ВС РК - Постановление от 06.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/452 (Административное)

6001-22-00-6ап/452

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 6 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья С.Ұ.Баймаханов,

судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов болып,

талап қоюшы К[...], жауапкер С[...] қатысуларымен,

талап қоюшы К[...] жауапкер жеке сот орындаушы С[...] (бұдан әрі – жауапкер, ЖСО С[...]) қызмет ақысын бекіту, атқару өндірісін қозғау, борышкерге белгілі бір іс әрекеттер жасауға тиым салу туралы қаулыларының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы К[...] сотқа жауапкердің атқару өндірісін қозғау, қызмет ақысын бекіту, оны өндіру, борышкерге белгілі бір іс әрекеттер жасауға тиым салу туралы қаулыларының күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, материалдық құқық нормаларының бұзылуына орай талап қоюын қанағаттандыру туралы шешім шығара отырып, жауапкердің қызмет ақысын төлеу мерзімін 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап бекітіп беруді сұраған. Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының түсіндірмелерін, жауапкердің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын және шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша осындай негіздер бар.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ақтау қаласы №2 сотының 2021 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен К[...] мен А[...] «Банк Астаны» АҚ-ның (бұдан әрі – Банк) пайдасына 9 146 662 теңге қарыз өндірілген.

Аталған сот актісі ЖСО С[...] тапсырылып, оның 2021 жылғы 19 мамырдағы қаулысымен атқару өндірісі қозғалған.

ЖСО С[...] 2021 жылғы 20 мамырда борышкерлерге хабарлама тапсырылып, атқару құжатын орындау қажеттігі туралы ескертілген.

2021 жылғы 20 мамырда борышкердің банктік есеп-шоттары туралы ақпараттар сұрату жасалып, оларға оның қаулысымен тиым салынған.

2021 жылғы 7 маусымда борышкердің Түпқараған ауданы, Ш[...] ауылы, Т[...] көшесінде орналасқан №3/1 жер учаскесіне және Ақтау қаласы, 13-ш/а., 6-үй, [...] пәтеріне тыйым салынған; банктік есеп-шотына инкассалық өкім қойылған; К[...] жазбаша түсініктеме алынған; пәтеріне бағалау жүргізу қаулысы қабылданған.

Аталған қарыздың 4 000 000 теңгесін К[...] Банкке төлеп, қалған 5 146 662 теңгесі бойынша Банкпен медиативтік келісім жасасып, келісім соттың 2021 жылғы 18 қазандағы ұйғарымымен бекітілген.

Келісімге сәйкес К[...] 2021 жылдың 25 қазанынан бастап 2024 жылдың 25 наурызына дейін, ай сайын 171 554 теңгеден төлеп отыруға міндеттенген.

ЖСО С[...] 2021 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен тараптар медиативтік келісімге келулеріне байланысты атқару өндірісі тоқтатылған. 2021 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен оның қызмет ақысы 869 605 теңге сомасында бекітілген.

2021 жылғы 7 желтоқсанында борышкер К[...] ЖСО С[...] пайдасына 869 605 теңге қызмет ақысын өндіру туралы қаулысы қабылданып, сол күні борышкерге қатысты қандайда бір әрекеттер жасауға тыйым салу қаулысы қабылданған.

Жергілікті соттардың ЖСО С[...] өзінің қызметі ақысын өндіру жөніндегі іс әрекеті заңды болып табылатындығы және заң талаптары шеңберінде қабылданғандығы туралы қорытындылары ӘРПК-нің келесі қағидатына сәйкес келмейді. ӘРПК-нің 10-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Алайда, жеке сот орындаушысы атқарушылық өндіріс шеңберінде қызметіне ақы төлеу сомаларын бекіту туралы қаулыны шығару барысында мөлшерлестік қағидатын қолданбаған.

Бұл ретте, ЖСО С[...] атқарушылық құжат ішінара орындалғанына байланысты қызметіне ақы төлеу сомаларын бекіту туралы қаулыны шығару барысында 9 146 662 теңге қарыздың 4 000 000 теңге сомасы К[...] Банкке төленіп, қалған 5 146 662 теңге сомасы бойынша К[...] және Банкпен өзара медиативтік келісім жасасып, ол соттың 2021 жылғы 18 қазандағы ұйғарымымен бекітілгенін назарға ала отырып, есепке борышкерден нақты өндірілген соманы алуы тиіс болған.

Ал, қалған бөлігі, егер соттың 2021 жылғы 18 қазандағы ұйғарымымен бекітілген медиативтік келісім шарт талаптары орындалмай, ол сот орындаушысына мәжбүрлеп орындау үшін ұсынылып, өндірілмеген сома көлемінде толығымен орындалған жағдайда ғана қызмет ақы сомалары мәжбүрлеп орындау барысында нақты өндірілген сома көлемінде өндірілуге жатады.

Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 118бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.

Сондықтан, ЖСО С[...] 2021 жылғы 8 қарашадағы қызмет ақысын төлеу сомаларын бекіту, 2021 жылғы 7 желтоқсандағы атқарушылық өндірісті қозғау туралы қаулыларының күштері жойылуға жатады.

Кассациялық шағымның жауапкердің қызмет ақысын төлеу сомасының мерзімін 2025 жылдың 1 сәуірінен бастап есептелуі, яғни кейінге қалдыру туралы бөлігі, ондай тәртіп қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылмағанына және осы талап қоюда көрсетілмегендіктен, қараусыз қалдырылады.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері өзгертіліп, талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.

ЖСО С[...] 2021 жылғы 8 қарашадағы қызмет ақысын төлеу сомаларын бекіту, 2021 жылғы 7 желтоқсандағы атқарушылық өндірісті қозғау туралы қаулыларының күштерін жою туралы жаңа шешім қабылдансын.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Г. Дуйсенбаев

Судьялар

Б. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.