Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/1002 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1002 №6003-25-00-2к/1002 (2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.С.Алпысова, А.О.Тогумбетова, прокурор А.С.Камашевтың,

талап коюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер жеке кәсіпкер Л.Е.Конопьянованың өкілі М.Т.Турубаевтың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің жауапкер Лэйлэ Ергалиевна Конопьянова жеке кәсіпкеріне (бұдан әрі - Кәсіпкер) ақшалай өтемақы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүліктен мәжбүрлеп иеліктен шығару және жылжымайтын мүлік объектісін босату туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі тараптар өкілдерінің Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Астана қаласы әкімдігі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Кәсіпкердің меншік құқығындағы Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Ш. Уәлиханов көшесі, 22/2 үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-150, жалпы ауданы 0,0566 га, оның ішіндегі үлесі 0,0266 га, жер учаскесі мен онда орналасқан жылжымайтын мүлік объектісі (бұдан әрі - Объект) 235 731 708 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Кәсіпкер ақшалай өтемақы алғаннан кейін Объектіні босатуға міндеттелген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7 қарашадағы қаулысының күші жойылып, азаматтық іс Астана қалалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жолданған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысымен Астана қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы шешімі өзгертіліп, Астана қаласы әкімінің талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Кәсіпкердің меншік құқығындағы Объектіге 482 749 367 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Кәсіпкер ақшалай өтемақы алғаннан кейін Объектіні босатуға міндеттелген.

Талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Жауапкердің апелляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында қабылданған сот қаулысымен келіспей, оны өзгертіп, Объект үшін төленетін өтемақыны 171 007 348 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында сот қаулысын өзгертіп, Объект үшін төленетін өтемақы сомасын 449 133 216,8 теңге, жіберіп алған пайда сомасын 279 295 000 теңге, барлығы 728 428 217 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Тараптар өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, прокурордың сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Азаматтық істің құжаттарына қарағанда Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2023 жылғы 22 тамыздағы №510-1696 қаулысымен Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Ш.Уәлиханов және С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында орналасқан, жалпы ауданы 0,4100 га жер учаскесі, сызба мен қосымшаға сәйкес «Абаттандыруға арналған учаске» ретінде іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатқызылған.

Алынатын жер учаскесінің шекарасында жауапкердің жеке меншігіндегі Объект орналасқан.

2024 жылғы 21 ақпанда жауапкердің меншігіндегі Объект мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатындығы (сатылатындығы) туралы хабарлама тапсырылған.

2024 жылғы 11 сәуірде талап қоюшы иеліктен шығарылатын мүлік үшін 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны жауапкерге ұсынған.

Жауапкер Объектіні мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.

Талап қоюшы талап қоюмен сотқа жүгініп, соттан жауапкердің меншік құқындағы Объект үшін 171 007 348 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлей отырып, оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп жауапкердің иелігінен шығаруды және босатуды міндеттеуді сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматық кодексінің 255-бабының 1- тармағына сәйкес мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.

Апелляциялық сот істі жаңадан қарағанда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, Объектінің нарықтық құнын анықтау үшін сот сараптамаларын тағайындаған.

Комиссиялық құрылыс-тауартану сот сараптамасының 2025 жылғы 22 мамырдағы №4093 қорытындысымен Объектінің нарықтық құны 379 281 062 теңге болып анықталған.

2025 жылғы 30 маусымдағы №6721 қосымша комиссиялық құрылыстауартану сот сараптамасының қорытындысына сәйкес Объектінің нарықтық құны 482 749 367 теңгені құраған.

«Соттардың мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 13 тармағына сай соттар ақшалай өтемақының мөлшерін анықтау туралы дауларды қарау кезінде мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығаруға байланысты меншік құқығының тоқтауына орай келтірілген шығындарды меншік иесіне өтеудің барлық мәселелерін шешеді, бұл орайда, Заңның 67-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлік оның нарықтық бағасы негізге алына отырып бағаланады.

Иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы туралы мәселені зерттей отырып, соттар Заңның 67-бабының ережелерін ескеруге тиіс. Объектілердің нарықтық құнын айқындау кезінде бағалау жүргізуге, қолданылатын тәсілдер мен әдістерге, бағалау туралы есептердің мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды белгілейтін Заңның 67-бабының 3-тармағын, 208-бабын, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Заңды және бағалау қызметі саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу керек.

Апелляциялық сот аталған сот қорытындыларын негізге алып, өтемақы мөлшерін түпкілікті 482 749 367 теңге мөлшерінде дұрыс анықтаған. Өйткені, бұл қорытындылар арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделген, бірнеше әдістемелерді қолданып, сарапшылар Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде жасалынған және қорытындылар «Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау» бағалау стандартына сәйкес келеді. Апелляциялық соттың тұжырымдары мен уәждемелері дау айтылған сот актісінде толық көрініс тапқан. Сот актісін зерделеу, апелляциялық соттың ұстанымы, іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.

Тараптар өкілдерінің кассациялық шағымдарында келтірген уәждерін кассациялық сот негізсіз деп табады. Дауланған сот актісінде оларға тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген, сот тұжырымы жоққа шығарылмаған және де нақты қандай заң нормаларының бұзылуы орын алғаны көрсетілмеген.

Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісін өзгертуге негіз жоқ деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының және жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Алпысова А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.