Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2725 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-2к/2725 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.К.Калиакпаровтың, жауапкер өкілі Т.М.Сулеймановтың, үшінші тұлға өкілдері А.Б.Тлепбаеваның және А.М.Сансызбаеваның, аудармашы Р.А.Таласбаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Ар-ДаСервис НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны даулы шарт заңсыз жасалғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, тараптар арасында жасалған 2022 жылғы 30 маусымдағы №47173 жер учаскесін жалдау шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп танылған және Серіктестіктен мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік

құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Астана қаласы әкімдігінің (бұдан әрі - Әкімдік) 2017 жылғы 8 тамыздағы №197-1597 қаулысымен Серіктестікке асфальтбетон зауытын пайдалану үшін Алматы ауданы, Промышленный жм, Капал көшесі, №10 үй мекенжайы бойынша кадастрлық нөмірі 21-318-067-437, ауданы 3,1609 га жер учаскесіне (бұдан әрі - Даулы жер учаскесі) 5 жылға уақытша пайдалану құқығы беріліп, 2017 жылғы 11 тамызда Басқарма мен Серіктестік арасында №1996 жер учаскесін жалдау шарты жасалған.

Одан кейін, Әкімдіктің 2022 жылғы 24 маусымдағы №510-1924 қаулысына сәйкес Серіктестікке Даулы жер учаскесін жалдау құқығы 10 жыл мерзімге ұзартылып, осы қаулы негізінде Даулы шарт жасалған. «Астана қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Департамент) «Nurly Zhol Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арызы негізінде Басқармада жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде төмендегі заң бұзушылықтар фактілері анықталған. Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 107бабының 3-тармағында елдi мекендердің жерi тұрғын үй, әлеуметтік, коммерциялық, өзге де функционалдық аймақтарға бөлінетіні көрсетіліп, тұрғын үй аймағына және коммерциялық аймаққа жататын жерлердің сипаттамасы айқындалған.

Өз кезегінде, Кодекстің 109-бабына сәйкес қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың бас жоспарларына, егжейтегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларына сәйкес пайдаланылады.

Әкімдіктің 2017 жылғы 2 наурыздағы №120-419 қаулысының 1 қосымшасымен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау құжатында Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес Даулы жер учаскесінің функционалдық аймағы тұрғын үй аймағы деп белгіленген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы №33 қаулысымен Астана қаласын 2035 жылға дейін дамытудың бас жоспары бекітілген.

Яғни, Даулы жер учаскесі Астана қаласының егжей-тегжейлі жоспарлау құжатына сай тұрғын үй аймағына жатқызылғанына қарамастан Серіктестікке бастапқыда 2017 жылғы 11 тамыздағы шарт бойынша негізсіз жалға берілсе, одан кейін де Даулы шарт бойынша жалдау құқығы 10 жылға заңсыз ұзартылған.

Бұл факті бойынша Департамент тарапынан Басқармаға 2024 жылғы 14 қазанда №220 заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілген.

Басқарма ұсынысты орындау және бұзушылықтарды жою мақсатында Серіктестікке Даулы шартты бұзу жөнінде 2024 жылғы 3 желтоқсанда №51001-07/2006 хабарлама жіберген.

Бірінші сатыдағы сотпен жүргізілген көшпелі сот отырысында асфальтбетон зауыты іс жүзінде жұмыс істемейтіні және қараусыз қалғаны, әрекетсіз кәсіпорынға тән барлық сипаттамаларға ие, барлық ғимараттар тозған және жарамсыз күйде екендігі, Даулы жер учаскесі өнеркәсіптік көлемде қалдықтарды сақтау үшін және топырақты шығарумен бірге карьер ретінде пайдалануда екені анықталған.

Бұл жағдайда соттар Даулы шартқа дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтін мәміле даулы болып табылады және оны сот жарамсыз деп тануы мүмкін (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-тармағы).

Істің мұндай тұрғысында, яғни Даулы шарт жасасу барасында заң талаптарының бұзылуына жол берілгенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Ар-ДаСервис НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.