6001-22-00-6ап/2315
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 20 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – Қайыпжан Н.Ү., судьялар – Ермагамбетова Ж.Б., Токмурзина Д.А.,
талап қоюшының өкілі О[...], жауапкердің өкілі О[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкер «Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы А[...], әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Е[...] 2022 жылғы 5 шілдедегі хаттаманы және Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдаған арызына тексеріс жүргізу туралы әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша
Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымына және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Д[...] сотқа «Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы А[...], әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Е[...] 2022 жылғы 5 шілдедегі хаттаманы және Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдаған арызына тексеріс жүргізу туралы әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшының талап қою арызы қайтарылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды мәні бойынша қарау туралы шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің қарсы уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар жатады.
ӘРПК-нің 3-бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Анықталғандай, талап қоюшы қызмет ететін «Алматы Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдылық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрамына кіреді.
Аталған даудың туындауына талап қоюшыдан және басқа да қызметкерлерден мекеменің лауазым иелері пәре беру мақсатында ақша жинағаны жайлы деректері себеп болған.
Сондықтан, сот сатылары АПК-нің 23-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сілтеме жасап, аталған даудың еңбек дауынан туындағаны жайлы тұжырымға келген.
Алайда соттардың мұндай тұжырымдары қате жасалған тұжырым болып табылады.
Себебі, ӘРПК-нің 3-бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Талап қоюшының лауазым иелері тарапынан пәре беру мақсатында жұмысшылардан ақша жинағаны жайлы деректер бойынша әрекеті қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген негіздермен қаралуға жатады. Бірақ жергілікті соттар талап қою арызын қайтарған кезде ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына дұрыс сілтеме жасаған.
ӘРПК-нің 84-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла
алмайды.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың Д[...] талап қою арызын қайтару туралы тұжырымдары негізді, дауланған сот актілерін өзгертіуге, күшін жоюға ешқандай негіздер жоқ.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымы және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс Судья
Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.