6001-22-00-3Г/4631(3)
2023 жылғы 13 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Т.А. Ибрашев,
талап қоюшы Е[...] жауапкерлер К[...], Ө[...] сенімхат пен сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкер К[...] өкілі – О[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
Е[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, талабын 2015 жылғы 23 қыркүйектегі сенімхат пен 13 қазандағы сыйға тарту шарты еркіне қарсы, заңсыз жасалғанымен негіздеген. Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 24 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюдың сенімхат пен өз үлесін сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану бөлігінде күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
2015 жылғы 23 қыркүйектегі Е[...] К[...] Шымкент қаласы Әл Фараби ауданы, Сауле мөлтек ауданы, Тауке хан көшесі №18 тұрғын үйі мен кадастрлық №[...] жер теліміндегі (бұдан әрі – даулы үй, мүлік) өзінің үлесін ұлы Ө[...] сыйға тартуға берген нотариус Ж[...] №1713 куәландырылған сенім хаты (бұдан әрі – даулы сенімхат);
2015 жылғы 13 қазандағы өз атынан және сенімхат бойынша Е[...] атынан әрекет еткен К[...] мен ұлы Ө[...] арасында жасалған, нотариус Ж[...] тізілімінде №1863 куәландырылған, сыйға тарту шартының даулы мүлік пен жеке меншік құқығы бар жер теліміндегі Е[...] үлесін сыйға тарту бөлігі жарамсыз деп танылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Өтінішхатта арыз беруші апелляциялық қаулымен келіспей, тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзушылықтарын көрсете отырып,
дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхат иесі мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 23 қыркүйекте Е[...] жұбайы К[...] даулы үйдегі өз үлесін баласы Ө[...] сыйға тарту үшін сенімхат берген.
2015 жылғы 13 қазанда К[...] осы сенімхат негізінде және өз атынан, баласы Ө[...] даулы үйді сыйға тарту шарты арқылы өтеусіз берген.
Е[...] өтінішхаты бойынша тағайындалған 2022 жылғы 27 сәуірдегі №1012 сот қолтаңба сараптамасының қорытындысына сәйкес даулы сенімхаттағы қолтаңбалар Е[...] жас ерекшелік өзгерістері әсерінен өзімен орындалғаны анықталған. Өз кезегінде, К[...] өкілі О[...] талап қою мерзімін қолдануды сұраған, өйткені даулы сенімхат 2015 жылғы 23 қыркүйекте, ал сыйға тарту шарты 2015 жылғы 13 қазанда жасалынған.
Осы дәлелдемелер жиынтығына баға беріп, бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 178, 179-баптарының негізінде талап қою мерзімін қолданып, сараптама қорытындысын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Бұл тұжырымын, Е[...] талап қою мерзімін өткізіп алғанымен және сенімхатты өзі орындағанымен, оған қоса сенімхатқа қол қою барысында әрекетке қабілетсіз деп танылмағанымен негіздеген.
Алайда мұндай шешіммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Психикалық денсаулық орталығы» хатына және медициналық анықтамаларына сүйеніп, талап қоюшы даулы сенімхатты әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, сол уақытта өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмаған, өзiнiң не iстегенiн бiлмегені, шын мәнінде даулы мүлікті өзінің иелігінен шығару ниеті, яғни ондағы үлесін ұлына сыйға тарту ойы болмағаны жөнінде қорытындыға келген.
Бұл ретте талап қою мерзімін қалпына келтіру негіздемесіне талап қоюшының даулы сенімхатты ауыр психикалық науқас жағдайда бергенін, яғни өзінің іс-әрекетінің мәнін толығымен түсінбегенін, сәйкесінше өзінің бұзылған құқықтарын заңда белгіленген мерзімде қорғай алмағанын көрсеткен.
Мұндай тұжырымдармен келіспеген өтінішхат иесі апелляциялық алқа өз міндетіне сот-психиатриялық сарапшылардың құзыретін алып, маман болмасада, медициналық құжаттардың негізінде шешім қабылдаған деп санайды.
Е[...] сенімхат берген кездегі қабілетсіздігін, өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтынын тек ғана арнайы ғылыми білімдері бар мамандар, яғни сот-психиатриялық сарапшылар зерттеп қорытынды бере алатынын көрсеткен.
Сонымен қатар, талап қоюшының стационарлық емді 2015 жылы қабылдаған кезден бастап 7 жыл өткенін, алайда осы уақыт ішінде талапты бере алмағаны жайлы қандай да бір орынды себептерді ұсына алмағанына қарамастан апелляциялық сатыдағы сот мерзімді негізсіз қалпына келтіргенін көрсеткен.
Арызданушымен келтірілген бұл уәждерді судья назарға алынуға жатады деп табады.
АПК-нің 82-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
Бұл норманың мағынасы бойынша сот сараптамасын тағайындаудың
мақсаты фактілер туралы жазбаша дәлелдемелерді алу болып табылады.
Мұндай жазбаша дәлелдемелерді тек арнайы ғылыми білімдері бар сарапшылар ғана ұсына алады, ал арнайы білімдер адамдардың тәжірибесінен туындайтын, жалпыға мәлім қорытулардан, құқықтық білімдерден тыс орналасқан.
Жоғарыда көрсетілген дәлелдемелерді біржақты бағалау және АПК-нің 68-бабымен белгіленген қағидалардың өрескел бұзылуы, өтінішхатта келітірліген уәждермен жиынтығында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын дәлелдемелердің толық, жан жақты зерделенбегеніне сілтейді және дау айтылған сот актісін тексеру үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын сөзсіз негіздердің бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысына жауапкер К[...] өкілі – адвокат О[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сатыдағы сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тұлғаларға жолдансын.
Судья Т. Ибрашев
Көшірмесі дұрыс Судья
Т. Ибрашев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.