ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 сәуір № 6003-26-00-4к/72 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
талап қоюшы М.Ж.Бакировтың, талап қоюшы өкілі Д.С.Кожагаппаровтың, жауапкер өкілі Ғ.Жұмахметовтың, мүдделі тұлға Ақмола облысы әкімінің өкілі С.Зулкишевтің, «Қосшы қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.И.Таймасовтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Максат Жолдасович Бакировтың жауапкер Ақмола облысы Қосшы қаласының әкіміне қатысты 2024 жылғы 23 шілдедегі №110000007041 жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы қаулысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі мен Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлға Б.Жолдубаеваның кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы М.Ж.Бакиров жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Қосшы қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 шілдедегі № 110000007041 Б.Жолдубаеваға жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы қаулысы заңсыз деп танылып күші жойылған.
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, мүдделі тұлға Б. Жолдубаева кассациялық шағымында сот актілерінің күшін толық жоюды және талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот тараптардың және мүдделі тұлғалар өкілдерінің түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын және кассациялық шағымның уәждерін зерттей отырып, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 30 қарашадағы сату-сатып алу келісімінің негізінде талап қоюшы М.Ж.Бакиров Қосшы қаласы, Қалқаман көшесі, 1-үй мекенжайы бойынша жалпы алаңы 0,1000 га, кадастрлық нөмірі 01-011-016-5268 жер учаскесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйдің меншік иесі болып табылады. Тұрғын үй гараждан (Г), көмір сақтауға арналған құрылыстан (Г1) және шаруашылық құрылыстардан (Г2) тұрады.
2021 жылғы 22 сәуірде тұрғын үйдің бұрыңғы меншік иесі А.К.Абдрахмановамен өз бетінше салынған объектiлердi (гаражды, көмір сақтауға арналған құрылысты, шаруашылық құрылыстарды) пайдалануға қабылдау актісі жасалған.
М.Ж.Бакировтың кадастрлық нөмірлері 01-011-016-5268, 01-011-0165268:1/Г, 01-011-016-5268:1/Г1, 01-011-016-5268:1/Г2, 01-011-016-5268:1/А жылжымайтын мүлкіне, соның ішінде шаруашылық құрылыстарына меншік құқығы 2024 жылғы 19 қаңтарда аталған келісім негізінде заңда көзделген тәртіппен тіркелген.
Мүлік ортақ меншік және басқа меншік иесі талап қоюшының жұбайы А.Б.Бакирова болып табылады.
Б.Жолдубаеваға келесі жер учаскелеріне жеке меншік құқығы берілген:
Целиноград ауданы Қосшы ауылдық округі әкімінің 2018 жылғы 9 ақпандағы № 37 өкімімен Қосшы ауылдық округі, Қосшы ауылы, VIP городок ауданы, 63 Б мекенжайы бойынша орналасқан, жалпы көлемі 0,1000 га жер учаскесіне (кадастрлық нөмірі 01-011-016-5267);
Целиноград ауданы Қосшы ауылдық округі әкімінің 2018 жылғы 2 қарашадағы № 262 өкімімен Қосшы ауылдық округі, Қосшы ауылы, VIP городок ауданы, 63 Б мекенжайы бойынша орналасқан, жалпы көлемі 0,1516 га, соның ішінде бар жер учаскесі – 0,1000 га, қосымша – 0,0516 га жер учаскесіне (кадастрлық нөмірі 01-332-002-195);
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымын орындау мақсатында Қосшы қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 мамырдағы № 110000005711 қаулысымен Қосшы қаласы, Бәйтерек көшесі, 63 Б мекенжайы бойынша орналасқан жалпы көлемі 0,0197 га жер учаскесіне (кадастрлық нөмірі 01-332-002-542);
Қосшы қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 шілдедегі № 110000007041 қаулысымен Қосшы қаласы, Бәйтерек шағын ауданы, 63 Б мекенжайы бойынша орналасқан кадастрлық нөмірі 01-332-002-195 қолданыстағы іс жүзінде бар жер учаскесіне қосымша 0,0195 га жер учаскесіне (кадастрлық нөмірі 01-332-002-567).
Қосшы қаласы әкімінің 2024 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен кадастрлық нөмірі 01-332-002-195 жер учаскесінің нысаналы мақсаты «жеке қосалқы шаруашылықты жүргізуден» «жеке тұрғын үй құрылысына» ауыстырылған.
Целиноград аудандық мәслихаты сессиясының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 469/70-6 шешімімен бекітілген Целиноград ауданы Қосшы ауылдық округінің Қосшы ауылын салудың бас жоспарына сәйкес сұралып отырған жер учаскесі қолданыстағы жеке құрылыс аймағында орналасқан.
М.Ж.Бакировқа тиесілі кадастрлық нөмірі 010110165268 жер учаскесі мен Б.Жолдубаеваға тиесілі кадастрлық нөмірлері 01332002195, 01332002567 жер учаскелері бір-бірімен шекаралас екені анықталды, яғни олар жер учаскелерінің аралас меншік иелері болып табылады.
Сонымен қатар, «ЯСИ Рем Сервис» ЖШС-гі кадастрлық нөмірі 01-011016-010 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады. Бұл жер учаскесі мен жоғарыда көрсетілген жер учаскелері бір-бірімен шекаралас болып келеді.
2025 жылғы 15, 27 қантардағы далалық зерттеу актілеріне сәйкес М.Ж.Бакировқа тиесілі жер учаскесінде салынған қоршаудың және шаруашылық құрылыстардың бөлігі, нақты айтқанда, Г2 құрылыстың бөлігі дау айтылып отырған жер учаскесінде орналасқан, қабаттасу көлемі 0,0059 га құрайды.
Осымен, шаруашылық құрылыстардың бөлігі 2021 жылдың сәуір айынан бастап мемлекеттік меншіктегі жерлерде орналасқан, оған қарамастан бұл жер кейін 2024 жылы Б.Жолдубаеваға бос жер учаскесі ретінде берілген.
Талап қоюды қанағаттандыра отырып, төменгі сатыдағы соттар дау айтылып отырған қаулыны қабылдау кезінде талап қоюшының құрылыстарға қатысты меншік құқығы 2024 жылғы 19 қаңтарда тіркелгенін ескерген. Сонымен қатар, Б. Жолдубаеваға берілген жер учаскесінің шекарасы (алаңы 0,0059 га) құрылыстармен қамтылғаны анықталған, тиісінше осындай даулы жағдай туындауына байланысты жауапкер оған қосымша жер учаскесін беруден бас тартуға тиіс болатын.
Дау нысанасы болып отырған жер учаскесін құрылыстардан босатуға бағытталған іс-әрекеттер жердің меншік иесі болып табылатын әкімдік тарапынан жүргізілмеген. Б.Жолдубаеваға берілген жер учаскесіндегі құрылыстарға М.Ж.Бакировтың меншік құқығы жер учаскесін мүдделі тұлғаға беруден бұрын туындаған.
Құрылыстар орналасқан жер учаскесі жергілікті атқарушы орган тарапынан ондағы құрылысқа қатысты мәселелер толық шешілмей тұрып берілуі мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, бір жер учаскесіне немесе оның бір бөлігіне қатысты тең құқықтар туындаған жағдайда соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша айқындалатын жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын басшылыққа алуға тиіс.
Жауапкер өз қызметін жүзеге асыру барысында әкімшілік рәсімге қатысушылардың, соның ішінде әкімшілік рәсімге қатысатын мүдделі тұлғалардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ жер учаскелерінің меншік иелері арасында даулардың туындауына ықпал етпеуге тиіс.
ӘРПК-нің 84-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасының бұзылуы, егер мұндай бұзушылық дұрыс емес әкімшілік актінің қабылдануына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тануға негіз болып табылады.
Бұл ретте талап қоюшыға тиесілі құрылыстар мен қоршаудың бір бөлігі даулы жер учаскесінде орналасқандықтан, жауапкердің аталған жер учаскесін оны басқа тұлғаның жеке меншігіне беруі заң талаптарына сәйкес келмейді.
Кассациялық сот төмен тұрған соттардың осы қорытындыларымен келіседі, ал мүдделі тұлғаның уәждерін негізсіз деп табады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне қатысты сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімі мен Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға Б.Жолдубаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова Г.Ыдырысова Д.Нұрлыбаева
Судьялар
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.