6003-26-00-2к/418(2)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева,
судьялар А.О.Тогумбетова, А.К.Тлеубаева,
прокурор М[...], талап қоюшының өкілі К[...], жауапкер Ж[...] және оның өкілі Б[...], қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы « Талғар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Мекеме) жауапкер Ж[...] жер учаскесін жалға беру шартын бұзу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің өкілі Б[...] Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 30 қыркүйектегі шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған, Алматы облысы, [...] аумағында орналасқан, кадастрлық нөмірі [...] Мекеме мен Ж[...] арасында 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №1135 жалға алу типтік келісім шарты бұзылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер Ж[...] өкілі Б[...] кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер Ж[...], оның өкілі Б[...], шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі К[...], талап қоюшының осы талаппен сотқа жүгінуге өкілеттігі жоқ болғандықтан сот актілерінің күші жойылуға жатады деген прокурордың қорытындысын тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2012 жылғы 22 мамырдағы № 05-498 Талғар ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде шаруа қожалығын жүргізу үшін Ж[...] жер учаскесін жалға беру шартымен 49 жыл мерзімге жалпы
көлемі 18,0000га оның ішінде 9,1000 жайылымдық алқабы пайдалануға берілген.
Мекеме мен жауапкер 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №1135 жалға беру шарты жасалып, кейіннен жер кадастры бөлімімен жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік акт рәсімделген.
Талап қоюшы талабында аудандық ветеринария станциясының жер пайдаланушыға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларының басы туралы мәлімет алуға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасына сәйкес, жер пайдаланушы Ж[...] атында ауыл шаруашылығы жануарларының басы туралы ақпарат тіркелмегені анықталған деп негіздеп, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 401-бабының 2-тармағының, 402-бабының талаптарын сақтай отырып, шартты бұзуды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Ж[...] жер учаскелерін мақсаты бойынша, яғни шаруа қожалығын жүргізуге пайдаланбағаны, өз дәлелін тапты деген қорытындыға келген. Шарттың 3.2-тармағында көрсетілгендей, жалға алушы жерді оның нысаналы мақсатына сәйкес және осы шартта көзделген тәртіппен пайдалануы қажет. Осылардың негізінді бірінші сатыдағы сот жауапкер тарапынан жалға берілген жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқандығын, шартта көзделген міндеттемелер орындалмағанын назарға алып, талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген. Апелляциялық сатыдағы сот, соттың бұл тұжырымымен толықтай келіскен.
Алайда, жергілікті соттардың бұл тұжырымы келесі себептермен негізсіз.
Расында да Ж[...] Талғар ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 05-498 қаулысы негізінде шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін жалға беру шартымен жалпы көлемі 18,0000га оның ішінде 9,1000 жайылымдық алқабы 49 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығымен жер учаскесі берілген және шарт жасалған.
Жер учаскесінің нысаналы мақсаты жекеше орман өсіру болып көрсетілген.
АК-нің 401-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде бұзылуы мүмкiн.
Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.
Елеулі бұзушылық дегеніміз бұл шарттың мәнін жоғалтуға әкеп соғатын және екінші тараптың мүдделеріне елеулі нұсқан келтіретін бұзушылық.
Елеулі бұзушылық ұғымы кеңейтілген түсіндіруге жатпайды.
Сондықтан, соттар істі қарау барысында бұзушылықтың сипаты мен дәрежесін, келтірілген залалдың көлемін, тараптардың шарт бойынша күткен нәтижеден қаншалықты айырылғанын талдамаған. Осылайша Ж[...] қандай елеулі бұзушылыққа жол жіберілгені туралы іс бойынша нақты құқықтық баға бермеген.
Сонымен қатар, соттардың жауапкерге жалға берілген жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайды деген дәйегі негізсіз.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 17-2 тармағына сәйкес соттар жалға алушы немесе меншік иесі келіспеген жағдайда мақсаты бойынша пайдаланылмауына не заңнаманы бұзып пайдалануына байланысты жер учаскесін жалдау және сатып алу-сату шартын бұзу сот тәртібімен жүргізілуі мүмкін емес екенін ескеруге тиіс, өйткені Жер кодексінің 92 және 93-баптарында жер учаскесін мәжбүрлеп алып қоюдың арнайы рәсімі айқындалған.
Жер учаскесін алып қою рәсімі белгілі бір мерзім мен тәртіптің сақталуын көздейді, белгілі бір дәлелдемелерді ұсынуды міндеттейді. Мұндай талаптар, әдетте, жалдау, сатып алу-сату шарттары жағдайында қамтылмайды.
Демек, Жер кодексінің 92 және 93-баптарының талаптарына сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскесі сот тәртібімен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Жергілікті соттар тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, «Талғар ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жер учаскесін жалға беру типтік келісім шартын бұзу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деп есептейді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2025 жылғы 30 қыркүйектегі шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
« Талғар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жер учаскесін жалға беру шартын бұзу талап қоюы туралы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын. Жауапкердің өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Л.Б.Мамырбаева Судьялар: А.О.Тогумбетова
А.О.Тогумбетова
А.К.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.