Қ А У Л Ы
2025 жылғы 15 қазан №6003-25-00-2К/848 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Даненова, талап қоюшының өкілі Н.Куандықұлының жауапкер С.Кабыловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының жауапкер Сейдахмет Байтурсынович Кабыловқа, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін жауапкер жағындағы үшінші тұлғалар «Ел Қонды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Гульзира Дильдановна Кабыловаға, Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Нұрлыбек Жұмабекұлы Қыдырбаевқа кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алу туралы талап қоюымен қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - банк) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, жергілікті соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыруды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және
434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2007 жылғы 9 сәуірде банк пен «Ел Қонды» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік, несие алушы) арасында қаржы айналымын толтыру мақсатында несие лимитін беру туралы №389 келісім жасалған.
120 айға 2017 жылғы 7 сәуірге дейін несие берген.
Серіктестік 2007 жылғы 26 сәуірде осы міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін меншігіндегі Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Қожа Ахмет Яссауи көшесі, нөмірсіз (Керуен көшесі) мекенжайда орналасқан жалпы ауданы 23,50 шаршы метр жанар-жағар май станциясы ғимараты мен жалпы ауданы 0,06 га кадастрлық №10-156-007-120 жер учаскесін №389/1 шартымен банкке кепілге берген.
2007 жылғы 2 тамыздағы №2058/07ЕБР шарты бойынша банк серіктестікке 23 378 000 теңгені жылына 15,5 пайызбен 84 айға несие берген.
2009 жылғы 6 қарашада несие лимитін белгілеу туралы №389/2 келісімдегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепіл беруші 2009 жылғы 6 қарашадағы №389/2 шартына сай С.Кабылов өзінің меншігіндегі Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Сәулет мөлтек ауданы, квартал IV«Б», 16 участок мекенжайда орналасқан жалпы ауданы 181,6 шаршы метр болатын тұрғын үй мен кадастрлық №10-156-002-697 жер учаскесін (бұдан әрі – тұрғын үй мен жер учаскесі) жылжымайтын мүлік банкке кепілге қойған.
Осыдан кейін 2009 жылғы 9 қарашада С.Кабыловпен қарыз шарты бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй мен жер учаскесі банкке қайта кепілге салынған.
Несие алушы міндеттемелерін тиісті түрде орындамағандықтан банк сотқа қарызды өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 18 шілдедегі шешімімен серіктестіктен банк пайдасына 6 967 710 теңге берешегі және 209 031 теңге сот шығыны өндірілген.
Осыдан кейін Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2013 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен серіктестіктен банк пайдасына 39 385 861 теңге берешегі және 1 181 576 теңге сот шығыны өндірілген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 18 ақпандағы шешімімен серіктестікке оңалту рәсімі қолданған.
Қызылорда қалалық сотының 2017 жылғы 24 қарашадағы шешімімен жауапкер С.Кабыловтан банк пайдасына 45 603 571 теңге қарызы және 1 368 107 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
2024 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша серіктестіктің банк алдындағы берешегі 41 324 092 теңге.
2025 жылғы 13 ақпанда заңды күшіне енген Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 6 желтоқсандағы шешімімен серіктестіктің қарызы оның меншігіндегі жоғарыда аталған жанар-жағар май станциясы бастапқы сату бағасы 33 504 647 теңге деп белгіленіп, өндірілген.
Жергілікті соттар жауапкердің кепілге салынған тұрғын үйі мен жер учаскесінен бөлек өндіріп алуға болатын жанар-жағар май станциясы кепілге берілгенін, ақы сол мүліктен өндірілгеннен кейін, қарызы қалғалған жағдайда оны жауапкердің баспанасынан өндіру мүмкіндігі сақталатынын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымға келген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар осы азаматтық іс бойынша әлеуметтік әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарына дұрыс сілтеме жасаған. Себебі, несие қарызының қайтарымы жауапкердің тұрғын үйінен басқа, несие алушы серіктестікпен жанар-жағар май станциясы кепілге салынған. Сот шешімімен банктің ақысы серіктестіктің осы мүлкінен өндірілген.
Сонымен бірге, тараптар 2025 жылғы 29 қыркүйекте банк, серіктестік және «Icompany Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында атқару құжаты бойынша серіктестіктің 2012 жылғы 17 шілдедегі, 2013 жылғы 25 қыркүйектегі, 2017 жылғы 24 қарашадағы сот шешімдері бойынша серіктестік, С.Кабылов және «Icompany Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 40 829 750 теңгені төлеу міндеттемесін алатыны, соңғымен 16 000 000 теңге ақысы банкке төленгені, қалған берешегін кесте бойынша төлеу туралы келісім жасалғанын хабарлады.
Кассациялық сот жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымын жан-жақты, толық анықтағанын, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылғанын ескеріп, сот актілері заңды жəне негізді, кассациялық шағымның уəждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
А.Тоқсанбаев
М.Ибрагимова
А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.