ҚАУЛЫ
2026 жылғы 28 сәуір №6003-25-00-2к/4766 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор М[...],
талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкерлер Ш[...] және оның өкілдері Ш[...], С[...], Сайрам ауданы әкімінің өкілі Т[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Б[...], Р[...], Ш[...] (А[...]), Сайрам ауданы әкіміне, жеке нотариустар С[...], Ж[...] әкімнің қаулысын және жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің өкілі Ш[...] Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Н[...] атына қабылданған Сайрам ауданы әкімінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы, Н[...] пен А[...] арасындағы 2007 жылғы 19 маусымдағы №17786 жер учаскесін сатып алу-сату шарты және А[...] пен Ш[...] (А[...]) арасындағы 2008 жылғы 4 маусымдағы №6232 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары жөнінде мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Ш[...] өкілі кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6- бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.
Дауланып отырған сот актілері көрсетілген заң мен Нормативтік қаулының талаптарына сай келмейді.
Талап қоюдың мәтініне қарағанда, Н[...] Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы негізінде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] округі, 119 орам мекен жайынынан алаңы 3,0 га жер учаскесі жанармай құю бекеті, автокөлік жөндеу, автожуу, халық тұтыну тауарларын сататын дүкен, тойхана, қонақ үй, дәмхана және және элиталық үй құрылысын жүргізу үшін беріліп, кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
2007 жылғы 19 шілдедегі №17786 Н[...] пен А[...] арасында Сайрам ауданы, Тассай [...] орам мекенжайында орналасқан кадастрлық №[...] жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалған.
Кейіннен бұл жер учаскесі Шымкент қаласының аумағына өтуіне байланысты жаңадан кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі
рәсімделіп, осы жер учаскесі 3 бөлікке бөлініп, кадастрлық №[...], [...], [...] сәйкестендіру актілері рәсімделген. 2008 жылғы 4 маусымда №6232 А[...] пен А[...] арасында Шымкент қаласы, 189 орам, №148 мекенжайда орналасқан кадастрлық №19309-189-148 жер учаскесін сатып алу-сату келісім шарты жасалынған.
А[...] төлқұжатын ауыстырып, жаңадан Ш[...] деп аты-жөнін өзгертіп, төлқұжатын алған.
Қазіргі кезде кадастрлық №[...] жер учаскесіне жаңадан кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Депаратаменттің талап қоюында Түркістан облыстық архивінен алынған мәліметтерге сәйкес Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы бағабаншылық ету мен саяжай құрылысын жүргізу үшін азамат А[...] атына шығарылғандығы, яғни, Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысымен Н[...] жер учаскесін табыстау туралы қабылданбағаны анықталынғаны көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот Департаментпен бұл дауланып отырған аудан әкімінің қаулысы мүлдем қабылданбағанын, даулы жер учаскесі атқарушы органның құқықтық актілері негізінде берілмегенін, мемлекеттің мүддесі өрескел бұзылғанын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіскен.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодекс) 32бабының 1- және 2-тармақтарына сәйкес, жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер турал» Заңның 64-бабы 1-тармағы 1)-тармақшасына және 2-тармағына сай, жеке-дара қолданылатын құқықтық акт Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Төменгі сатыдағы соттар талап қоюда көрсетілгендей жауапкер Н[...] Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы негізінде 3,0 га емес 6,68 га жер учаскесі берілгеніне назар аудармаған.
Іске тіркелінген құжаттарға сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2010 жылғы 2 шілдедегі №2а-540-2010 қаулысымен «СК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) талап қоюы бойынша Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы жарамсыз деп танылған.
Сондай-ақ, заңды күшіне енген Оңтүстік Қазақстан облысы Абай аудандық сотының 2013 жылғы 22 қазандағы №2-4341 шешімімен «СК[...]» ЖШС-нің талап қоюы бойынша Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы тағы да жарамсыз деп танылған.
Істі қараған төменгі сатыдағы соттар көрсетілген негіздерге байланысты Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысының заңдылығы қайта тексерілуге жатпайтынын ескермей, оны жарамсыз деп таныған.
Сонымен қатар, төменгі сатыдағы соттармен заңсыз қабылданған Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы негізінде жасалынған Н[...] пен А[...] арасындағы 2007 жылғы 19 маусымдағы №17786 жер учаскесін сатып алу-сату шарты және А[...] пен Ш[...] (А[...]) арасындағы 2008 жылғы 4 маусымдағы №6232 жер учаскесін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Кассациялық сотта анықталғандай, Сайрам ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 1 маусымдағы №738 қаулысы негізінде Сайрам аудандық жер қатынастар бөлімі мен Н[...] арасында 2007 жылғы 10 сәуірде [...] тізілімде тіркелінген жер учаскесін сатып алу-сату үлгі шарты жасалынған.
Алайда, Департаментпен бұл аталған үлгі тектес шарты дауланбай, оның заңдылығы тексерілмей жатып, осы шарттан кейінгі жауапкерлер арасында жасалынған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қойылған.
Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот қаралынылып отырған іс бойынша жауапкерлер арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою мезгілінен бұрын ерте сотқа берілген деп санайды.
Сондықтан дауланып отырған сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Н[...], А[...], Ш[...] (А[...]), Сайрам ауданы әкіміне, жеке нотариустар С[...], Ж[...] әкімнің қаулысын және жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас туралы жаңа шешім шығарылсын.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен жауапкер Ш[...] (А[...]) пайдасына 2769 (екі мың жеті жүз алпыс тоғыз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Жауапкер өкілі Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.