ВС РК - Постановление от 30.03.2022 по делу 6001-22-00-3гп/57 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/57

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 30 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Г.Қ.Жүсіпбекова, Б.Ж.Тоқтарова,

талап қоюшының өкілі – А[...],

жауапкерлердің өкілі – Ә[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференц байланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер «Байқоңыр» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ), «НұрРай» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) мүлікті кепілден босату туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы А[...] келтірген өтінішхатымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, онда «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нен алған 3 455 267 теңге несиесін толық өтегендіктен 2015 жылғы 6 қазандағы № 02-ЮД-2015 үш жақты шартқа сәйкес кепілге қойылған Қызылорда қаласы, [...] мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлікті (бұдан әрі - даулы мүлік) кепілден босатуды сұраған.

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімімен А[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 6 қазандағы № 03/3 заем шартына сәйкес, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-не 10 500 000 теңге 43 айға заем берген.

2014 жылғы 25 ақпандағы, 2018 жылғы 29 мамырдағы, 2018 жылғы 18 маусымдағы жасалған несие шарттары бойынша талап қоюшы А[...] жауапкер «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нен жалпы 3 455 267 теңге несие алған.

А[...] заемшы «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нің заем шарты бойынша міндеттемелерін орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 2015 жылғы 6 қазандағы № 02/ЮД-2015 кепіл шарты негізінде меншігіндегі даулы мүлікті кепілге берген.

Осы кепіл шарттың 5.3 тармақшасы бойынша аталған шарттың қолданысы заем алушының заем шарты бойынша барлық міндеттемелері орындалған жағдайда тоқтатылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 322-бабының 1- тармағының 1) тармақшасына сәйкес, кепiл кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер орындалғанда тоқтатылады.

А[...] «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нен алған 3 455 267 теңге несиесін толық өтегенін көрсетіп, осыған орай даулы мүлікті кепілден босатуды сұраған.

Алайда, даулы мүлік «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нің заем беруші «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен жасалған заем шарты бойынша заем алушының міндеттемелерін орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепілге қойылған.

Қазіргі кезде «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» 2015 жылғы 6 қазандағы № 03/3 заем шарты бойынша 10 500 000 теңге заемды қайтару туралы міндеттемені орындамаған.

Осыған орай, жергілікті соттар талап қоюшы «Нұр-Рай» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нен алған 3 455 267 теңге несиесін төлеп құтылғанымен, үш жақты жасалған кепіл шартына сәйкес даулы мүлік кепілге қойылғандықтан, сол кепіл шартының талаптары толық орындалғанша даулы мүлік кепілден босатылуға жатпайтынын көрсетіп, А[...] талап қою арызын дұрыс қанағаттандырусыз қалдырған.

Істің мұндай тұрғысында дауланып отырған сот актілері заңды және негізді болып табылады.

Жергілікті соттармен іске қатысты барлық құқықтық маңызы бар мәнжайлар дұрыс айқындалған. Тараптардың уәждері толығымен тексерілген және ұсынылған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.

Жоғарыда айтылғандарды басшылыққа ала отырып, сот алқасы өтінішхатта келтіріліп отырған сот актілерінің күшін жоюға құқықтық негіздер жоқ деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сол алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 мамырдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы А[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Шәріпов

Судьялар Г.Жүсіпбекова

Б.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Жүсіпбекова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.