/28 бұйрығымен (бұдан әрі - даулы бұйрық) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодекс) 52-бабының 1- тармағының 8) тармақшасы негізінде Н.Тукенов 2024 жылғы 25 қыркүйектен бастап жұмыстан босатылған.

2024 жылғы 4 қарашада «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің «Еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының» №2 хаттамасы жасақталып, онда Н.Тукеновтың арызы негізсіз деп танылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмай, теріс қылық жасағанын, оның жұмыста болмағаны іске тіркелген актілермен дәлелденеді деп негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, сот шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.

Еңбек кодексінің 53-бабының 6-тармағына сай осы Кодекстің 52-бабы 1- тармағының 8)-тармақшасына сай көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу осы Кодекстің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі және осы Кодекстің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылдың қыркүйек айының 24-де яғни сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін талап қоюшының себепсіз жұмыста болмауына байланысты «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің қыркүйек айының 24 күніне акт жасалған.

Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағының талабына сәйкес жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден жазбаша нысанда (қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында) не жұмыскердің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде түсініктеме талап етуге міндетті. Жасалған тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда ресімделеді.

Жұмыскер талапты алудан жалтарған немесе бас тартқан жағдайда жұмыс берушінің өкілі тиісті акт жасайды.

Анықталғандай, жұмыс беруші тарапынан аталған заңның талабы орындалмаған, тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жазбаша нысанда жұмыскер Н.Тукеновтен жазбаша түсініктеме талап етілмеген. Түсініктеме беру үшін белгіленген екі жұмыс күндік мерзім сақталмаған.

Сонымен қатар жұмыскер тарапынан себепсіз жұмыста болмауына байланысты актпен таныспай, түсініктеме жазбай, қол қоюдан бас тартқаны жөнінде тиісті дәлелдемелер жұмыс берушімен ұсынылмаған.

Жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің себепсіз жұмыста болмауына байланысты акт 2024 жылдың 24 қыркүйекте жасалып, ертеңіне, яғни 2024 жылғы 25 қыркүйекте Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағының талабына қайшы Н.Тукеновті жұмыстан босату туралы заңсыз бұйрық шығарған.

Көрсетілген мән-жайға байланысты талап қоюшының бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қоюы негізді және қанағаттандыруға жатады. Осыған байланысты талап қоюшының директор орынбасары лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына орташа айлық жалақысын өндіру талап қоюының бөліктері де қанағаттандыруға жатады.

Еңбек кодексінің 161-бабының талабына сай, «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нен талап қоюшының пайдасына айлық табысынан 10% зейнетақы жинағын, 10% жеке табыс салығын және 2% міндетті медициналық сақтандыру жарнасын шегере отырып, түпкілікті 1 444 069 теңге лажсыз бос жүрген уақытына орташа айлық жалақысы өндіруге жатады.

«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес соттар жалақыны және моральдық зиянның өтемақысын өндіріп алу туралы талап қоюларды қарау кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 24бабының негізінде әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай келетін еңбек жағдайына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқығы бар екенін назарда ұстауы қажет. Азаматтардың жалақыны өндіріп алу туралы талап қоюды берген кезде қорғалуға жататын мүліктік емес құқықтарының да бұзылуына әкеп соғатын жұмыстан заңсыз шығару, жалақыны уақтылы төлемеу жұмыскердің еңбегі үшін сыйақы алуға конституциялық құқығын бұзу болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 951, 952-баптарын және адалдық, парасаттылық және әдiлдік қағидаттарын негізге алып, сот талап қоюдың моральдық залалды өндіру бөлігі тек 100 000 теңге мөлшерінде ішінара қанағаттандыруға жатады деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында, сот актілерін өзгертіп, бұйрықты заңсыз деп тану, лауазымға қайта орналастыру, талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 444 09 теңге орташа айлық жалақы, 100 000 теңге моральдық залал өндіру туралы талап қоюдың бөлігін ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруға, басқа бөлігінде күшінде қалдыруға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандыруға жатады. АПК-нің 243-бабына сай қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы, жұмысқа қайта орналастыру туралы шешімдер дереу орындалуға жататындықтан, талап қоюшыны жұмысқа қайта орналастыру және оның жалақысын өндіру туралы шешім дереу орындалуға тиіс.

Тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылғандықтан АПКнің 117-бабының 3-бөлігіне сай, сот шығыны бюджет қаражаты есебіне жатқызылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Ақтөбе қалалық сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

Талап қоюшы Нурлан Тукеновтың жауапкер «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне талап қоюдан бас тарту туралы шешім мен қаулы өзгертілсін, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

«Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 25 қырқүйектегі №02-04/28 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылсын.

Нурлан Тукенов «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директордың орынбасары лауазымына қайта орналастырылсын.

«Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Нурлан Тукеновтың пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 444 069 (бір миллион төрт жүз қырық төрт мың алпыс тоғыз) теңге орташа айлық жалақы, моральдық залал 100 000 (бір жүз мың) теңге өндірілсін. Шешім мен қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Қаулының жұмыс орнына қайта орналастыру және үш айдан аспайтын жалақы 722 035 (жеті жүз жиырма екі мың отыз бес) теңгені өндіру туралы бөлігі дереу орындалсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А.К.Рамазанова судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.