6001-24-00-6ап/3659
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Нұрлан Бақытұлының жауапкер жеке сот орындаушы Жансая Джумамурадовна Маликованың (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) 2024 жылғы 12 тамыздағы берешекті айқындау туралы қаулысының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қазандағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н.Бақытұлы жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысының берешекті анықтау туралы қаулысы атқарушылық заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, себебі өндіріп алушының «Kaspi Gold» шотына 2021 жылдың маусым айынан 2024 жылдың маусым айы аралығында 2 340 265 теңге ақша қаражаты аударылғанын, алайда сот орындаушысы бұл түбіртектерді есепке алмағанын көрсеткен.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қазандағы шешімімен, өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жеке тұлғалардың бұзылған немесе дауланған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қоғамдық-құқықтық қатынастарда тиімді қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілк істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, Ақтау қаласының №2 сотының 2018 жылғы 27 қарашадағы сот бұйрығымен талап қоюшыдан М.К.Атшыбаеваның пайдасына кәмелетке толмаған балаларын асырап бағу үшін оның барлық табысының 1/2 бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген.
Аталған сот актісі бойынша жеке сот орындаушы Ж.Д.Маликовамен
2024 жылғы 31 шілдеде атқарушылық өндірісі қозғалған.
2024 жылғы 12 тамыздағы берешекті айқындау туралы қаулысымен талап қоюшының алимент бойынша қарызы 3 967 746 теңге мөлшерінде анықталған.
Қазақстан Республикасының «Сот орындаушысының мәртебесі және атқарушылық іс жүргізу туралы» заңының 99-бабының 2-бөлігіне сай, алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейтiні көрсетілген. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, «Ақ жол құрылыс» ЖШСнің 2024 жылғы 6 тамыздағы айлық-табысы туралы анықтамасына сәйкес, талап қоюшыға 2021 жылдың шілде айынан 2024 жылдың шілде айына дейін кезеңінде 12 394 468,18 теңге айлық төленген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабының 1-бөлімін басшылыққа алып, яғни, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балдарын күтіп бағуға міндеттілігі туралы нормаға сай, талап қоюшының «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы жіберілген сомалар, балаларын күтіп бағуға міндеттілігінен туындайтын шара ретінде қабылдануға жатады деп тұжырымдаған. Сондай-ақ, «Kaspi.kz» мобильді қосымшасынан алынған түбіртектерге сәйкес, онда төлемдердің мақсаты көрсетілмегені және сомалардың келіп түсу кезеңділігі мен тұрақтылығы сақталмағаны, аударылатын сомалардың мөлшері әр-түрлі екені байқалады.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, себебі жеке сот орындаушысының даулы қаулысы оған берілген өкілеттіктер шеңберінде қабылданған және жауапкердің іс-әрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ деп сот алқасы есептейді. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 қазандағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Нұрлан Бақытұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б.
Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.