№ 6003-4к/2827
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 4 наурыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
– төрағалық етуші судья Туганбаев М.А.,
судьялар – Айнакұлова Р.М., Дуйсенбаев Г.Б.,
жауапкер Ж,Э.Кайдауловтың, оның заңды өкілі А.Ж.Жакиповтың, мүдделі тұлға өкілі К.Е.Асаинованың
қатысуларымен өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Атаев Сабыржан Каримовичтің жауапкер жеке сот орындаушысы Кайдаулов Жүсіп Эркиновичтің (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) борышкердің үлесін сауда-саттыққа шығару туралы қаулысының күшін жою жөніндегі әкімшілік істі бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қазандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Атаев С.К. жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысы Ж.Э.Кайдауловтың 18 тамыз 2025 жылғы қаулысы, яғни «АҚ ЖОЛ» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) 65% үлесін ашық саудаға салуға құқығы болмағанын, сондықтан оның бұл іс-әрекетін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, сот орындаушысы Ж.Э. Кайдауловтың борышкер С.К.Атаевтың «АҚ ЖОЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі 65 % көлеміндегі қатысушы үлесін сауда-сатыққа салу туралы 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі Жакипов А.Ж. кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот тараптардың уәждерін тыңдап, іс құжаттарын жан- жақты зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 79-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс.
Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 126бабының 3-тармағына сәйкес, сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 37бабына сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының кредит берушілері сот шешімінің негізінде мәжбүрлі түрде серіктестік мүлкіндегі мұндай қатысушының үлесінен немесе үлесінің бір бөлігінен өндіріп алуды талап етуге құқылы.
Іс құжаттарына қарағанда, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2 сәуір 2024 жалғы шешімі бойынша С.К.Атаевтан өндіріп алушы К.С.Бегмановтың пайдасына 633 579 181 тенге өндірілген. 1 қазан 2024 жылы сот орындаушысы Ж.Э.Кайдаулов атқарушылық өндрісін қозғап, борышкерге мүлікті, мүліктік құқтарды басқаруға қатысты әрекеттер жасауға тыйым салу туралы қаулылар қабылдап, екінші деңгейлі банктерге инкассалық өкімдер жолдаған.
Сот орындаушысы 2025 жылғы 13 қаңтарда С.К.Атаевтың «АҚ ЖОЛ» ЖШС-нің жарғылық капиталының 65% үлесіне бағалау тағайындап, оның құны 690 426 693 теңге болатынын анықтап, өзінің 18 тамыз 2025 жылғы қаулысымен борышкердің үлесін сауда сатыққа шығарған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы Қазақстан Республикасының «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» және «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының талаптарының бұзылуына жол берілгенін басшылыққа алған.
Кассациялық сот жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандыру туралы тұжырымдары заңды әрі негізді қабылдаған деп санайды.
АПК-нің 26-бабының 1-бөлігіне сай, іс бойынша шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот, сондай-ақ шешім орындалатын жердегі сот, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мәнжайлар туындаса, сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) тараптардың арызы бойынша атқарушылық iс жүргiзуде оны орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі мүмкін екені қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 31 наурыз 2017 жылғы « Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» № 1 нормативтік қаулысының 29-тармағында егер сотқа сот шешімінде көрсетілген тәсілмен және тәртіппен оның орындалуы мүмкін еместігі туралы дәлелдемелер ұсынылған жағдайда, сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгертуге жол берілетіні көрсетілген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда жоғарыда аталған сот шешімі бойынша С.К.Атаевтан өндіріп алушы К.С.Бегмановтың пайдасына нақты қарыз соммасы, яғни 633 579 181 тенге өндірілген, алайда борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша болмаған кезде өндіріп алу борышкердің басқа мүлкіне қолданылатыны жөнінде ескерілмеген, өндіру тәртібін өзгерту жөнінде сотқа ұсыныс жолдамаған, ол жөнінде тиісті сот актісі, яғни сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібі өзгертілмеген.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 6 желтоқсанда борышкер өзіне 100% тиесілі «Түркістан Трасса» ЖШС-гін бағалау есебіне сәйкес саудаға шығаруға рұқсат берілгені назардан тыс қалған.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге, жауапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қазандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер өкілі Жакипов Асқар Жұмабековичтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Туганбаев М.А.
Төрағалық етуші
Айнакұлова Р.М.
Судьялар
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.