Қ А У Л Ы
2025 жылғы 26 маусым №6001-24-00-6ап/3609 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар – Ж.Б.Ермағамбетова мен Б.Т.Нажмиденов болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Ә.Молдахановтың, жауапкердің өкілдері К.М.Альжановтың, Б.Т.Асылханның, мүдделі тұлға өкілдері А.Б.Умбеталиеваның, А.Т.Баянастың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Өмір жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Комитет), камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысына жауапкер Басқарманың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа Басқармаға жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Хабарламалар заңсыз деп танылып, күші жойылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазанындағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер жергілікті соттардың сот актілерінің тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Сот алқасы, жауапкердің өкілдерінің шағымды қолдау уәждерін, мүдделі тұлға өкілдерінің пікірлерін, прокурордың кассациялық шағымды қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын мен шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2023 жылғы 9 қаңтардағы үкімімен (әрі қарай– сот үкімі) Максат Акмаканулы Абдрамашов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 216-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оны коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 8 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасытағайындалып, үкім 2023 жылғы 13 наурызда заңды күшіне енген. Осы сот үкімі негізінде Серіктесттікке 2024 жылғы 31 қаңтардағы №5820VG400004 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама (әрі қарай– №1 Хабарлама) жіберіліп, онда Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке – төленетін басқа да төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің (әрі қарай Салық кодексі) 403-бабы 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы (ҚҚС) есептен шығаруға жататыны, бұзушылық сомасы 1 757 250 тенге құрағаны көрсетілген.
Осы сот үкімі негізінде Серіктесттікке 2024 жылғы 31 қаңтардағы №5820VG500003 хабарлама (бұдан әрі - №2 Хабарлама) жіберіліп, онда Салық кодексінің 264-бабы 4-тармағына сәйкес, шығыстар шегерімге жатпайтыны, бұзушылық сомасы 2 928 750 тенге құрағаны көрсетілген.
Әрі қарай, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімдерімен Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау, Абай, Еңбекші, Әл-фараби аудандары бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларының талаптары қанағаттандырылып, кәсіпкерлік субъектілерінің тіркеулері жарамсыз деп танылған.
Соттың 2023 жылғы 27 қазандағы шешімімен «Ақсәулет» ЖШС-нің тіркеуі жарамсыз деп танылып таратылған, шешім 2023 жылғы 11 желтоқсанда заңды күшіне енген.
Соттың 2023 жылғы 27 қазандағы шешімімен «Мегаполис-М» ЖШСнің тіркеуі жарамсыз деп танылып таратылған, шешім 2023 жылғы 5 желтоқсанда заңды күшіне енген.
Соттың 2023 жылғы 21 тамыздағы шешімімен жеке кәсіпкер Гульсим Бахитбековна Андабаеваның тіркеуі жарамсыз деп танылып, қызметі тоқтатылған, шешім 2023 жылғы 29 қыркүйекте заңды күшіне енген. Соттың 2023 жылғы 5 шілдедегі шешімімен жеке кәсіпкер Жанна Бейсенбаевна Джирембаеваның тіркеуі жарамсыз деп танылып, қызметі тоқтатылған, шешім 2023 жылғы 18 тамызда заңды күшіне енген. Соттың 2023 жылғы 17 қарашадағы шешімімен жеке кәсіпкер Сакен Бахытбекұлы Балтабаевтың тіркеуі жарамсыз деп танылып, қызметі тоқтатылған, шешім 2023 жылғы 27 желтоқсанда заңды күшіне енген.
Соттың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі шешімімен жеке кәсіпкер «Акжол» Бақдәулет Бейсенұлы Ақылтаевтың тіркеуі жарамсыз деп танылып, қызметі тоқтатылған, шешім 2023 жылғы 10 қазанда заңды күшіне енген.
Осы сот шешімдері негізінде Серіктесттікке 2024 жылғы 8 ақпандағы №5820VН400001 хабарлама (әрі қарай - №3 Хабарлама) жіберіліп, онда Салық кодексінің 264-бабы 2-тармағына сәйкес тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушілердің заңсыз шығыстары шегерімге жатпайтыны, бұзушылық сомасы 64 486 049 теңгені құрайтыны көрсетілген. Камералдық бақылаумен қамтылған кезең 01.01.2021-31.12.2023 жылдар аралығын құрайды.
Серіктестік талап қою арыздарында аталған кәсіпкерлік субъектілерімен қаржылық қарым-қатынастар жасағанын, қызметтер көрсетілгенін, тауарлар жеткізілгенін, Басқарма басшысының хабарламаларға қол қою өкілеттігі жоқтығын, хабарламалар Салық кодексінің 114-бабы 2- бөлігі 10) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктіріліп жолданғанын көрсетіп, хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 - бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып салық органымен белгіленген мерзімді елеулі бұзып хабарламаның қабылдануы оның заңсыз деп танылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келді. ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
Басқарма сот шешімдерін тиісті мерзімде ала тұра хабарламаның кеш қабылдануына уәждері мен дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған, сондықтан соттар хабарлама қабылдану мерзімін МАӘС шешімдерін заңды күшіне енген күннен бастап есептеген.
Салық кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органы хабарламаны қабылдау құқығы бар деген кассациялық шағымның уәждері негізсіз, өйткені «талап қою мерзімі» және «хабарламаны
жіберу мерзімі» тектес мерзімдер болып табылмайды, Салық кодексінің әртүрлі нормаларымен реттеледі.
Расымен хабарлама талап қою мерзім шегінде қабылдану мүмкін, алайда Салық кодексінің 114-бабында көзделген мерзімдер сақталуы тиіс.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актінің заңсыздығы істі қарау барысында өз растауын тапқан.
Бұл ретте апелляциялық сатының талап қоюшы мен осы контрагенттер арасындағы өзара есеп айырысулардың нақты жүзеге асырылуының дәлелденуі туралы қорытындылары Cалық кодексінің 145-бабымен салық органдарына бекітілген тексеру жүргізу құқығы, салықтық әкімшілендіру шаралары, оның ішінде салықтық тексерулердің нәтижелерін алдын ала анықтауға жол бермеуіне байланысты қаулының дәлелді бөлігінен алып тастауға жатады.
Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 31 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Басқарманың келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ.Әлжанов
Судьялар Ж.Ермағамбетова
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.