Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/1773 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1773 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова, прокурор О.Б.Пернеевтің,

талап қоюшы К.Е.Омаровтың, оның өкілі М.Менисбаевтың,

жауапкер өкілі Т.У.Даутбековтың қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Кулажан Ешанкулович Омаровтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне, жауапкер жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне, бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюымен жүгінген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 21 қаңтардағы №39 ж/қ санды және 2025 жылғы 23 қаңтардағы № 52 ж/қ бұйрықтарының К.Е. Омаровқа қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

К.Е. Омаров «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің Мақтаарал ауданы полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің аға инспектор-кезекшісі лауазымына қайта орналастырылған.

Жауапкерден талап қоюшының пайдасына бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақытына 1 084 064 теңге өндірілген.

Шешімнің талап қоюшы К.Е. Омаровты жұмысқа қайта орналастыру және оның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақытына жалақысын өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолданған.

Жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды

сұраған, өйткені талап қоюшының іс-әрекеттері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Занының (бұдан әрі - Заң) 80-бабы 1- тармағы 13) тармақшасында көрсетілген өрескел қызметтік тәртіпті бұзғаны болып саналады және жұмыстан шығаруға негіз болып табылады деп санайды.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Іс құжаттарына сәйкес талап қоюшы 2004 жылдың 4 маусымынан ішкі істер органдарында қызмет етіп, Департамент басшысының 2020 жылғы 14 ақпандағы бұйрығына сәйкес Мақтаарал аудандық полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің аға инспектор - көмекшісі лауазымын атқарған.

Департаменттің 2025 жылғы 21 қаңтардағы №39 ж/қ «Жазалау туралы» бұйрығымен талап қоюшы құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабының 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған.

Бұйрыққа Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі негіз болған.

Анықталғандай, талап қоюшы өзіне тиесілі Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, Төлеби көшесі, №42 мекенжайдағы үйін 2023 жылғы 15 ақпандағы шартты жасау арқылы әпкесіне сыйға тарту жолымен иелігінен шығарып, 2023 жылғы 01 наурызда Департаментке тұрғынжайға мұқтаж деп тану туралы өтінішпен жүгінген, өтінішіне қоса жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркелмегені туралы анықтаманы ұсынған. Ұсынылған анықтаманың негізінде талап қоюшы тұрғынжайға мұқтаж деп танылып, оған 2023 жылдың наурызы мен 2024 жылдың мамыры аралығында жалпы 4 713 336 теңге тұрғын үй төлемі аударылған.

Аталған мән-жайлар талап қоюшының тұрғынжайға мұқтаж болмаса да, тұрғын үй төлемдерін алу мақсатында өзіне тиесілі тұрғын үйді иелігінен шығарып, шындыққа жанаспайтын құжаттарды ұсынғанын, яғни қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланғанын көрсетеді.

Істің бұл тұрғысында, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың талап қоюшы құқық қорғау қызметінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасамаған деген уәждерін дұрыс негізсіз деп есептеген.

Сонымен қатар, жергілікті соттар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 66-бабының 1-тармағына сай тәртіптік жазаның ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылатынын негізге алып, талап қоюшыға тәртіптік жаза бұл мерзім өтіп кеткеннен кейін қолданылған деген негізді тұжырым жасаған. Анықталғандай, талап қоюшының өзіне тиесілі тұрғынжайды иелігінен шығарғаны, тұрғынжайға мұқтаж екендігі туралы жалған мәліметтер ұсынғаны Департаментке 2024 жылғы 29 мамырдағы сұрау хатына берген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мәліметінен белгілі болған. Аталған мәселе 2024 жылдың 12 маусымында Департамент басшысының орынбасары М.Әбдіқадырқызының төрағалық етуімен өткен Департамент қызметкерлерін қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары туралы комиссияның отырысында қаралып, осы күнгі №43 хаттамамен талап қоюшыға тұрғын үй төлемдерін жүргізуді тоқтату, тұрғынжайға мұқтаждар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылданған, 2024 жылғы 30 шілдедегі бұйрықпен бекітілген тізімге талап қоюшыны қоспаған.

Департамент, талап қоюшының теріс қылық жасағаны белгілі болғанына қарамастан Заңмен белгіленген тәртіппен қызметтік тергеу жүргізбей, 5 айдан аса уақыт өткеннен соң, Министрліктің 2024 жылғы 2 желтоқсандағы хаты түскеннен кейін қызметтік тергеу жүргізіп, 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қорытындысын тәртіптік комиссияның қарауына ұсынған.

Яғни заңмен белгіленген тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімдерін бұзған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы түйіндерімен келіседі.

Белгілі болғандай, талап қоюшы 2024 жылғы 9 және 24 желтоқсандағы төлем тапсырмаларымен өзіне берілген 4 713 336 теңге тұрғын үй төлемдерін Департаментке қайтарған.

Сонымен қатар, Департаменттің 2025 жылғы 20 маусымдағы №436 ж/қ бұйрығымен талап қоюшы қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты Заңның 80-бабы 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес 2025 жылдың 11 маусымынан бастап жұмыстан шығарылған.

Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық баға берілген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 1 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К.Рамазанова судьялар А.К.Айкенова Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.