Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3279 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 18 желтоқсан №6003-25-00-2к/3279 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Ж.А.Абдрахманованың, жауапкер Л.Касымов пен оның өкілі А.К.Багисбаевтың, үшінші тұлға өкілі Ж.Ә.Дайрбаевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Сауле Исаевна Айнабаева (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «Қасым» шаруа қожалығы атынан әрекет етуші Леспек Касымовтан (бұдан әрі - жауапкер) регрестік тәртіпте қарызды және моральдық зиян өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкердің орнына несие қарызын төлегенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 12 157 044 теңге, мемлекеттік баж сомасы 121 570 өндірілген, талаптың моральдық зиян өндіру туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 298-бабының 1-тармағын, 329-бабының 1-тармағын, 332-бабының 2-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2020 жылғы 12 тамызда жауапкер мен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) арасында №1130ЮКФ-ЭПВ негіздемелік шарт түзіліп, несие алушыға (жауапкер) 2030 жылғы 12 тамызға дейін жалпы соммасы 13 900 000 теңге аналық бас ірі қара малдарын, аналық бас қойларды және аналық бас жылқыларды алу үшін несие берілген.

Несиелік міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында талап қоюшы кепілгер болып танылып, оған тиесілі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Ш.Уалиханов көшесі, №229 «А» үй, №22 пәтер сол күнгі кепіл шарты негізінде кепілге қойылған.

2022 жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша жауапкердің Қоғам алдындағы берешегі жалпы 17 794 890 теңгені құраған.

Осыған орай, Қоғам несиені өндіру жөніндегі талаппен сотқа жүгінген, алайда Түлкібас аудандық сотының 2023 жылғы 26 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою Қоғамның арызы негізінде қараусыз қалдырылған, себебі талап қоюшы мен жауапкер Қоғам алдындағы қарызды өз еріктерімен жабуға келіскен.

Талап қоюшы 2023 жылдан бастап несиені толығымен өзі төлеген, бұл мән-жай іске тіркелген төлем түбіртектерімен дәлелденсе, Қоғам өкілі сотта жауапкердің қарызы жоқ екенін бекіткен.

Тиісінше, АК-тің 298-бабының 1-тармағының негізінде талап қоюшыда кері талап қою құқығы пайда болған.

Дегенмен, АК-тің 951-бабының 4-тармағына сәйкес талап қоюшының мүліктік құқықтары бұзылуына байланысты моральдық зиян өтелуге жатпайды деген қорытындыға жергілікті соттар дұрыс келген.

Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкер Қоғам алдындағы міндеттемелерін орындамай, соның салдарынан бұл міндеттемелерді талап қоюшы орындағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы Түлкібас аудандық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Қасым» шаруа қожалығы атынан әрекет етуші Леспек Касымовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.