ВС РК - Постановление от 10.08.2021 по делу 6001-21-00-3гп/318 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/318

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 10 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші - алқа төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов, прокурор Д[...],

«Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...],

«Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорының өкілі

Н[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорынан мемлекет кірісіне ақшалай соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысын қайта қарау туралы «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорының келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Атырау» кәсіпқой спорт клубы» қоғамдық қорынан (бұдан әрі - Қоғамдық қор) мемлекет кірісіне 160 000 000 теңге ақшалай соманы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Қоғамдық қордан мемлекет кірісіне 160 000 000 теңге ақшалай сома, 4 800 000 теңге сот шығындары өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қоғамдық қор өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қанағаттандыруға қарсы екендігі туралы пікірін, прокурордың дауланған сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылдың 19 желтоқсанында Мекеме (тапсырыс беруші) және Қоғамдық қор (өнім беруші) арасында Атырау облысының құрама командасын 2018 жыл маусымындағы футболдан Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындау және қатыстыру қызметіне ақы төлеу жөнінде мемлекеттік сатып алу туралы №81 шарт (бұдан әрі - шарт) жасақталған.

Шарт бойынша өнім беруші аталған қызметті көрсетуге, ал тапсырыс беруші көрсетілген қызметтерді қабылдап, оның ақысын төлеуге міндеттенген. Шарттың жалпы құны 160 000 000 теңге. Міндеттеменің орындалу мерзімі шарт тіркелген күннен бастап 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.

2018 жылғы 26 қыркүйек - 19 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтер бойынша сол жылдың 20 желтоқсандағы жұмыстарды орындау актісі жасалып, тараптармен қол қойылған. Аталған актінің негізінде тапсырыс беруші 2018 жылғы 27 желтоқсандағы төлем шотымен өнім берушіге 160 000 000 теңгені төлеген.

Атырау қалалық прокуратурасының тапсырыс берушіге 2020 жылғы 13 қаңтарда жолданған ұсынуына сәйкес шарт бойынша Мекеме 2018 жылдың 20 - 31 желтоқсан күндерінің аралығында көрсетілген қызмет үшін төлем жасауға міндетті болғандығына қарамастан, шарт жасалғанға дейінгі мерзімде істелінген қызметтерге 160 000 000 теңге заңсыз төленгендігін көрсетіп, қаржыны бюджет кірісіне қайта өндіруді сұрағандықтан, Мекеме осы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Мекеменің талап арызын қанағаттандыру барысында жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 277баптарында белгіленгендей міндеттеме шарттар мен заң талаптарына сай тиісінше және мерзімінде орындалуға тиіс жөніндегі талаптарға сілтеме жасаған.

Шарттың 8.1-тармағы бойынша шарт тапсырыс беруші оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында тіркегеннен кейінгі күннен бастап күшіне енетіні, ал шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшасында қызметтерді көрсету мерзімі 2018

жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленгенін ескеріп, тараптардың міндеттемелері 2018 жылғы 19 желтоқсанында басталып, 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс болған деп тапқан.

АК-нің 386-бабының 1-тармағында көрсетілгендей шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады. Мекеменің сотқа ұсынған есебіне сәйкес жауапкерге талап қоюшы 2018 жылдың 19 - 31 желтоқсан күндері аралығында көрсетілген қызметі үшін төлем жасауға міндетті болғанына қарамастан, 2018 жылғы 26 қыркүйек - 19 желтоқсан күндері аралығында көрсетілген қызметтері үшін 160 000 000 теңге заңсыз төлеген деп негіздеген.

Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

АПК-нің 15-бабының 1-3-бөліктеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.

Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.

Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (АК-нің 5- бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады. Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мәнжайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалған болып табылады, себебі олар істің белгіленген мән-жайларына сәйкес келмейді, дұрыс қолданылмаған материалдық және процестік құқық нормаларымен негізделген.

АК-нің 7-бабының 1) тармақшасына сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден туындайды.

АК-нің 392-бабының 1-тармағымен қарастырылған сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.

Іс бойынша тараптардың даулы құқықтық қатынастары олардың арасында жасалған Шарттың ережелерінен туындайды.

Бұл мәміле өзінің құқықтық негізі және шарт ережелерiнің сөздері мен сөйлемдерінiң сөзбе-сөз мәнi бойынша команданы жарысқа дайындау және қатыстыру қызметіне ақы төлеу шарты деп танылады.

Істің мән-жайы бойынша Атырау облысының құрама командасы 2018 жылғы маусымдағы футболдан Қазақстан Республикасы чемпионаттарына дайындалып қатысқаны анықталған.

Осыған орай Мекеме осы қызметтерге ақы төлеу мақсатында 2018 жылдың 12 сәуірінде Мекеме мен Қоғамдық қор арасында жасақталған мемлекеттік сатып алу туралы №32 шарты бойынша 1 473 121 000 теңге төлеген.

Аталған шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімі 2018 жылдың

ақпан - қыркүйек айлары белгіленген.

Алайда футбол командасының 2018 жылғы маусымдық республикалық чемпионаттарына дайындалу және қатысу процесі жалғастырылғанына байланысты 2018 жылғы 26 қыркүйек - 19 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтер үшін 2018 жылғы 20 желтоқсандағы тараптармен қол қойылған №10-шы жұмыстарды орындау актісі дәлел.

Осы тұрғыда Мекеме тарапынан аталған жұмыстарды қыркүйек - желтоқсан айларында атқару туралы мемлекеттік сатып алу шарты тек жыл аяғында жасалуының себептері анықталмаған.

Мекеме тарапынан осы жұмыстар бойынша алғашқы конкурс қашан жарияланғаны, оның қорытындысы жөнінде сұрақтар тексерілмеген.

Атап айтқанда, көрсетілген жұмыстарға мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бойынша қанша қаражат бөлінгені, сол жоспарда 2018 жылғы 19 желтоқсандағы мемлекеттік сатып алу туралы №81 шартында белгіленген сома қарастырылғаны, егер қарастырылмаса жылдық жоспарға өзгерістер енгізілгені жөнінде зерттелмеген.

Мекеме 2018 жылдың 19 желтоқсанындағы №81 шарт бойынша атқарылған жұмыс туралы актіге қол қойып, қызметті қабылдап алған.

Мемлекеттік сатып алу туралы №81 шарты жасақталғанға дейін 26 қыркүйек - 19 желтоқсан аралығында Атырау облысының құрама командасына дайындық жүргізу және чемпионаттарға қатыстыруға қолданылған шығындар қандай есептен төлегені туралы уәждер тексерілмеген, бұл тұралы құжаттар іске тіркелмеген.

Жергілікті соттар тараптар арасында №81-ші шартпен жасалған төлем мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу қағидаттарына қайшы келеді деп көрсеткен.

Алайда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабында көрсетілген басқа да қағидаттарының, атап айтқанда мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі туралы (бұл жағдайда - тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алудың жылдың жоспарында қажетті соманың белгілемеуі және дер кезінде конкурс жарияламауы) қағидаттары сақталғандығы тексерілмеген.

Сонымен қатар, осы азаматтық іс бойынша бірінші сатыдағы сот алғашқы қарауының нәтижесінде шығарған 2020 жылғы 1 маусымдағы шешімімен талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сот алқасы 2020 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен сол шешімнің күшін жойып, істі ауданаралық экономикалық соттың қайта қарауына жолдағанда, шартта көрсетілген жұмыстарды орындау барысында жауапкерге әртүрлі тұлғалармен көрсетілген қызметтер қандай негізде жасалғаны анықталмағаны, қызметтердің түрі мен құнын дәлелдейтін құжаттар сотқа толық ұсынылмаған,- деп көрсеткен.

Осы іс бойынша қабылданатын шешім аталған тұлғалардың құқықтары мен міндеттеріне әсер ететіндігіне байланысты, сот алқасы осы тұлғаларды іске тарту арқылы істі толық көлемінде қарауды қамтамасыз ету қажет деп белгілеген.

Сонымен қатар, жауапкер орындаған жұмыстарының мөлшерін анықтау үшін шарт жасалған мерзімге, нақты қандай қызметтер көрсетілгенін анықтау үшін сараптама өткізу қажет деп көрсеткен. Бірінші сатыдағы сот істі қайта қарау барысында осы кемшіліктерді жоймаған.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мәнжайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Жіберілген кемшіліктер елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Осыған орай, алқа осы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.

Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданып, заңды және негізді шешім қабылдау керек.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, азаматтық іс Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

«Атырау» кәсіпқой спорт клубы» Қоғамдық қорының өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов

Судьялар

Ғ. Мырзаке

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.