ВС РК - Постановление от 11.11.2024 по делу 6001-24-00-3Г/5649 (Гражданское)

6001-24-00-3г/5649

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж. Бектұрғанов талап қоюшы Нұрлан Тұрғанбекұлы Іздібаевтың жауапкер «Тамерлан Моторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) 59 500 000 теңге материалдық шығынды, 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі соталқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысына талап қоюшыныңкелтірген өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Н. Іздібаев сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 24 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер «Тамерлан Моторс» ЖШС-нан талап қоюшы Н. Іздібаевтың пайдасына 58 000 000 теңге материалдық шығын өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.

Сот шығыстарын бөлу туралы мәселе шешілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, талап қоюшы Н. Іздібаевтың жауапкер «Тамерлан Моторс» ЖШС-дан материалдық шағынды өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 15 маусымда А. Жакешева мен «Тамерлан Моторс» ЖШС-і арасында № 191 санды автокөлікті сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - Шарт) жасалып, шартқа сәйкес А. Жакешева «Toyota Land Cruiser 300» маркалы 2022 жылғы, VIN JTMABABJ004034331, ақ түсті автокөлігін (бұдан әрі - автокөлік) 58 000 000 теңгеге сатып алған.

Шарттың 5 тарауында кепілдік (гарантия) жасалғаны туралы көрсетілген.

Шарттың 5.3.-бабына сәйкес кепілдік мерзімі сатып алушы автокөлікті қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған күннен бастап 3 (үш) жылды құрайды, сонымен қатар автокөлікті кепілдік қызмет көрсету нұсқаулығын кепілдік тіркеу талонында 100 000 км аспайтын кепілдік шақырымды белгіленген кезге дейінгі мерзімді (екеуінің қайсысы бірінші орын алғанға байланысты) құрайды деп көрсетілген.

2022 жылғы 18 маусымда тараптар арасында Шарттың № 2 қосымшасына сәйкес автокөлікті қабылдау-тапсыру актісі жасалған.

2022 жылғы 14 қазанда Н. Іздібаев аталған автокөлікті сатып алусату шарты негізінде иемденген.

2023 жылғы 4 қазанда «Jusan Garant» акционерлік қоғамы сақтандыру компаниясы (бұдан әрі - Сақтандыру компаниясы) және Н. Іздібаев арасында автокөлікті бірегей сақтандыру полисі жасалған. Сақтандыру полисіне сәйкес сақтандыру компаниямен сақтандыру төлемі, сақтандыру оқиғасы жол-көлік оқиғасынан келтірілген, сондай-ақ өрт, жарылыс, дүлей күштерінен, пилоттық-ұшу аппараттарының түсуінен, үшінші тұлғалардың бүлдіруінен келтірілген мүліктік зиян келген жағдайда жүргізіледі. Сақтандыру полисі талабына сай сақтандыру төлемі автокөліктің электр және басқа да құрылғыларының, оның ішінде электр жалғаулары мен өздігінен орнатылған қосымша құрылғылар (сигнализация, автомагнитола және т.б) бойынша электр сымдарының тұйықталуынан болған өрт жағдайында төленуге жатпайтыны көзделген.

2023 жылғы қазан айының 16-нан 17-не қараған түні сағат 3:20 шамасында талап қоюшының тұрғылықты жері, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылы, Мүсірбаев көшесі № 34 үйдің мекенжайы бойынша автокөлік өртеніп, мақсатты пайдалануға жарамсыз күйде қалған.

Бұл уақытта 2022 жылғы 15 маусымдағы № 191 санды автокөлікті сатып алу-сату шартының 5 тарауының 5.3-бабына сәйкес кепілдік мерзімі өтпеген.

Аталған факті бойынша Қармақшы аудандық полиция бөлімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігінің 1)-тармағымен СДТБТ-не №234346031000116 санымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп тексеру іс әрекеттері басталған.

Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында өрт-техникалық сараптама тағайындалып, аталған сараптаманың 2023 жылғы 17 қарашадағы № 2344 санды қорытындысына сәйкес автокөлікте өрттің шығу себебі ретінде автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсымен және подкрыльник үстімен жүргізілген электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен электр сымдарының бойында үлкен кедергілердің өтуі салдарынан орын алу мүмкін, өрттің шығу ошағы автокөліктің жүру бағыты бойынша, автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсында орналасқан, айғақ затынан тез жанғыш сұйықтық белгілері (бензин немесе солярка) анықталмағаны көрсетілген.

2023 жылғы 27 қарашадағы Қармақшы аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы қабылданған.

2023 жылғы 15 желтоқсанда сотқа дейінгі тәртіппен талап қоюшы жауапкерге өрт оқиғасы орын алуына байланысты кепілдік талаптарына сәйкес дәл сондай автокөлікті табыстауды сұрап өтінішхат жолдаған.

2024 жылғы 11 қаңтарда «Тамерлан Моторс» ЖШС-нің жауап хатында автокөліктің өртенуіне қатысты «Тайота Мотор Қазақстан» ЖШС-нің дистрибьюторының мамандары тексергеннен кейін нақты жауапты берілетіні туралы хабарланған.

2024 жылғы 29 ақпанда № 057 санды «ЭКОП» сараптық-кешендік бағалау кәсіпорны» ЖШС-нің қорытындысында өрт шығу ошағы алдыңғы сол жақ қанаттың үстіндегі қозғалтқыш бөлімінде орналасқан және автокөлігінің өртінің техникалық себебі неде екенін қорытындының зерттеу бөлігінде көрсетілген себептер бойынша анықтау мүмкін емес деп көрсеткен.

2024 жылғы 29 наурызда «Тамерлан Моторс» ЖШС-нің маманының қортындысында өрт ошағы көрсетілген жерде, автокөлік жұмыс істемей өшірілу тұрған кезде, автокөліктің техникалық регламентіне сәйкес қозғалтқыш бөлігінде жүріп өткен мұндай ағымдағы тоқ қуаттары, қысқаша тұйықталуды тудырмайды және осындай ағымдағы (0,3 мА - 0,5 мА) тоқ қуаты өткен сымдарда қысқаша тұйықталу болған жағдайда, сымдардың бойында өрт тудыруға лайықты, балқыған сымдардың іздері қалыптаса алмайды деп көрсетілген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, автокөліктің сапасы жағынан кеткен кемшіліктер өндірушімен жіберілген, кепілдік шарт талаптарына сай өндірушіге жүктелетін міндеттер сатушыға да жүктеледі, жауапкер «Тамерлан Моторс» ЖШС-мен берілген кепіл мерзімі өтпеген, сондықтан талап қоюшы Н. Іздібаевтың талап қоюы негізді деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, өрттің орын алуына себеп болған электр сымдарының қысқаша тұйықталуының орын алуы мен электр сымдарының бойынан үлкен кедергілердің өтуінің техникалық себептерін анықтау үшін тексеруге жататын дәлелдемелерді анықтап, оларды қосымша сараптамалар тағайындау арқылы зерттеу жүргізудің қазіргі уақытта мүмкіндігі жоқтығын және автокөліктің оқиға орнынан басқа жерге ауыстырылғанын негізге алып, талап қоюшы Н. Іздібаевтың жауапкер «Тамерлан Моторс» ЖШС-дан материалдық шағынды өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, сот алқасымен «ЭКОП» ЖШС-і жүргізген 2024 жылғы 29 ақпандағы № 057 қорытындысы басшылыққа алынғанын, ал

аталған қорытынды оқиға орын алғаннан кейін 4-5 айдан соң өткізілгенін көрсеткен.

Бұл уақытта автокөлік оқиға болған жерден ауыстырылған.

Сонымен бірге, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы 2023 жылғы 27 қарашадағы қаулыға сәйкес, оқиға болған жерден алынған айғақты заттар, бөтеннің мүлкін қасақана өртеу жолымен жасалынған қылмысты ашу мақсатында жүргізілген оперативтік шұғыл шаралар, оқиғадан соң дереу тағайындалған сот сараптама қорытындысы автокөліктің өртенуіне сыртқы әрекет немесе күштердің себебі жоқ екені, өртену себебі автокөлік қозғалтқышының сол жақ тұсымен және подкрыльник үстімен жүргізілген электр сымдарының қысқаша тұйықталуы мен электр сымдарының бойынан үлкен кедергілерінің өтуі салдарынан орын алу мүмкіндігі негізге алынып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармақшасының талабына сәйкес оқиғада қылмыс құрамының болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылған.

Атап айтқанда, даулы автокөліктің басқа сырттағы күш-әрекеттен өртену болжамы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату қаулысымен теріске шығарылған.

Қазіргі уақытта оқиға мән-жайларын анықтау үшін іс бойынша алынған сот өрт-техникалық сараптамасының 2023 жылғы 17 қарашадағы № 2344 санды қорытындысы және Қармақшы аудандық полиция бөлімінің 2023 жылдың 27 қарашадағы № 234346031000116 санды қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысы дауланбаған.

Өтінішхат иесінің пікірінше, апелляциялық сатыдағы соты даулы автокөлікке жауапкердің өз бастамасымен жүргізілген «ЭКОП» ЖШС-нің маманы Ш. Шоэргазовтың қорытындысын басшылыққа алып, біржақты шешім қабылдаған.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 тамыздағы қаулысына келтірген талап қоюшының өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.