Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2669 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 3 желтоқсан №6003-25-00-2к/2669 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б.,

талап қоюшы А.А.Гайсин,

жауапкер А.Т.Демесинов,

жауапкердің өкілі Ж.К.Молдашева,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Асхат Аманбайұлы Гайсиннің жауапкерлер Аронов Мейрамбек Болатовичке, Демесинов Алимжан Тлеккабылұлына, жеке нотариус Гулсара Мухитовна Джумашеваға берген пәтерді сатып алу - сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2023 жылғы 30 қазанда талап қоюшы А.А.Гайсин жауапкер А.Т.Демесиновке Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, №71 үй, 13 пәтерді (бұдан әрі - даулы пәтер) өз қалауы бойынша бағамен және шарттарымен сатуға сенімхат берген. Сенімхат жеке нотариус С.Атиоллаевамен куәландырылған.

2024 жылғы 12 ақпанда А.А.Гайсин мен М.Б.Ароновтың арасында даулы пәтерді сату - сатып алу мақсатында 13 900 000 теңгеге кепiлпұл шарты жасалған. Кепілпұл шарты жеке нотариус Г.Джумашевамен куәландырылған.

2024 жылғы 17 шілдеде жоғарыда аталған сенімхат талап қоюшы А.А.Гайсиннің арызы негізінде жеке нотариус С.Атиоллаевамен күші жойылған, ол жөніндегі мәлімет бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесіне осы күні 16 сағат 53 минут 43 секундта енгізілген.

2024 жылғы 17 шілдеде М.Б.Аронов пен А.Т.Демесинов арасында даулы пәтерді сату - сатып алу туралы келісім-шарты жасалып, ол жеке нотариус Г.М.Джумашевамен куәландырылып, №3295 реестрде тіркелген, шарттың жасалғаны жөніндегі мәлімет бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесіне осы күні 16 сағат 54 минут 00 секундта енгізілген.

Талап қоюшы А.А.Гайсин талап қоюында жауапкерлер А.Т.Демесинов пен М.Б.Аронов арасында жасалған 2024 жылғы 17 шілдедегі даулы пәтерді сатып алу-сату туралы шарты оны сатуға берілген сенімхаттың күші жойылғаннан кейін жасалғанын көрсетіп, аталған шартты жарамсыз деп тануды сұраған.

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы А.А.Гайсиннің жауапкерлермен жасалған даулы пәтерді сатып алу-сату туралы шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы апелляциялық сатыдағы соттың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп,

сот қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің және жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 170бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес сенiмхаттың қолданылуы: сенiмхатты берушi адамның оның күшiн жоюы салдарынан тоқтатылады. Осы баптың 2-тармағына сәйкес сенiмхатты берген адам сенiмхаттың немесе сенiмхатты ауыстырудың күшiн кез келген уақытта жоя алады, ал сенiмхат берiлген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келiсiм маңызсыз болады.

АК-нің 171-бабының 1-2-тармақтары бойынша сенiмхат берушi сенiмхаттың күшiн жойғандығы туралы (осы Кодекстiң 170-бабы) сенiмхат берiлген адамға, сондай-ақ сенiмхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi. Сенiмхат берiлген адамға сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенiмхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.

Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесінің 109 - тармағына сай сенім білдірілген адамның (ұсынылған) оған берілген сенімхаттың жойылғаны туралы өтініші нотариаттық жолмен куәландырылуы тиіс.

Бұл ретте нотариус, сенім білдіруші сенім білдірушіге және сенім білдірушіге мәлім үшінші тұлғаларға, сенімхат берілген өкілдікке, сондай-ақ сенімхатты куәландырған нотариусқа сенімхаттан бас тартылғаны туралы хабарлауға міндетті.

Бірінші сатыдағы сот даулы мәмілені А.Т.Демесиновтің сенімхатының күші жойылғаннан кейін жасағаны негізінде жарамсыз мәміле деп таныған.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы А.А.Гайсин жауапкер А.Т.Демесиновке 2023 жылғы 30 қазанда берген сенімхаты негізінде 2024 жылғы 12 ақпанда А.А.Гайсин мен М.Б.Ароновтың арасында даулы пәтерге қатысты 13

900 000 теңгеге кепiлпұл шарты жасалғанын, осыдан кейін 2024 жылғы 17 шілдеге дейін сенімхаттың күшін жоюға әрекет жасамағанын, сенімхаттың күші жеке нотариус С.Б.Атиоллаева арқылы 2024 жылдың 17 шілдесінде 16 сағат 53 минут 43 секундта жойылғанын, осы әрекетті жасау алдында А.Т.Демесиновке және М.Б.Ароновқа хабарламағанын анықтаған.

Осы кезде жеке нотариус А.Т.Демесиновтің сенімхат арқылы А.А.Гайсин мен М.Б.Ароновпен арасында жасаған мәмілесін куәландырған, мәміле туралы ақпарат бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесіне осы күні 16 сағат 54 минут 00 секундта енгізілген.

Даулы мәмілені куаландыру барысында жеке нотариус жоғарыда аталған кепілпұл шарты негізінде даулы пәтерге салынған тиымның алынғанын, сенімхаттың күші жойылмағанын бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі арқылы тексерген.

Сонымен қатар, сотта А.А.Гайсин сатып алатын пәтердің құнынан (14 000 000 теңге) шегеруге келісіп, «ForteBank»-тен пәтерді кепілден шығару үшін Т.Д.Тулековке (жауапкер А.Т.Демесиновтың әкесі) 2023 жылғы 24 тамызда 7 141 805 теңге төлеткені, қалған 6 855 000 теңгені Т.Д.Тулеков оған қолма-қол бергені және қалған құнына басқа да қарыздарын төлеткені анықталған.

Осы мән-жайлардан талап қоюшының кепілпұл шарты бойынша пәтердің шартта көрсетілген құнын толық алғаны, осы шартқа сай оның пәтерді М.Б.Ароновқа сату туралы мәміле жасауға міндеттемесі туындағаны, алайда талап қоюшы өз міндеттемесін орындаудан жалтарып, адалдық, парасаттылық әдiлдік және адамгершiлiк қағидаттарын сақтамай, өзінің құқықтарын теріс пайдаланғаны анық байқалады.

АК-тің 8-бабының талаптарына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Мұндай жағдайда, соттың талап қоюшының құқығын қорғаудан бас тартып, дауланып отырған мәмілені жарамсыз деп тануға негіз жоқ деп тануы заңды әрі негізді.

Апелляциялық сатыдаға сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуына жол берілмеген, өтінішхатта көрсетілген

уәждер негізсіз, дауланып отырған сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарауға негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырудан бас тартылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.