ВС РК - Постановление от 28.10.2022 по делу 6001-22-00-6КА/1095(2) (Об административном правонарушении)

6кп - 79-22

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 28 қазан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Таймерденов,

судьялар А.С.Стыбаев, Б.Б.Шермұхаметов, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры

Т[...],

уәкілетті органның өкілі М[...]

өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлға Ж[...] пен оның қорғаушысы - адвокат И[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен, Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 3- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы: Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен Ж[...] ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 (жиырма) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынып, 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

2022 жылғы 28 наурыздағы ұйғарыммен әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауды заңда белгіленген мерзімдерде мүмкін болмайтын мән-жайлардың (деңсаулық жағдайы бойынша: жіліншік сүйектерінің сынуы, оң жақтағы үшінші қабырғаның сынуы, 1-дәрежелі травматикалық шок) болуына байланысты қаулыны орындау бір айға кейінге қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының 2022 жылғы 18 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Ұсынуды қолдаған Ж[...] пен оның қорғаушысы И[...], уәкілетті органның өкілі М[...] ұсынуды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қарсы пікірлерін, прокурор Т[...] сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша Ж[...] ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен тек 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру туралы жаңа қаулы қабылдау қажет деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес 2021 жылғы 26 желтоқсанда Ж[...] мас күйінде көлік құралын басқарып, С[...] басқаруындағы автокөлікпен соқтығысқан. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама 2022 жылғы 28 наурызда толтырылған. Жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі - ЖКО) салдарынан жолаушы А[...] денсаулығына жеңіл зиян келтірілген, сондай-ақ Ж[...] 2022 жылғы 26 сәуірде II топтағы мүгедектік белгіленген зардап келтірілген.

ӘҚБтК-нің 50-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алуды бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қолдануға болмайды.

Іс материлдарынан зерделеу арқылы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл істі біржақты тәртіппен қарағаны, азаматтың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеліп соққан бірқатар мән-жайларға баға берілмегені анықталды.

Сот барысында Ж[...] ЖКО-на әкеп соққан алкогольдік мас күйінде көлік құралын басқару фактісін толық көлемде мойындаған.

Алайда, сот актісін дайындау кезінде бірінші сатыдағы сот ЖКО-ның 2022 жылғы 28 наурызда (2021 жылғы 26 желтоқсанның орнына) орын алғанын көрсетеді және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 13 шілдедегі №504 бұйрығымен бекітілген психоактивті затты пайдалану фактісін және мас болу жай-күйін анықтау үшін медициналық куаландыру жүргізудің күші жойылған қағидаларына сілтеме жасайды. Бұл ретте сот істің ЖКО болған күнінен бастап үш айдан астам уақыттан кейін сотқа қандай себеппен жіберілгенін анықтамаған, полиция органдарынан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысы талап етілмеген, бұл әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін дұрыс есептеуге әсер етеді.

Іс материалдарына Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Жаңақорған ауданаралық ауруханасы» ШЖҚ КМҚ берген жазбаша эпикризіне сәйкес, ЖКО нәтижесінде Ж[...] жамбас сүйегінің төменгі ұшы сынған. Сот отырысы барысында Ж[...] аталған диагноздың бар екендігі туралы хабарлаған, алайда сот берілген өтінішхатқа тиісті ұйғарым шығарылатынын ғана айтқан.

Апелляциялық сатыдағы сот дұрыс көрсетілмеген әкімшілік құқық бұзушылықтың уақытын түзету мақсатында ЖКО 2022 жылғы 26 желтоқсанда орын алғанын көрсетіп, тағы да қателік жіберген. Бұдан басқа, сот әкімшілік құқық бұзушылықтың қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал ету жағдайларын реттейтін ӘҚБтК-нің 62-бабының 4-бөлігіне негізсіз сілтеме жасаған. Іс жүзінде полиция органдары 2022 жылғы 11 наурызда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шығарған қаулыны іс материалдарына тіркемеген.

Сот қаулыларында баяндалған тұжырымдар іс бойынша зерттелген дәлелдемелерге және заң нормаларына сәйкес келмейді.

Апелляциялық сатыдағы сот әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауға заңда белгіленген мерзімде мүмкін етпейтін мән-жайлардың жойылғанын, Ж[...] мүгедектікті анықтау үшін тиісті дәрігерлік комиссиядан өтіп жатыр ма, оның нәтижелері қандай, тексермеген. Апелляциялық сатыдағы сот 2022 жылғы 18 сәуірде бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдырған, ал 2022 жылғы 26 сәуірде Ж[...] II топтағы мүгедектік белгіленгені туралы анықтама берілген. Осыған байланысты оны әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартуға болатынын немесе болмайтындығы жөнінде соттар анықтамаған.

Мұндай жағдайда аталған сот актілерінің күші жойылып, іс соттың қайтадан қарауына жолдануға жатады.

Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауды тиіс.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1, 4 және 5-бөліктерінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 3-бөлігі бойынша Ж[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2022 жылғы 28 наурыздағы және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 сәуірдегі қаулыларының күші жойылсын, іс қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер

жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші М. Таймерденов
Судьялар А.Стыбаев
Б.Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс.

Судья

Б.Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.