Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4425 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-2к/4425 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында

төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., талап қоюшының өкілі адвокат Б.М.Айткулов, жауапкердің өкілі Қ.А.Наурзбаев,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Усенова Гульназ Куанткановнаның жауапкер «Халық» сақтандыру компаниясы» «Қазақстан Халық Банкінің еншілес ұйымы» акционерлік қоғамына (осыдан әрі - АҚ) берген сақтандыру төлемін төлеуден бас тартуын заңсыз деп тану, сақтандыру төлемін өндіру туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

2020 жылғы 15 қазанда «Халық» сақтандыру компаниясы» АҚ-ы және К.И.Сатубалдиев арасында «ISUZU SAZ NP-37» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі 943KVB13, автобусқа қатысты азаматтық - құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарты жасалып, сақтандырылушы ретінде Н.Т.Умаров көрсетілген (бұдан әрі – cақтандыру шарты). 2021 жылғы 1 ақпанда осы тұлғалар арасында аталған автобусқа қатысты тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық - құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру шарты (бұдан әрі - ерікті сақтандыру шарты) жасалып, сақтандырылушы ретінде Н.Т.Умаров көрсетілген.

2021 жылы 17 қыркүйекте, Шымкент қаласында, жүргізуші Н.Т.Умаров осы аталған автобуспен жолаушылар тасымалдап, жүргізіп келе жатқан жолда, автобустың есігі ашық қалғаны себепті жолаушы А.Т.Тасбулатов секіріп кетіп, жол-көлік оқиғасы орын алып, жолаушы алған дене жарақатынан қаза тапқан.

Талап қоюшы Г.К.Усенова талап қоюында күйеуі А.Т.Тасбулатовтың жолаушы ретінде тасымалдау барысында қаза болғанына байланысты тасымалдаушының сақтандырушысы ретінде жауапкерден 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сақтандыру төлемін және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жерлеу шығынын өндіруді сұраған. Талап қоюшы талап қоюының негізі ретінде сақтандыру шарттарына сай сақтандыру жағдайы туындағанда сақтандырушының төлем жүргізу міндеттемесі көзделгенін, жолаушының сақтандыру жағдайын туындату үшін теріс пиғылмен автобустан қасақана секіріп кеткені дәлелденбегенін, осы оқиға сақтандыру жағдайына жатпайтын оқиға деп қате бағаланғанын, заң талаптарына сай жоғары қауіп көзімен келтірілген зиян үшін тек дүлей күш немесе жәбірленушінің қасақана әрекеті дәлелденген жағдайында ғана жауапкершіліктен

босатылатынын, азаматтың өлімі жағдайында зиянды өтеуден толық бас тартуға жол берілмейтінін көрсеткен.

Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 806 - бабының 1-бөлігінің 1 - тармағына сәйкес, міндетті сақтандыру - міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды қоспағанда, түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін жекелеген заңнамалық актілерінде белгіленетін, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Осы баптың 6 бөлігіне сай ерікті сақтандыру – тараптардың ерік білдіруіне қарай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық - құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 1-бөлігіне сай жолаушыларды және олардың мүлкін темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігімен және қалалық рельстік көлікпен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.

Осы заңның 7 - бабының 1- бөлігінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейтіні ескерілген.

Заңның 19 - бабының 1 - бөлігінде тасымалдау кезінде жолаушылардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу бойынша тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру жағдайы деп танылатыны бекітілген.

Осы заңдардың талаптарынан жолаушылардың өмірі мен ден-саулығына келтірілген зиянды өтеу тәртібі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты арқылы реттелетіні көрінеді. Алайда, тасымалдаушы жауапкермен жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасамаған.

Ерікті сақтандыру шартының 12 - тармағының ерекше шартында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес азаматтыққұқықтық жауапкершілігі көлік құралының иесі және/немесе тасымалдаушы ретінде жолаушылар алдында міндетті сақтандыруға жататын тасымалдаушымен осы шартты жасасу кезінде осы шарт бойынша сақтандыру төлемі азаматтыққұқықтық сақтандыру туралы заңнамалық актілерде белгіленген жауапкершіліктің шекті көлемінен асатын залалдың бір бөлігі мөлшерінде жүзеге асырылатындығы белгіленген. Осы іс бойынша талап қоюшы міндетті сақтандыру туралы заңдармен белгіленген жауапкершіліктің шекті көлемінен аспайтын залалды (2000 + 100 АЕК) өндіруді талап кеткен. Алайда, ерікті сақтандыру шартымен сақтандыру төлемі тек міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің шекті көлемінен асқан жағдайда ғана жүргізілетіні көзделген. Демек, бұл ерікті сақтандыру шарты негізінде талап етілген зиян өндірілуге жатпайды.

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңның 13 - бабының 1 - бөлігінің 2 - тармағында көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбiрленушi деп танылған, оның iшiнде зиян келтiруге кiнәлi болып табылған сақтанушының (сақтандырылушының) көлiк құралында болған барлық адамдарға қатысты қолданылады, оған егер сақтанушы (сақтандырылушы) тасымалдаушы болып табылса, оған Қазақстан Республикасы заң актісінің тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық - құқықтық жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыруды реттейтiн талабы қолданылса, жолаушылар кірмейтіндігі көрсетілген.

Бұл заңға сай көлiк құралы иелерiнiң азаматтық - құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарты тасымалдаушы мен жолушыларға қатысты қолданылмайтыны ескерілген, сондықтан бұл сақтандыру шарты бойынша да сақтандырушыдан жолаушыға қатысты сақтандыру төлемін өндіруге болмайды.

Мұндай жағдайда, жоғарыда аталған екі шарт бойынша да сақтандырушыға жолаушының өміріне келтірілген зиянды өтеу міндеті жүктелмегені анықталады.

Тасымалдаушы өзінің жолаушылар алдындағы жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты арқылы сақтандырмағаны себепті жолаушының өміріне келтірілген шекті зиянды өтеу жоғарғы қауіптілік көзінің иесі ретінде тікелей тасымалдаушының өзіне жүктеулуі мүмкін.

Сонымен қатар, ерікті сақтандыру шартының 2 бөлігінің 1 тармағының 12 тармақшасына сай, жолаушы сақтандыру жағдайын туғызу үшін қасақана

әрекеттер жасағаны анықталса, ондай жағдай сақтандыру оқиғасы ретінде танылмайтыны көрсетілген.

Осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі 2021 жылғы 13 қарашада қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Қаулыға сәйкес А.Т.Тасболатовтың денсаулығына және өміріне келтірілген зиян оның өзінің әрекетінен болғаны көрсетілген. Алайда, іс құжаттарымен жолаушының осы оқиға бойынша жасаған әрекеті сақтандыру жағдайын туғызу үшін қасақана жасалғаны дәлелденбеген.

Осы ретте, талап қоюшының жолаушының сақтандыру жағдайын туғызу үшін қасақана әрекет жасағаны дәлелденбегені туралы уәжі оның талап қоюын қанағаттандыруға негіз болмайды, себебі тасымалдаушы міндетті сақтандыру шартын жасамағандықтан жауапкердің шекті зиянды өтеу міндеті туындамаған.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев А.Даненова

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.