Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.07.2026 по делу 6003-26-00-2к/2128 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/2128 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 шілде Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, А.К.Есдаулетов болып,

талап қоюшы А[...] қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 25 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы А[...] жауапкер С[...] заңсыз сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатудың салдарынан келтірілген материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда өзі жәбірленуші болып танылған қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп–тексеруі заңсыз тоқтатылуынан келтірілген 92 000 теңге жол жүру шығыны мен 300 000 теңге моральдық зиянды полиция қызметкері С[...] өндіруді сұраған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың жауапкердің қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылдаған шешімі бойынша азаматтық - құқықтық жауапкершілікке тартылуға жатпайтыны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, талап қоюдың негізі мен нысанасын өзгерту құқығы түсіндірілмеуіне, талаптың мәніне дұрыс баға берілмеуіне және бұзылған құқығына қатысты кез келген кінәлі тұлғадан келтірілген зиянды өтеуді талап етуге құқылы болғандықтан сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 450-бабының талабына сәйкес істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкердің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігіне кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшының түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 917бабының 1-тармағының талабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iсәрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.

АК-тің 951-бабының талабы бойынша моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарын құқыққа қайшы бұзу, кемсiту немесе олардан айыру салдарынан басынан кешірген жан азабын немесе тән азабын түсiну қажет.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Талап қоюшының талабы, жауапкердің 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен өзі жәбірленуші ретінде танылған Қылмыстық кодекстің 345бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істің сотқа дейінгі тергептексерілуінің ақтайтын негіздермен заңсыз тоқтатылуына негізделген. Аталған процестік шешім Шымкент қаласының полиция департаментінің қызметкері С[...] қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылданған.

Кейіннен, оның бұл шешінің күші талап қоюшының шағымы бойынша жойылып, 2025 жылғы 15 шілдегі қаулымен сотқа дейінгі тергеп - тексеруі ақтамайтын негіздермен тоқтатылған.

А[...] осы мән-жайларға байланысты, полиция қызметкері С[...] заңсыз әрекеттерінен қадір-қасиеті мен ар-намысына нұқсан келтіріліп, қорланып, ызаланып, ашулануына байланысты өзіне материалдық шығын мен моральдық зиян келгеніне негіздеп, талап қоюмен сотқа жүгінген. Алайда, тек қылмыстық істің негізсіз ақтайтын негіздермен тоқтатылуы, талап қоюшыға іс бойынша жәбірленуші ретінде моральдық зиянды даусыз өтеттіру құқығын туындатпайды, өздігінен келтірілген зиянды өндіруге негіз болып табылмайды.

Себебі, зиянды өтеу үшін жауапкердің тікелей талап қоюшыға бағытталған құқыққа қарсы әрекеті мен соның салдарынан келтірілген зиянның арасындағы себептік байланыс пен кінә дәлелденуі тиіс.

Өз кезегінде, моральдық зиян өтелуге жатады, егер талап қоюшы өзінің нақты тән немесе жан азабын шеккенін және оның жауапкердің әрекетімен тікелей байланыстылығы дәлелденсе.

Оны дәлелдеу міндеті АПК-тің 72-бабына сәйкес талап қоюшыға жүктелген.

Іс құжаттарында, жауапкердің қызметтік міндеттерін атқаруда жіберген процестік қателігінен денсаулығының нашарлауы, психологиялық зардаптар немесе өзге де моральдық зардаптардың болғанын объективті түрде растайтын дәлелдер тіркелмеген.

Бұл ретте, жоғарыда аталғандай істің жалғыз ақтайтын негізбен тоқтатылуы талап қоюшыға моральдық зиянның келтірілгенін бекітетін бұлтартпас дәлелі бола алмайды.

Одан бөлек, іске тіркелген «Шымкент-Кентау» бағытындағы жолаушылар көлігінің жол жүру билетінің бағасына қатысты құжаттар, осы қылмыстық іске қатысты жол жүру шығынын растайтын дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайды.

АПК-тің 68-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша сотпен шешім қабылдауда әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес.

Соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға негізделген тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі, өздігінен сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.

А[...] бұл талабы АК-тің 9-бабына сәйкес бұзылған (ықтимал бұзылған) құқығын қорғаудың бір тәсілі болып табылады, бірақ қалыптасқан жағдайда оны соттармен қанағаттандыруға қандайда болсын заңдық негіз болмаған.

Осыған орай, сот актілерінің күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 25 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Г.Джаппарова

Судьялар А.Айкенова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.