ВС РК - Постановление от 26.06.2025 по делу 6001-25-00-3гп/202 (Гражданское)

6001-25-00-3гп/202

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 26 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында төрағалық етуші судья Ш.С.Иманиязова,

судьялар Т.Ә.Молдахметова, Н.О.Сисенова, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі М.Қ.Әмірбектің,

жауапкерлердің өкілдері С.М.Бекетановтың және Қ.Ж.Ақылбековтің қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер дара кәсіпкер Нурлан Алишерович Толыбаевқа, «Қанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), Төлеби ауданы әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ), нотариус Гулшат Рахметқызы Рахметоваға жер учаскелерін сатып алу-сату келісімдерін, мұрагерлік және меншік құқығы туралы куәліктерді, мүлікті беру туралы келісім шартты, мұраға құқық туралы куәліктің бөлігін және мұралық мүлікті бөлу туралы шарттың бөлігін жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына жауапкер Н.Толыбаевтың өкілі – С.Бекетановтың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, жер учаскесі бастапқыда берілген кезде Қазақстан Республикасының жер заңнамасы бұзылғанын алға тартқан.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Төлеби ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ мен А.Толыбаевтың арасында жасалған 2010 жылғы 5 қарашадағы №151 және 2011 жылғы 15 сәуірдегі №63 жер учаскелерін жеке меншік құқығымен сатып алу-сату келісімдері жарамсыз деп танылған.

2018 жылғы 4 желтоқсандағы №3341, №3343 жер учаскелері Р.Оспаналиеваның иелігіне өткені жөніндегі мұрагерлік туралы, №3340 және №3342 меншік құқығы туралы куәліктер жарамсыз деп танылған.

2022 жылғы 28 желтоқсандағы №4205 Р.Оспаналиеваның мүлікті «Қанат» ЖШС-нің иелігіне беру туралы келісім шарт жарамсыз деп танылған.

2023 жылғы 30 тамыздағы №2023 заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктің және 2023 жылғы 28 тамыздағы №2027 мұралық мүлікті бөлу туралы Н.Толыбаевтың иелігіне өткені жөніндегі шарттың 2,5 гектар жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған.

Сот шығыстарының мәселесі шешілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша жауапкерлердің өкілінің өтінішхат уәждерін қолдаған, жауапкер аудан әкімдігінің өкілінің сот қарауына қалдырған түсініктерін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың өтінішхат қанағаттандырылуға жатпайды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 1-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға сот сатылары тарапынан жол берілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 147-бабының 14-тармағына сәйкес жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.

Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында тізбеленген ерекше жағдайлардың қатарына кірмесе мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру тек сауда-саттықта (аукциондарда ) жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Іс құжаттарына қарағанда, Төлеби ауданы әкімінің 2010 жылғы 18 қазандағы №430 қаулысына сәйкес А.Толыбаевқа Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округінің жер қорынан шаруа қожалығын жүргізу үшін 20 гектар жайылым жер учаскесі сатып алу бағасымен жеке меншікке берілген.

Осы қаулы негізінде жер учаскесіне кадастрлық №19-298-021-571 сәйкестендіру нөмірі беріліп, «Төлеби ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ мен А.Толыбаевтың арасында 2010 жылғы 5 қарашада №151 сатып алусату шарты жасалған.

Содан соң, Төлеби ауданы әкімінің 2011 жылғы 17 қаңтардағы №41 қаулысына сай А.Толыбаевқа Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округі аумағынан 2,5 гектар жайылым жер учаскесінің нысаналы мақсаты «демалыс және сауықтандыру орталығы құрылысы» үшін өзгертілген және сатып алу бағасымен жеке меншікке сатылған.

Аталған қаулы негізінде даулы жер учаскесіне кадастрлық №19-298-021580 сәйкестендіру нөмірі беріліп, 2011 жылғы 15 сәуірде №63 сатып алу-сату шарты жасалған.

Кейін, А.Толыбаевтың қайтыс болуына байланысты, жоғарыда көрсетілген жер учаскелері 2018 жылғы 4 желтоқсандағы №3341, №3343 мұрагерлік туралы куәліктер және №3340, №3342 меншік құқығы туралы куәліктер негізінде Р. Оспаналиеваның меншігіне өткен. 2022 жылғы 28 желтоқсандағы №4205 мүлікті беру туралы келісім шарт негізінде кадастрлық №19-298-021-571 жер учаскесі «Қанат» ЖШС-нің меншігіне өткен.

Сондай-ақ, Р.Оспаналиеваның қайтыс болуына байланысты 2023 жылғы 30 тамыздағы №2023 заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік және 2023 жылғы 28 тамыздағы №2027 мұралық мүлікті бөлу туралы келісім шарт негізінде, кадастрлық №19-298-021-580 жер учаскесі Н.Толыбаевтың меншігіне өткен.

Сот сатылары жер учаскесін бастапқы берілуіне және кейінгі мәмілелерге қатысты мән-жайларды толығынан анықтап, заң талаптарының бұзылуын, атап айтқанда Жер кодексінің 48-бабында белгіленген тәртіп сақталмай, жер учаскесі аукционсыз және конкурстық рәсімдер өткізілмей берілгенін алға тартқан.

Алайда, жергілікті соттардың жер учаскесіне қатысты мәмілелерге баға бере отырып, оларды жарамсыз деп танып, құқықтық салдары жойылуға жатады деген қорытындылары негізсіз .

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 177180-баптарына сәйкес талап қоюдың жалпы мерзімі – үш жыл, бұл мерзім құқық бұзушылық белгілі болған немесе белгілі болуы тиіс күннен басталады. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын өкілетті орган – қазіргі таңда талап қоюшы және оған дейінгі басқа атаумен әрекет еткен органдар, мемлекеттік бақылау барысында заң талаптарын орындауы қажет.

Ал талап қоюшы өкілетті орган ретінде, жергілікті атқарушы органдардың 2010–2011 жылдардағы шешімдерінің заңдылығына бақылауды дер кезінде жүргізбеген, керісінше, әрекетсіздік танытқан.

Жауапкерлер Н.Толыбаев және «Қанат» ЖШС-і қазіргі уақытта құрылыс жүргізуге қатысты барлық рұқсат құжаттарын алып, 2,5 гектар жер учаскесіне 7-қабатты «Демалыс және сауықтандыру орталығы» ғимаратын салып қойған. Демек, олар жер иегері ретінде өз міндеттерін адал орындап, жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша игерген.

Бұл мән-жайлар жергілікті соттарда жан-жақты талқыланғанын тараптар өкілдері кассациялық сот алқасында растаған.

Олай болса, талап қоюшының сотта әкімнің қаулылары мен мәмілелерді 14 жылға жуық уақыт өткен соң даулауы талап қою мерзімінің өтіп кетуіне орай негізсіз болып табылады.

Оған қоса, жауапкерлер меншік иесі ретінде, АК-нің 8-бабында көрсетілген азаматтық құқықтарды жүзеге асыру қағидаттарын бұзғаны сотта анықталмаған.

Істің мұндай тұрғысында сот сатыларының материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағаны көрінеді. Сондықтан осы іс бойынша қабылданған сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды, олардың күші жойылуға жатады.

Іс бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданып, жауапкер өкілінің өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша Департаменттің талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

Жауапкер өкілінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ш. Иманиязова

Судьялар Т. Молдахметова

Н. Сисенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.