КСАД РК - Постановление от 28.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/387 (Административное)

ҚАУЛЫ

28 сәуір 2026 жыл №6003-26-00-4к/387 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Ш.С.Манжуева болып,

жауапкердің өкілі Б.Қалдарбектің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Бахтияр Козикеевич Адиловтың (бұдан әрі - талапкер) жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес акционерлік қоғамына (Шымкент қаласы бойынша филиалы) (бұдан әрі – жауапкер, Мемлекеттік корпорация) қойған өзінің кадастрлық №22-330-037-048 жер учаскесінің бір бөлігіне қабаттастырып орналастырылған кадастрлық №19-309-191-1461 жер учаскесі туралы мәліметті мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегінен алып тастауды міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қарашадағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талапкер жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қарашадағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының 2- бөлігі 11) тармағының негізінде талап арыз әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп кері қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талапкер соттардың процессуалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, істі мәні бойынша бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберуді сұрайды.

Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған талапкер сотқа келген жоқ.

ӘРПК-нің 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Әкімшілік іс құжаттарынан талапкердің 2012 жылы 8 ақпанда сатусатып алу шарты негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Тассай ауылдық округі, «Шымкент» ҒӨБ тәжірибелі алаңы кварталы, № 032 мекен жайдағы, алаңы 0,1480 га жер учаскесін (кадастрлық №19-295-120-032) сатып алғаны көрінеді.

Аталған жер учаскесіне талапкердің құқығы Шымкент қаласы ӘлФараби аудандық сотының 2014 жылғы 26 тамыздағы шешімімен «Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық әділет басқармасы» мемлекеттік мекемесін міндеттеу арқылы тіркелген және осы жер учаскесіне 2019 жылы 26 сәуірде жаңа кадастрлық № 22-330-037-048 санды сәйкестендіру құжаты берілген. Талапкер 2025 жылдың шілдесінде жер учаскесін сатуға шешім қабылдап, Мемлекеттік корпорацияға жүгінгенде, соңғысынан графикалық деректерде талапкердің жер учаскесіне кадастрлық № 19-309-191-1461 басқа жер учаскесі қабаттасып орналастырылғаны туралы мәлімет алған, сол себепті, жауапкерге мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегінен өзінің жер учаскесіне қабаттасып орналастырылған кадастрлық № 19-309-191-1461 жер учаскесі туралы мәліметті алып тастауды міндеттеуді сұрап, сотқа жүгінген. Жергілікті соттар аталған талап арызды әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деп кері қайтарғанда, талапкер сотқа дейінгі тәртіпте жауапкерге өз жер учаскесінің нақты орналасқан жерін анықтау не жер учаскесі туралы мәліметті өзекті ету (түзету) туралы қызметтерді жүргізу туралы өтінішпен жауапкерге жүгінбеген деп көрсеткен, алайда аталған талап арыздың неліктен әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығын нақтыламаған.

Бұл жағдай талап арызды қайтару туралы шешімнің негізсіз қабылданғандығын көрсетеді.

Іс құжаттарына сәйкес, талапкер Мемлекеттік корпорацияға аталған мәселе бойынша бірнеше рет жүгінген және жауапкер тарапынан кадастрлық № 19-309-191-1461 жер учаскесі туралы мәліметті графикалық деректер қорынан алып тастау участок иесінің арызы негізінде мүмкін екендігі хабарланған.

Алайда Мемлекеттік корпорация талапкердің бірнеше рет берген өтініншіне қарамай (жауапкер өкілінің кассациялық сот отырысында берген түсінігіне сәйкес, талапкердің өтініштері «е-Өтініш» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы түскен), талапкердің мәселесін түпкілікті қарап шешпеген. Аталған жағдайда, соттардың тараптар арасындағы даудың жарияқұқықтық қатынастардан туындамайтындығы және даудың әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығы жөніндегі тұжырымы заңсыз, сол себепті, дауланып отырылған сот актілерінің күші жойылып, әкімшілік іс бірінші сатыдағы соттың мәні бойынша қарауына жіберілуге жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қарашадағы ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының 2025 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымының күші жойылсын, әкімшілік іс бірінші сатыдағы соттың мәні бойынша қарауына жіберілсін. Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Туғанбаев М.А. Судьялар Айнақұлова Р.М.

Манжуева Ш.С.

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.