ВС РК - Постановление от 28.02.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2112 (Административное)

6001-22-00-6ап/2112

2023 жылғы 28 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Қайыпжан Н.Ү.,

судьялар Ермагамбетова Ж.Б., Токмурзина Д.А.,

прокурор Д[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілі Е[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «К[...]» ЖШС-нің жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті, «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Созақ ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою және камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындамаған деп тану туралы шешімдерді заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысына Түркістан облысының прокуратурасының берген кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы «К[...]» ЖШС-гі сотқа жауапкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті, «Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Созақ ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою және камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындамаған деп тану туралы шешімдерді заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Түркістан облысының прокуратурасы кассациялық өтінішхатында бірінші және апелляциялық саты соттарының материалдық және процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Прокурордың кассациялық өтінішхаттың уәждерін қолдаған түсінігін, талапкер өкілінің кассациялық өтінішхатқа қарсы пікірін, жауапкер өкілінің кассациялық өтінішхатты қолдаған пікірін, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылып, іс мәні бойынша қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жолдануға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда, «К[...]» ЖШС-гі 2011 жылдың 3 тамызынан бастап жұмыс жасайды. Жарғысына сай, талап қоюшы жинақтар мен қалдықтарды іріктеуді қоса алғанда радиоактивті қалдықтарды, қатерсіздендіру мен тасымалдауға, өңдеуге, радиоактивті ластанған металл сынықтарын ұстауға және оны өңдеумен айналысады.

2017 жылғы 23 маусымдағы №17011449 мемлекеттік лицензиясымен талап қоюшыға атом энергиясын пайдалану саласында қызмет көрсету туралы рұқсат берілген.

2017 жылғы 29 желтоқсандағы №17022065 мемлекеттік лицензиясымен талап қоюшыға Қазақстан Республикасының аумағында ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды тасымалдауға (оның ішінде транзиттік тасымалдау) рұқсат берілген. 2020 жылғы 1 шілдедегі №20009469 лицензиямен талап қоюшыға радиоактивті қалдықтарды қолдану қызметіне рұқсат берілген. Анықталғандай, «К[...]» ЖШС-гі мен «ПС[...]» ЖШС-гі арасында 2020 жылдың 1 қаңтары мен 8 маусым аралығында тексеріс актісі түзілген, оған қарағанда екі ЖШС-нің арасында тауар айналымы 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін 18 000 000 теңгені қоса алғанда барлығы 133 500 000 теңгені құраған.

Талап қоюшы мен «ПС[...]» ЖШС-нің арасындағы келісім шарттарға қарағанда, 2019 жылдың 4 тоқсанынан бастап 2020 жылдың ішінде «ПС[...]» ЖШС-гі талап қоюшыға арнайы техникаларды жалға берген және жуылған құм мен цемент сатқан. 2021 жылғы 13 қазандағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ПС[...]» ЖШС-нің 100% үлесін сату туралы 2019 жылғы 14 қарашадағы Л[...] и С[...] арасындағы шарты және оның 2019 жылғы 19 қаршадағы қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған.

Аталған сот шешімі негізінде жауапкермен талап қоюшыға 2021 жылдың 31 желтоқсанында №5813QJ300001 салық есептілігі формасы 300 ҚҚС бойынша және №5813QJ300002 салық есептілігі формасы 100 камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары берілген.

Тексеру 2018 жылдың 1 қазаны мен 2021 жылдың 30 қыркүйегі аралығына жүргізіліп, корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) бойынша бұзушылық сомасы 23 839 286 теңге, ал қосымша құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) бойынша бұзушылық сомасы 14 303 571 теңгені құрайтыны көрсетілген.

Жауапкермен 2022 жылғы 16 ақпанында №D5813QJ500002001 және №D5813QJ300001001 камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды орындамаған деп тану туралы шешімдер қабылданған.

Талап қоюшы мен «ПС[...]» ЖШС-нің 2019 жылдың 4 тоқсанынан бастап арнайы техникаларды жалға алу және жуылған құм мен цемент сатып алу туралы шарттарға отырып, тексеру актісіне сай араларындағы тауар айналымдарының сомасы 119 000 000 теңге құраған. Сот сатылары талап қою арызын қанағаттандырып, оны «ПС[...]» ЖШС-мен түзілген шарттар негізінде шынайы қызметтер көрсетілгенімен, жуылған құм мен цемент сатқанын, ол мәмілелер шын мәнінде жүзеге асырылғанымен негіздеген. Сонымен қатар, талап қоюшымен үшінші тұлғаларға 2019-2020 жылдары көрсеткен қызметтері туралы шарттар, жұмыстарды орындау актілері, шот-фактуралары, «ПС[...]» ЖШС-гі пен талап қоюшы арасында әр жасалған шарттарға сай орындалған жұмыс туралы актілер, фискалдық чектер, кіріс ордерлері тіркелген деп көрсеткен.

Бірақ соттардың мұндай тұжырымдарымен келесідей негіздер бойынша келісуге болмайды.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны және осы хабарламаны орындалмады деп тану туралы шешiмді сотқа даулау кезінде талап қоюшы өзінің қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған контрагенті «ПС[...]» ЖШС-нен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы емес, ал сот осындай салық төлеушіден тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің іс жүзінде алынғанын анықтауға тиіс емес.

Себебі, салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда ғана тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан немесе дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы.

Сондықтан соттардың мемлекеттік кірістер органында аталған хабарламаны шығару үшін заңда көзделген негіздердің болған-болмағанын анықтауы жеткілікті.

Сонымен қатар, сот негізге алған талапкер мен «ПС[...]» ЖШСнің арасындағы мәмілелер бойынша бастапқы eceпкe алу құжаттарының (шот-фактуралар, тауар жөнелту құжаттары, атқарылған жұмыстар актісі және т.б.) болуы және олардың формалды түрде заң талаптарына сәйкес болуы жұмыстардың іс жүзінде орындалғанына талассыз дәлел бола алмайды.

Бұған қоса, сотқа ұсынылғын түбіртектер мен төлемдер шығарылған кассалық аппараттардың тіркелгені анықталмаған. Бұдан бөлек, іске тіркелген 2021 жылғы 13 қазандағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен (заңды күшіне енген) «ПС[...]» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы С[...] аталған серіктестіктің қаржышаруашылық қызметін жүзеге асыруына қатысы болмағаны және оның атына серіктестік еркінен тыс алаяқтық жолмен тіркелгені бекітілген. Сондай-ақ, Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес С[...] Р[...] Федерациясының азаматы болып табылады және ол Қазақстан Республикасының аумағына 2019 жылы 11 қарашада кіріп, 2019 жылы 24 қарашада республика аумағынан шығып кеткен.

Бұл мән-жайлар іс құжаттарындағы С[...] атынан рәсімделген 2019 жылғы 25 қазандағы, 2020 жылғы 8 қаңтардағы, 2020 жылғы 1 наурыздағы келісім шарттар мен 2019, 2020 жылғы шот фактуралар мен 17 дана орындалған жұмыстардың актілеріне оның қатысының болмағанын, осы шарттар бойынша міндеттемелерді орындамағанын және орындауға мүмкіндігінің болмағанын айғақтайды.

Осыған байланысты соттар шекаралық қызметтен мәлімет сұратпай Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметімен шектелген.

Сол сияқты, «ПС[...]» ЖШС-мен талап қоюшыға сатылған 14 571м3 жуылған құм және 83,29 тонна цементтің «ПС[...]» ЖШС-не тиесілігі құжаттармен расталмаған.

Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасының заңының 1 және 7-баптарының нормаларына сәйкес бухгалтерлiк есеп жүргiзуге негiз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiнiң және оны жасауға берiлген құқық бастапқы есеп құжаттарымен (қағаз және электрондық жеткiзгiштегi) расталуға жатады.

Салық кодексінің 264-бабының 2) -тармақшасына және 403-бабының 4)-тармақшасына сәйкес сот тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осындай салық төлеушіден іс жүзінде алынғанын анықтаған операцияларды қоспағанда, соттың заңды күшіне енген шешімімен анықталған, басшысы және (немесе) құрылтайшысы (қатысушысы) осындай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржышаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысты болмайтын салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша шығыстар шегерімге жатпайды, ал қосылған құн салығы алып тастауға жатады.

Жоғарыда көрсетілгендей 2021 жылғы 13 қазандағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ПС[...]» ЖШС-нің 2019 жылғы 19 қарашадағы қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған. Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, іс мәні бойынша қайта қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жолдануға жатады.

Істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген заңбұзушылықтарды жойып, анықталған мән-жайларға байланысты заңды және негізді шешім қабылдау қажет.

Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына жаңа құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

Түркістан облысының прокуратурасының кассациялық өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Қайыпжан

Судьялар

Ж. Ермагамбетова

Д. Токмурзина

Көшірмесі дұрыс

Судья

Н. Қайыпжан

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.