ВС РК - Постановление от 27.11.2023 по делу 6001-23-00-3Г/5324 (Гражданское)

6001-23-00-3г/5324

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 27 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Батыс Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер Жаңақала ауданының әкіміне, «Жаңақала ауданы жер қатынастар бөлімі» ММ-ге, З[...] шаруа қожалығына жер учаскесін жалға беру туралы шартты, сыйға тарту шартты, жер учаскесін жалға беру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешімін және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жауапкерлерге жүгінген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осы соттың 2023 жылғы 28 наурыздағы ұйғарымымен 2022 жылғы 28 мамырдағы №901 сыйға тарту және 2022 жылғы 30 мамырдағы №48 жер учаскесін жалға беру шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюшының талап қоюының бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, материалдық заң нормаларының бұзылғанын алға тартып, соттың тұжырымдары істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, осыған байланысты сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.

АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімдігінің 2015 жылғы 3 қыркүйектегі №213 қаулысымен З[...] шаруа қожалығын жүргізу үшін Жаңақала ауданы, Меңдешев ауылдық округі, «Балғын» қыстауы маңынан көлемі 1038 га жайылым, 2 га басқа жерлер, Жаңажол ауылдық округі, «Теңдік» қыстауы маңынан 458 га жайылым, 2 га басқа жерлер, барлығы 1500 га жер учаскесі өтеулі жер пайдалану құқығымен 49 жылға жалға берілген.

2015 жылғы 14 қыркүйекте «Жаңақала ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ-сі мен З[...] шаруа қожалығы арасында №96 жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

2022 жылғы 6 мамырда З[...] шаруа қожалығы аталған жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы 2022 жылғы 4 мамырдағы өтініші негізінде Жаңақала ауданы әкімдігінің № 87 жер учаскесін арнаулы жер қорына алу туралы қаулы шығарылған.

2022 жылғы 28 мамырда З[...] ШҚ-ғы мен А.С.«С[...]» ШҚ арасында Меңдешев ауылдық округі, «Балғын» қыстауы маңындағы, 1040 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сыйға тарту шарты жасалған.

Осы ретте 2022 жылғы 30 мамырдағы № 48 жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) «Жаңақала ауданы жер қатынастар бөлімі» ММ-і мен «С[...]» ШҚ-ның арасында жаңа шарт жасалған.

2022 жылғы 15 шілдеде Департамент «Жаңақала ауданы әкімі аппараты» ММ-ге қатысты тексеріс жүргізген, бұл туралы тексеру нәтижелері туралы №57 акт толтырылған.

Жер учаскесінің сауда-саттықсыз берілгенін, бірақ талап қоюшы өз міндеттемесін тиісінше түрде орындамағанын ескеріп, соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 177, 178, 180-баптарының талаптарына сүйеніп, талаптың ескіруіне байланысты талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 14бабының 4-тармағының 1), 4) тармақшаларына сәйкес аумақтық бөлімшенің құзыретіне жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жатады.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 144-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес нақты тексеру әрекеттері мемлекеттік мекемелер немесе жеке және заңды тұлғалардың

өтініштері түскен кезде, яғни тексеруге негіз болған кезде ғана жүзеге асырылады.

Өтініш хат иесі Департамент 2022 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің өңірлік құрылымы болып құрылғанын, Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік мекемелер тек өтініштер түскен кезде ғана тексеру әрекеттерін жүзеге асыратынын, осы ретте У[...] 2022 жылғы 17 маусыдағы арызы негізінде тексеру жүргізілгенін жергілікті соттар ескермей, «Жаңақала ауданы әкімі аппараты» ММ-нің қаулылары Жер кодексінің нормаларына қайшы келетініне заңды баға бермей, талап қоюдың ескіру мерзімін қолданғанына назар аударған.

Арызданушы өтінішхатында жергілікті атқарушы органның заң бұзушылықты уақтылы анықтамауының бірден-бір себебі - сол кезеңде жоспардан тыс тексеру немесе бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізілмегендігі туралы уәж келтірген.

Себебі, Департамент бақылау жүргізетін субъектісі болып Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде нақты айқындалған талаптарға сәйкес тексеру жүргізеді.

Кәсіпкерлік кодекстің 137-бабына сәйкес бақылау және қадағалау органы осы Кодекстің 143-бабының 3-тармағына сәйкес бақылаудың және қадағалаудың нақты субъектісіне (объектісіне) қатысты жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтардың профилактикасына, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне олардан төнетін қатердің профилактикасы мен алдын алу мақсатында олардың жасалу себептері мен жағдайларын жою үшін ұсынымдар беруге бағытталған бақылау мен қадағалау, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау болып табылады. Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес, осы баптың 1-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықтарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады деп анық жазылған.

Аталған баптың 6-тармағына сәйкес жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу, оның ішінде электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.

Осы ретте, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 290 бұйрығымен Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды,

аукциондарды), оның ішінде электрондық түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидалары бекітілген.

Алайда, Жаңақала ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 3 қыркүйектегі №213 қаулысымен берілген жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмеуі, бұл жер учаскелері сауда-саттық (аукцион, конкурс) тәсілі арқылы берілуі тиіс болатыны анықталғанын арызданушы өтінішхатта көрсеткен.

Электрондық іс материалдарын алдын-ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 28 наурыздағы шешімін және Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ш.Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.