ВС РК - Постановление от 27.07.2022 по делу 6001-22-00-3гп/289 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/289

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 27 шілде Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші М.Ж.Бектұрғановтың, судьялар Ш.С.Иманиязованың, Р.А.Қуанышбаеваның, талапкердің өкілі С[...],

жауапкердің өкілі А[...] қатысуымен ашық сот отырысында бейнеконференц байланысы арқылы талап қоюшы О[...] жауапкер Шымкент қаласы әкімдігінің «Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ-ге (бұдан әрі – Орталық/жұмыс беруші) жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы О[...] өкілі С[...] келтірген өтінішхаты мен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

О[...] Орталыққа дезинфектор және мәдени ұйымдастырушы қызметтеріне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхат беруші жергілікті соттардың талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктемесін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.

Істі қарау кезінде мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс бойынша анықталғандай, О[...] 2019 жылғы 8 шілдеде электрондық еңбек биржасымен Орталыққа дезинфектор қызметіне жұмысқа орналасу үшін жолданған.

Орталықтың 2019 жылғы 18 шілдедегі № 29-ж/қ бұйрығы негізінде О[...] 2019 жылғы 18 шілдеден бастап дезинфектор қызметіне 0,5 бірлігімен жұмысқа қабылданған.

Орталықтың 2019 жылғы 2 тамыздағы № 62-ж/қ бұйрығымен О[...] 2019 жылғы 2 тамыздан бастап негізгі жұмысымен қатар мәдени ұйымдастырушы лауазымының 0,5 бірлігі жүктелген. Тараптардың арасындағы еңбек қатынастары 2020 жылғы 2 тамызда еңбек шартын жасаумен рәсімделген.

Жұмыс берушінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы № 11-ж/қ бұйрығымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 49-бабының 3) тармақшасы негізінде О[...] 2021 жылғы 5 қаңтардан бастап дезинфектор қызметінен босатылған.

Орталықтың 2021 жылғы 1 наурыздағы № 50 бұйрығымен О[...] мәдени ұйымдастырушы ретінде еңбек қатынастары Кодекстің 49-бабының 5) тармақшасы және 50-бабының 3-тармағы негізінде 2021 жылғы 1 наурыздан бастап тоқтатылған. О[...] сотқа жүгініп, жұмыс берушінің тарапынан орын алған қудалау әрекеттерінің салдарынан өзімен еңбек шарты заңсыз, мерзімінен бұрын бұзылғанын көрсеткен.

Жергілікті соттар, О[...] еңбек қатынастары заң талаптарына сай тоқтатылғанын, жұмыс берушінің тарапынан қысымшылық танытылып, сай мәжбүрлеу әрекеттері орын алғанын растайтын дәлелдемелер АПК-нің 72-бабына табыс етілмегенін көрсеткен.

Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарын іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған деп таниды.

Кодекстің 21-бабының 1-тармағына сай, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.

Кодекстін 52 бабының 4-1) тармағына сай, жұмыскер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, кәсіптік қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамалары туралы» 2020 жылғы 21 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар лауазымдарының 46тармағында дезинфектор маманы көрсетілген.

Аталған норма негізінде, дезинфектор лауазымына еңбек етуге арнайы білімі бар мамандар қажет.

Алайда, жұмыс берушімен қызметкерлердің жеке іс құжаттарына түгендеу жұмыстарын жүргізу кезінде О[...] жоғары оқу орнын немесе арнайы орта білім алғандығы туралы куәлігі болмағаны анықталып, бұл туралы талап қоюшыға ескертілген.

Біліктілік талаптарына сәйкес келмеуне байланысты О[...] жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары тоқтатылған.

О[...] ешқандай жоғары оқу орында оқымайтындығы, арнайы анықтамаға сай, оның еңбеккке жарамдылығын жоғалту жүз пайыз болуына байланысты қызметті атқаруға жарамсыздығы іске тіркелген құжаттармен анықталған.

Бұдан басқа, О[...] Орталық басшылығы тарапынан қысым көрсету фактілері орын алғандығын дәлелдейтін қандай да бір дәлелдемелер талап қоюшы өкілімен сотқа ұсынылмағаны және де оның бүгінгі күні сол Орталықта қызмет атқаратындығы сот отырысында анықталды.

Жергілікті соттар талап қоюшыға қатысты 2021 жылғы 5 қаңтардағы және 1 наурыздағы бұйрықтар дауланбаған, бұзылмағаны және заңды күшінде екені туралы дұрыс тұжырымға келген. Бұл ретте, жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалып, анықталған, дауға заңды баға берілген. Жоғарыдағылардың негізінде жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтаған, материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермеген.

Өтінішхатты қанағаттандыруға және дауланып отырған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін құқықтық негіздер жоқ.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 29 шілдедегі шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. О[...] өкілі С[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Ж.Бектұрғанов

Судьялар

Ш.С.Иманиязова

Р.А.Қуанышбаева

Көшірмесі дұрыс Судья

М.Ж.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.