6001-23-00-6ап/643
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 31 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжанның,
судьялар Ж.Б. Ермагамбетованың, Б.Т. Нажмиденовтың, прокурор Ж[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ӘлФараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма) 2022 жылғы 5 мамырдағы №D59032D201401001 санды шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қантардағы қаулысына талап қоюшы Н[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н[...] сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда жылжымайтын мүлік ½ бөлігі бұрынғы жұбайының атында болғанын, өзіне З[...] сыйға тарту шарты негізінде алимент берешегі орнына бергенін, жауапкерлер 5 жұмыс күн ішінде шешім қабылдамауға міндетті екенін, көрсетілген мерзімде шешім қабылдамай заң бұзушылық жол бергендігін, жылжымайтын мүліктен пайда алмағандықтан, шешімді заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қантардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Прокурордың талап қою қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2018 жылдың 27 наурызынан бері Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Жангельдин көшесі, 18-үй, 87-пәтердің (әрі қарай – мүлік) ½ бөлігі талап қоюшы Н[...] ортақ мүлік ретінде тиесілі болған.
Талап қоюшының жұбайы З[...] мүлкінің ½ бөлігін Н[...] 2021 жылғы 26 қарашадағы №1265 санды сыйға тарту келісім-шарты негізінде сыйға тартқан.
Өз кезегінде, талап қоюшы Н[...] мүлікті 2021 жылғы 2 желтоқсандағы сату-сатып алу шарты негізінде 13 000 000 теңгеге сатқан.
Басқарма тарапынан 2022 жылғы 8 сәуірдегі №59032D201401 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарлама талап қоюшыға жолданған.
Көрсетілген хабарламаның қосымшасында талап қоюшының мүлікті сату кезінде құн өсімінен түсетін кірісі бойынша есеп тапсырмағанын және бұзушылықтың құны 1 023 057 теңге екені көрсетілген.
15 сәуір 2022 жылы талап қоюшы тарапынан Басқармаға хабарламаны орындау мақсатында түсіндірме жіберілген.
Салық кодексінің 96-бабына сәйкес салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) салық есептілігін ұсыну және (немесе) салықтар мен бюджетке төлемдерді төлеу арқылы салық төлеушіге анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру камералдық бақылаудың мақсаты болып табылады.
Осы норманың 2-тармағына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның орындалуы деп:
хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда – салық төлеушінің (салық агентінің) анықталған бұзушылықтарды Салық кодексінің 96-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тәсілдермен жоюы;
хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда – Салық кодексінің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген бұзушылықтарды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) хабарламаны жіберген салық органына анықталған бұзушылықтар бойынша түсініктеме беруі танылады.
Салық төлеушінің Салық кодексінде белгіленген мерзімде Салық кодексінің 96-бабы 3-тармағында көрсетілмеген және Салық кодексінің 96бабы 2-тармағы 2) тармақшасының талаптарына сәйкес келетін анықталған бұзушылықтар бойынша түсініктеме беруі камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның орындалуы деп танылады және олардың негізділігін мәні бойынша тексеруді талап етпейді.
Алайда, Басқарманың 2022 жылғы 12 мамырдағы №D59032D201401001 санды шешімімен бұзушылықтың құны 511 528 теңге деп нақтыланып, хабарлама орындалмады деп танылған.
Басқарма бұл шешімді Салық кодексінің нормаларын бұза отырып қабылдаған.
Себебі, Басқарма даулы шешімді қабылдап, камералдық бақылаудың мақсатын бұзған және салық төлеушінің камералдық бақылау нәтижесі бойынша қабылданған хабарламаға берген түсініктемесіне баға беріп, негізсіз аталған хабарламаны орындамау мәселесі бойынша болашақ салықтық тексерудің нәтижелері бойынша алдын ала шешім қабылдаған.
Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қантардағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Әл-Фараби ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің 2022 жылғы 5 мамырдағы №D59032D201401001 санды шешімі заңсыз деп танылсын, оның күші жойылсын.
Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.