ВС РК - Постановление от 30.03.2022 по делу 6001-22-00-3гп/63 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/63

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 30 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Ш.С.Иманиязова, Е.Ж.Исмаилов, прокурор Д[...], талап қоюшы өкілі Б[...],

жауапкер А[...] қатысуымен мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – ММ, Басқарма) жауапкерлер Т[...], А[...], Төлеби ауданы Леңгір қаласының әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына әкімнің шешімін, жер учаскесіне жеке меншік құқық беретін сәйкестендіру актісін, сатып алусату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы өкілінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ-сі жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен Басқарманың әкімнің шешімін, сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Осы соттың 2021 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Т[...] пен А[...] арасында 2020 жылғы 1 шілдеде жасалған № 4256 Түркістан облысы, [...] мекенжайында орналасқан көлемі 0,10 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші

жойылып, іс бойынша талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшының өкілі – Басқарма басшысы М[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкердің өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың өтінішхат қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

Іс құжаттарына қарағанда, Леңгір қаласы әкімінің 2019 жылғы 30 қыркүйектегі № 103 шешімімен мемлекеттік қызметкер Т[...] Алатау мөлтек ауданы, № 20 көше, № 11 мекенжайында орналасқан, жалпы көлемі 0,10 га жер учаскесі тұрғын үй құрылысын салу үшін үш жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.

Осы шешімнің негізінде Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі мен жауапкер Т[...] арасында 2019 жылы 1 қазанда № 83 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарт рәсімделген.

Леңгір қаласы әкімінің 2020 жылғы 16 маусымдағы № 40 шешімімен Т[...] даулы жер учаскесі жеке меншік құқығымен беріліп, оған кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісі табыс етілген.

2020 жылғы 1 шілдеде Т[...] даулы жер учаскесін сатып алусату шарты негізінде А[...] сатқан.

Бірінші сатыдағы сот Басқарманың талап қою арызын ішінара қанағаттандыра отырып, мемлекеттiк қызметкер Т[...] жер учаскесі мемлекеттiк қызметкерлерге бөлу үшiн көзделiп, жеке тұрғын үй салуға қалдырылған аумақтардың белгіленбегенін, Т[...] тұрғын үй құрылысы үшін, жер учаскесі мемлекеттiк қызметкерлерге жеке тұрғын үй салуға қалдырылған аумақтан емес , жалпы тәртіппен берілген және кезектіліктің сақталмағанын алға тартқан.

Бұл мән-жайлар Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 3 қыркүйектегі заңды күшіне енген шешімінде толық дәлелін тауып, анықталған деп негізделген.

Алайда, соттың мұндай тұжырымымен апелляциялық сатыдағы сот мүлдем келіспей, сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот өз шешімін келесі түйіндермен негіздеген.

Ж[...].Т[...] осы іс бойынша дау айтылып отырған жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімі одан бұрын уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыс ету туралы шешімі негізінде қабылданғанымен, сол 2019 жылғы 30 қыркүйектегі № 103 шешімді, 2019 жылғы 1 қазандағы №83 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шартты талап қоюшы сотта дауламаған, оларға сот тиісті құқықтық баға бермеген деп тұжырымдаған.

Бұдан бөлек, апелляциялық сот отырысында Төлеби ауданы әкімінің 2020 жылғы 24 тамыздағы № 251 қаулысында аудандық маслихаттың 2007 жылғы 27 сәуірдегі № 32/228-III шешімімен бекітілген Леңгір қаласының бас жоспарына қосымша берілген схемаға сәйкес ішінара өзгеріс енгізіліп, аудандық маслихаттың кезекті сессиясына бекітуге ұсынылғаны анықталған.

Төлеби аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі №54/305-VI шешімімен Леңгір қаласы, [...] бас жоспарына сәйкес Алғабас елді мекенінің бас жоспарының оңайтылған нұсқасына ішінара өзгерістер енгізілген. Леңгір қаласы әкімі міндетін уақытша атқарушысының 2021 жылғы 10 маусымдағы № 38 анықтамасында мемлекеттік қызметкер Т[...] берілген жер учаскесі жоғарыдағы аталған массивте орналасқаны көрсетілген.

Осыған орай апелляциялық сатыдағы сот дауланған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануға негіз көзделмейді, Басқарманың қойған талаптары қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген қорытындыға келген.

Алайда, сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалған деп санайды.

Өйткені іс үшін маңызды келесі мән-жайлар ескерілмеген.

«Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес егер жеке қолданылатын құқықтық акт негізінде азаматтық-құқықтық мәміле жасалса, онда талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен шағымдануға дауланып отырған мәміле жатады.

Бұл ретте Леңгір қаласы әкімінің 2019 жылғы 30 қыркүйектегі № 103 шешімі мемлекеттік орган мен Т[...] арасындағы 2019 жылғы 1 қазандағы № 83 жер учаскесін жалға беру туралы келісім шарт жасасу

арқылы орындалған. Осыған байланысты Т[...] уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыс ету туралы шешімі сотта бөлек даулауды қажет етпейді.

Сонымен қатар, жер учаскесін жалға беру туралы келісім шартта бөлек даулануға жатпайды, өйткені Леңгір қаласы әкімінің 2020 жылғы 16 маусымдағы № 40 шешімімен жер учаскесі жауапкер Т[...] жеке меншік құқығымен берілген.

Мұндай жағдайда, жауапкердің жер учаскесіне қатысты құқықтары уақытша өтеулі жер пайдалану және жалға алудан емес – жеке меншігінде болғандықтан талап қоюшының сотта Леңгір қаласы әкімінің 2020 жылғы 16 маусымдағы № 40 шешімін даулағаны орынды болып табылады.

Бірақ, бірінші сатыдағы сот өз ұйғарымымен талап қою арыздың бұл бөлігі бойынша іс жүргізуді тоқтатқан.

Ал апелляциялық сот жоғарыда айтылған мән-жайларға, АПК-нің 413бабының 2-бөлігіндегі талаптарға қарамастан, істе бар, сондай-ақ осы АПКнің 404-бабының 2-бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға бермеген.

Керісінше, Төлеби аудандық мәслихатының 2020 жылғы 4 қыркүйектегі елді мекеннің Бас жоспарына өзгерістер енгізу туралы шешімі сотта дауланып отырған мәмілелерден кейін қабылданғанымен істің шешілуіне қаншалықты қатысы бар-жоғы ескерілмеген.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімінде қарамақайшылықтар бар екендігіне сілтеме жасап, бірақ, оларды жоюға шаралар қолданбаған , іске тіркелген құжаттардың осы істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар немесе жоқ екендігіне мән бермеген.

Сондықтан, сот алқасы жоғарыдағылардың негізінде жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс анықтамаған және материалдық, процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берген деп санайды.

Істің мұндай тұрғысында осы іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот қаулысын заңды және негізді деп тануға болмайды.

Осыған орай, қаулының күші жойылуға, ал іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады.

Істі қайта қараған кезде, апелляциялық сатыдағы сот аталған кемшіліктерді жойып, тараптардың уәждерін жан-жақты тексеріп, іс бойынша жиналған дәлелдемелерге құқықтық баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

  • Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының

  • 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жіберілсін. Талап қоюшы өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар Ш. Иманиязова

Е. Исмаилов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.