ВС РК - Постановление от 29.01.2025 по делу 6001-24-00-3ГП/541 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/541

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 29 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Иманиязова Ш.С.

судьялар Молдахметова Т.А., Савинова А.С.,

талап қоюшы К.Е.Камилаевтың, оның өкілі С.Абдигаппаровтың, жауапкер өкілдері Н.Ж.Байғазының, Д.Т.Айкужаевтың және М.Б.Ермекбаевтың қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында

талап қоюшы К.Е.Камилаевтың жауапкер «Қазақстан Темір Жолы-жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс филиалы Қызылорда қосалқы бөлімшесінің Қызылорда пайдалану локомотив депосының (бұдан әрі – Қызылорда пайдалану локомотив депосы) еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру және амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі С.Абдигаппаровтың өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Камилаев К.Е. сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Қызылорда пайдалану локомотив депосының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 26 ТГЭ-дисц еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Камилаев К.Е. Қызылорда пайдалану локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастырылған. Қызылорда пайдалану локомотив депосынан К.Е.Камилаевтың пайдасына амалсыз бос жүрген уақыты үшін 4 080 661 теңге жалақы өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылған. К.Е.Камилаевтың жауапкер Қызылорда пайдалану локомотив депосының еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюды, жұмысқа қайта орналастыру және амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіруді сұраған талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 16 қазандағы ұйғарымымен Қызылорда пайдалану локомотив депосының сот шешімінің орындалуын бұру туралы арызы қанағаттандырылған. Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімнің орындалуы бұрылған. К.Е.Камилаевтан жауапкер Қызылорда пайдалану локомотив депосының пайдасына 2 362 488 теңге өндірілген.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сот алқасы талап қоюшының және оның өкілінің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы пікірін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Камилаев К.Е. Қызылорда пайдалану локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2023 жылғы 12 желтоқсанда Қызылорда пайдалану локомотив депосының ТД-6 Шиелі айналым депосында ТЭЗЗА-0065 тепловозын тазалау жұмыстарын жүргізу барысында машинист көмекшісі Жакипов М. құлау салдарынан ауыр дене жарақатын алып, қайтыс болған.

Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 176-и/к бұйрығымен құрылған арнайы тергеп-тексеру комиссиясының еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеруінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы актісінде жазатайым оқиғаның себептері ретінде зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, жұмыс жүргізудің дұрыс ұйымдастырылмауы, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеуі немесе қолданбауы көрсетілген.

Аталған актіге сәйкес комиссия, Қызылорда пайдалану локомотив депосының жұмыскері М.Жакиповпен болған жазатайым оқиға жұмыс уақыты ішінде жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша әрекеттер жасау кезінде болған деген тұжырымға келген. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 186-бабы 2-тармағының

  1. тармақшасына сай бұл жазатайым оқиға еңбек қызметімен байланысты деп дәрежеленген.

Жазатайым оқиға себептерін ескере отырып, зардап шегуші жұмыскердің кінәсі 30 %, жұмыс берушінің кінәсі 70 % болып белгіленген. Ал актінің жазатайым оқиғаның өндіріспен байланысы туралы және еңбек заңнамасының бұзылуына жол берген адамдар туралы қорытындысында зардап шегуші М.Жакипов машинист көмекшісі ретінде қауіпсіздік нұсқаулығының талаптарын сақтамай, өз денсаулығының қауіпсіздігін бұзуға ықпал ететін әрекет жасаған, депоның өндірістік қауіпсіздік және экология секторының сектор бастығы А.Жиенбаевтың тарапынан жұмысты төсемінің бетінен 3 метр биіктікте орындау үшін М.Жакиповке өзін-өзі сақтандыру ілмегі берілмеген, депо басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары К.Е.Камилаевтың тарапынан еңбек міндеттерін жұмыс барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс шаралар жүргізілмеген, депо машинисті А.Қадырбергеновтің тарапынан еңбек міндеттерін жұмыс барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері мен нормаларының сақталуы тиісінше қадағаланбаған деген тұжырымға келген.

К.Е.Камилаевтың тарапынан Қызылорда пайдалану локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары ретінде еңбек міндеттерін жұмыс барысында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шаралары жүргізілмей, Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 1), 4), 15) тармақшаларының, Қызылорда пайдалану локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасарының лауазымдық нұсқаулығының 15-тармағының талабының бұзылғандығы көрсетілген.

К.Е.Камилаевпен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен, депо басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқаруы барысында өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлеріне ауыстыру арқылы оны барынша азайту және болғызбау жөніндегі шаралар қолданбағаны үшін, жұмыскерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасамай, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқ киімін беруді және жеке ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етпегені үшін, авариялық ахуалдың өршуін және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау жөніндегі шұғыл шараларды қабылдамағаны үшін, өзінің лауазымдық нұсқаулығының 15-тармағының 15.2 тармақшасын сақтамағаны үшін Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес бұзылған.

Жұмыстан шығарылуымен келіспеген Камилаев К.Е. сотқа талап қоюмен жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қою қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.

Алқа апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымымен төмендегі негіздер бойынша келіспейді.

Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша өндірістік жарақаттар мен аварияларды қоса алғанда, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын жұмыскер бұзған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Анықталғандай, 2023 жылғы 12 желтоқсандағы машинист көмекшісі М.Жакиповпен болған жазатайым оқиға Қызылорда пайдалану локомотив депосының ТД-6 Шиелі станциясында Локомотивке техникалық қызмет көрсету пунктінде орын алған.

Қызылорда пайдалану локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасарының лауазымдық нұсқаулығының 15-тармағының 15.2 тармақшасына сәйкес, өндірістің қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмау, ресурстарды ұқыпты пайдалану, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және техникалық мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге басшылық ету кіреді.

К.Е.Камилаевтың тарапынан жыл сайын локомотив топтарының еңбек қауіпсіздігі, электр қауіпсіздігі бойынша білімі тексеріліп бекітілген комиссия мүшелерінің қатысуымен сынақ қабылданып отырған. Локомотив топтарының барлығы өз уақытында жеке қорғану құралдары және арнайы киімдерді пайдалану мерзіміне сәйкес қамтамасыз етілген. Бекітілген техникалық сабақ өту кестесіне сәйкес жұмысшылармен техникалық сабақ өткізіліп, тоқсан сайын сынақ қабылданған. Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша тексерістер жүргізіліп, анықталған кемшіліктермен талдау жасалынып шара қолданылып отырған. Тікелей басшысының тапсырмалары орындалып, атқарған жұмысы бойынша кемшіліктер орын алмаған.

2017 жылғы 12 қазандағы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Басқарма төрағасымен бекітілген № 980-ГП бұйрығы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив бригадаларының қозғалыс қауіпсіздігі жөнінде нұсқаулық өткізу және ұйымдастыру Ережесіне» сәйкес, депо кезекшісімен, кезекшіліктегі машинист-нұсқаушысымен, әр-бір сапар алдында локомотив бригадаларына қызметіне тікелей қатысты қозғалыс қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау материалдары бойынша журналға тіркей отыра нұсқама жүргізіледі.

Алайда, талап қоюшы депо кезекшісі немесе кезекшіліктегі машинистнұсқаушысы болып табылмайды. К.Е.Камилаевтың лауазымдық нұсқаулығында әр-бір сапар алдында локомотив бригадаларына еңбек қауіпсіздігі туралы нұсқаулық беру, локомотив бригадаларының сапардағы еңбек қауіпсіздігін сақтау тәртібін қадағалау қарастырылмаған. Яғни, К.Е.Камилаев локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары ретінде локомотив депосы жұмыскерлерінің жұмыс барысында еңбек және жеке басының қауіпсіздігін сақтауға қатысты іс-әрекеттеріне жауап беруге міндетті емес.

Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының жұмыстан шығарылуы жауапкермен заңсыз жүзеге асырылғандығы жөніндегі тұжырымы негізді.

Сәйкесінше, сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

Анықталғандай, бірінші сатыдағы сотпен сот шығыстарына қатысты мәселе шешілмеген.

Камилаев Қ.Е. кассациялық сатыға берген өтінішхатында өкілдің көмегіне төленген 400 000 теңге сот шығысын өз пайдасына өндіріп беруді сұраған. Алайда, өтінішхатқа аталған соманың төленгендігін растайтын тиісті құжаттарды тіркемеген.

Осыған орай, Камилаев К.Е. өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарды өндіру туралы арызбен бірінші сатыдағы сотқа жүгінуге құқылы. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

К.Е.Камилаевтың өкілі С.Абдигаппаровтың өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ш. Иманиязова Судьялар Т. Молдахметова А. Савинова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.