ҚАУЛЫ
2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-4к/2544 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
жауапкердің өкілі Б.Ж. Онгарованың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Габит Сатыбалдиевич Калиевтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) қатысты көлік құралын бастапқы тіркегені үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесін қолдану арқылы тіркеуден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, өзінің уәждерін жауапкер тарапынан көлік тіркеуден негізсіз бас тартқанымен негіздеген.
МАӘС-тің 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрай отырып, талап қоюда көрсетілген сол бір мән-жайларға, уәждер мен негіздерге сілтеме жасаған.
Мүдделі тұлғалар тарапынан істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттар келіп түсті.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 30) тармақшасына сәйкес көлік құралын мемлекеттік тіркеу – құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстырып тексергеннен кейін көлік құралын тіркеу туралы куәлікті бере отырып және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін бере отырып уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру рәсімі.
Заңның 68-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес, көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалған (енгізілген) тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулардың және шектеулердің болуы негіз болып табылады.
Көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың тәртібі мен шарттары «Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды, сондай-ақ көлік құралдарының санаттарын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату шарттары мен мерзімдерін, қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 9 қаңтардағы №13 қаулысымен (бұдан әрі – Қағидалар) реттеледі. Қағидалардың 7, 8, 9-тармақтарына сәйкес, уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген құжаттардың сканерленген көшірмелерімен бірге өтініш, сондай-ақ тексеріп-қарау және көлік құралының нөмірлік агрегаттарын салыстыру нәтижелері түскеннен кейін іздеуде жүргені, көлік құралына салынған шектеулер мен ауыртпалықтардың бар-жоғы тұрғысынан өтініш беруші мен көлік құралын екі жұмыс күні ішінде тексереді және осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган: 1) көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдануды мақұлдау; 2) көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Өтініш мақұлданған жағдайда көлік құралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларында көзделген тәртіппен бастапқы мемлекеттік тіркеуге жатады. Қағидалардың 13-тармағына сәйкес (даулы құқықтық қатынастар туындаған күнгі жағдай бойынша) көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатып, оларды бастапқы тіркегені үшін 200000 теңге мөлшеріндегі алым мөлшерлемесін қолдану үшін өтініштер қабылдау осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап және 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асырылады. Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде берілген өтініштер осы Қағидаларға сәйкес 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін қаралады.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2020 жылғы 23 шілдедегі №RM00294212 көлік құралын тіркеу туралы куәлікке сәйкес Г.С. Калиевке «NISSAN X-TERRA» маркалы көлік құралына, шанақ нөмірі (VIN) 5N1AN0NW2CC515230, мемлекеттік тіркеу нөмірі A097912, меншік құқығы тиесілі. «Ерекше белгілер» бағанында: өзге тұлғаның атына тіркеуге жатпайды деп көрсетілген.
Мемлекеттік сот орындаушысының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен Г.С. Калиевке жылжымалы және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару бойынша әрекеттер жасауға тыйым салынған.
Аталған шаралар Г.С. Калиевтен 13 842 648 теңге сомасын өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қолданылған.
Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары 2024 жылғы 3 қыркүйектегі сот орындаушысының қаулысымен күшін жойған.
2025 жылғы 14 наурызда Г.С. Калиев көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесін 200 000 теңге көлемінде қолдану туралы өтінішпен жүгінген.
2025 жылғы 26 наурыздағы тыңдау хаттамасына және Департаменттің тиісті хатына сәйкес Г.С. Калиевтің өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған.
Бас тартуға негіз ретінде мұндай сипаттағы өтініштерді беру және қарау үшін белгіленген мерзімдердің өтіп кетуі, сондай-ақ аталған рәсімнің аяқталғаны көрсетілген. Өтініштерді қабылдау 2023 жылғы 1 шілдеге дейін, ал оларды қарау 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылған. Г.С. Калиев шет мемлекет аумағынан әкелінген көлік құралын заңда белгіленген тәртіппен, жалпы негіздерде және тиісті құжаттарды қоса отырып тіркеу құқығы түсіндірілген.
Төмен тұрған соттар істі қарау барысында дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Қағидаларда көзделген мерзімдердің өтіп кетуіне байланысты көлік құралын 200 000 теңге мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдана отырып тіркеуге негіздер болмағанын көрсеткен.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, жалпы алғанда сот актілерінің заңдылығы туралы қорытындыға келеді, ал олардың негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді.
Анықталған мән-жайлардан Г.С. Калиевке шет мемлекеттің аумағынан әкелінген көлік құралы тиесілі екені көрінеді. Тіркеу туралы куәлікте «ерекше белгілер» бағанында оның өзге тұлғаның атына тіркеуге жатпайтыны көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Үкіметімен Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босату тәртібі мен шарттарын реттейтін Қағидаларды әзірлеген.
Қағидаларда аталған рәсімді іске асыру үшін шектеулі мерзімдер көзделген, атап айтқанда өтініштерді қабылдау 2023 жылғы 23 қаңтардан (күшіне енгізілген күнінен бастап) 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жүзеге асырылған, ал оларды қарауға 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жол берілген.
Алайда Г.С. Калиев өтінішті тек 2025 жылғы 14 наурызда, яғни Қағидаларда белгіленген мерзімдерден тыс берген. Осыған байланысты талап қоюшымен даулаған бас тарту заңды болып табылады, ал жауапкер өзіне берілген әкімшілік қалау шегін қолдана отырып, көлік құралын тіркеуде 200 000 теңге мөлшеріндегі мөлшерлемені қолданудан негізді түрде бас тартқан.
Жоғарыда баяндалған тұжырымдар «Құқықтық актілер туралы» Заңның 11-бабының 1-тармағының ережелерімен өзара үйлеседі, оған сәйкес барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады. Қағидаларды бекіткен Үкіметтің жоғарыда көрсетілген қаулысында өтініштерді беру және қарау мерзімдері нақты айқындалған, сондай-ақ осындай әрекеттерді жүзеге асыруға болатын уақыт аралығы белгіленген.
Қағидаларда белгіленген мерзімдерден тыс көлік құралын тіркеуге мүмкіндік беретін ережелер де, сондай-ақ Департаментке осы нормаларды өз қалауы бойынша кеңейтілген түрде түсіндіруге өкілеттік беретін ережелер Қағидаларда көзделмеген. Осыған сәйкес, аталған нормалар тікелей қолданысқа жатады.
Талап қоюшының 2023 жылғы наурызда осындай мазмұндағы өтінішпен бұрын жүгінгені туралы уәждер назарға алынбайды, өйткені сол кезеңде 2022 жылғы 11 сәуірдегі сот орындаушысының көлік құралына шектеулер (ауыртпалықтар) салу туралы қаулысы қолданыста болған. Аталған қаулының болуы Қағидалардың 7-тармағының және Заңның 68-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының талаптарына сәйкес көлік құралын мемлекеттік тіркеуге кедергі келтірген әрі оны тіркеуден бас тартуға негіз болған.
Дау айтылып отырған әрекеттер уәкілетті органмен өз құзыреті шегінде, заңда белгіленген нысан мен тәртіпті сақтай отырып жасалған, ал көлік құралын тіркеуден бас тарту Заң мен Қағидалардың талаптарына негізделіп әрі соларға сәйкес қабылданған. Сонымен бірге кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының көлік құралын заңда белгіленген тәртіппен жалпы негіздерде тіркеу құқығынан айырылмайтынын және оны жоғалтпайтынын атап өтеді.
Кассациялық шағымда соттың тұжырымдарын қайта бағалау үшін заңдық маңызы бар, дәлелдемелерге негізделген қандай да бір өзге уәждер, сондай-ақ дауланып отырған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін бағалауға ықпал ететін не соттың қорытындыларын теріске шығаратын дәлелдер келтірілмеген.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіздер таппайды.
Осы мән-жайлар бойынша талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 мамырдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.