Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2706 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-2к/2706 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі З.Н.Жапановтың, жауапкер Р.Ж.Кадылкурманованың және оның өкілдері Б.К.Сералиевтың және С.Т.Лесбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Байұзақ Ермекбаев атындагы №271 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мектеп) жауапкер жеке кәсіпкер Роза Жанабыловна Кадылкурманованы (бұдан әрі - жеке кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Мектеп аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке кәсіпкер тарапынан конкурстық құжаттамада дұрыс емес ақпарат берілгенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған және мемлекет пайдасына сот шығыны 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жеке кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Бұл санаттағы даулар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №599 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды

жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру» қағидасымен (бұдан әрі - Қағида) реттеледі.

Себебі, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 2-бабының 3-тармағының 2) тармақшасында бір қатар білім беру ұйымдарында балаларды тамақтандыруды ұйымдастыруға байланысты қызметтерді (тауарларды) сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайтыны бекітілген.

Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген өнім берушілер (әлеуетті өнім берушілер) жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесіне кіреді. Анықталғаны, үшінші тұлға «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен 2024 жылғы 4 маусымда Мектептегі балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер конкурсы ұйымдастырылып, 2024 жылғы 5 тамыздағы конкурстық өтінімдерді қарау нәтижесімен жеке кәсіпкер жеңімпаз деп танылған.

Жеке кәсіпкермен осы конкурсқа қатысу үшін ұсынылған конкурстық құжаттамада өзінде аспазшы болып жұмыс істейтін қызметкер ретінде Г.С.Кудайбергенова көрсеткен.

Алайда, үшінші тұлға Н.К.Нурмаханованың арызы бойынша уәкілетті органмен жүргізілген тексеру қорытындысымен жеке кәсіпкермен аспазшы ретінде көрсетілген Г.С.Кудайбергеноваға аспазшы дипломы берілмегені және мұндай мамандық мүлдем оқылмағаны анықталған («Болашақ» университетінің жоғары колледжі» мекемесінің 2025 жылғы 11 наурыздағы №544 хатына сай).

Яғни, жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамада аспазшы Г.С.Кудайбергеноваға қатысты дұрыс емес ақпарат берген, бұл ақпарат еңбек ресурсына қатысты біліктілік талаптарына жатады, тиісті талапқа сәйкес жеке кәсіпкер конкурстық құжаттамада ұсынған құжаттардың шынайлылығына жауап беруге міндетті.

Сонымен қатар, аталған конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу» Қағидасының 20-тармағының 4) тармақшасында белгіленгендей балалар санына қарай аспазшы саны 3 адам

болуы жеткілікті екенін, ал өзі 5 аспазшының құжаттарын тапсырғанын, яғни Г.С.Кудайбергенованың дипломы жалған болғаны баға ұсынысына және конкурс нәтижесіне әсер етпейді деген жеке кәсіпкердің уәждері негізсіз.

Қағидада өнім берушіні жосықсыз беруші деп тану үшін дұрыс емес ақпарат берудің салдары баға ұсынысына әсер етуі тиіс деген норма жоқ, осы конкурстың ерекшелігі - конкурсқа тұрақты баға ұсынылады және ол баға өзгертілуге жатпайды, өйткені бекітілген норматив бойынша ақша қаражаты әр балаға нақты сомада бөлінеді, тиісінше бала санына қарай тамақтандырудың жалпы тұрақты бағасы да айқындалады және әр бір баланы нормативтен төмен тамақтандаруға жол берілмейді.

Өз кезегінде, өнім берушінің штатында неғұрлым аспазшы саны көп және олардың еңбек өтілі үлкен болса конкурстың қорытындысымен ондай өнім берушіге үлкен балл беріледі, нәтижесінде конкурстың жеңімпазы болуына мүмкіншілігі арта түседі.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер жеке кәсіпкер Роза Жанабыловна Кадылкурманованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.