№6003-25-00-2к/5653
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 13 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшы Ж.С.Баекееваның қатысуымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Жазира Сейлхановна Баекееваның жауапкер жеке кәсіпкер Адия Шахмаранға материалдық шығын мен моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ж.С.Баекеева сотқа талап қоюмен жүгініп, онда А.Шахмараннан «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Gaya aesthetic» парақшасына тапсырыс беру арқылы 2024 жылғы 31 тамызда сатып алған, тиісті емес сападағы тауардың құны 34 800 теңгені, тауарды жеткiзiп берушiнiң қызметiне төленген 5 900 теңгені, 5 000 тенге тауарға алдын ала жасалған төлемді және 1 000 000 тенге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Ж.С.Шахмараннан 34 800 теңге сатып алынған тауардың құны, 5 900 теңге тауарды жеткiзiп берушiнiң қызмет ақысы, 30 000 тенге моральдық зиянның өтемақысы өндіріліп, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сот шығындары бөлінген, Ж.С.Шахмараннан 100 000 тенге өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығыны, сенімхат рәсімдеуге жұмсалған 4 000 тенге және 707 теңге төленген мемлекеттік баж өндірілген.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымымен бұл сот шешімінің күші жойылып, азаматтық іс мәні бойынша бірінші сатыдағы соттың қағидаларымен қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылданған.
Істің 2025 жылғы 26 маусымда бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қайта қаралуы қорытындысымен, Ж.С.Баекееваның талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына жеке кәсiпкер Шахмаран Адиядан 34 800 теңге сатып алынған тауардың құны, 30 000 тенге моральдық зиянның өтемақысы өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ж.С.Баекееваға жеке кәсiпкер Шахмаран Адиядан 150 000 тенге өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығыны мен 2 194 теңге төленген мемлекеттік баж қайтарылған.
Апелляциялық сатыдағы сотпен бұл шешімді қабылдауына, сатып алынған тауарда кемшілік болғаны расталмағандықтан, сатушыдан тек қайтарылған
тауардың құны мен оның әрекетінен тұтынушыға келтірілген моральдық зиянның өтемақысы өндірілуге тиістігі туралы тұжырымға келуі негіз болған.
Кассациялық шағымда, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты және сатылған тауардың тиісті сапада болмағаны дәлелденгендіктен, жауапкерден баж салығына төленген 109 теңгені, заңгердің кеңесі үшін төленген 30 000 теңгені, тауар үшін алдын ала төлем ретінде жасалған 5 000 теңгені, тауарды жеткiзiп берушiнiң қызметiне төленген 5 900 теңгені, дәрі-дәрмегіне жұмсалған 80 370 теңгені, моральдық зиянның өндірілмеген бөлігі 2 970 000 теңгені өндіру сұралған.
Жауапкер шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, оған қарсылық білдіріп, сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.
Істің қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкердің болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігіне кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюшының түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот шығарған сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Бұған дейін жоғарыда аталған Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымымен кассациялық шағым берілген Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімінің күші жойылған.
Сондықтан шағымның бұл бөлігі қаралуға жатпайды.
Тараптар арасында даудың туындауына себеп болған істің мән-жайлары дауланып отырған сот актісінде баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайтадан баяндауды қажет етпейді.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы № 274-IV Заңының (бұдан әрі-Заң) 14-бабының 1, 2 - тармақтарының талаптары бойынша, сатып алушы өзіне азықтүлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
Іс құжаттарымен расталған және олар тараптармен жоққа шығарылмаған істің мән-жайларына қарағанда, талап қоюшыға сатып алынған тауар, курьерлік жүк құжатына сәйкес оған 2024 жылғы 10 қыркүйекте жеткізілген, тауардың 34 800 теңге құны жауапкерге 2024 жылғы 31 тамызда төленген.
Сатып алынған тауардың сапасына келіспеген талап қоюшы, тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, яғни 2024 жылғы 17 қыркүйекте оны жауапкерге қайтарған.
Сондықтан талап қоюшы сатып алушы ретінде заңда белгіленген мерзім ішінде сатушыға қайтарылған тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы болған.
Заңның 30-бабының 8-тармағының талабы бойынша, сатушы (дайындаушы) тұтынушыға тиісті емес сападағы тауарды жеткізуге және (немесе) қайтарып беруге байланысты шығыстарды өтеуге міндетті.
Алайда, АПК-тің 72-бабының талаптарына сәйкес жауапкермен тиісті емес сападағы тауар сатылғаны немесе тауардағы кемшіліктер жөнінде талап қоюшыға айтылмағы іс бойынша жеткілікті дәлелдемелер жиынтығымен өз дәлелін таппағандықтан, тауарды жеткiзiп берушiнiң қызметiне жұмсалған 5 900 теңгені сатушыдан өндіруге құқықтық негіз болмаған.
Себебі, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 11-тармағының талабы бойынша шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімді әрбір тараптың тең негіздерде дәлелдемелерді зерттеуге қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулысының уәждеу бөлігінде талап қоюшымен тауар үшін алдын ала жасалған 5 000 теңге төлемнің жауапкерден өндірілуге жататыны туралы тұжырым жасалған, бірақ бұл талап бойынша шешiм шығарылмаған.
Сонымен қатар, қайтаруды талап етілген дәрі-дәрмекке жұмсалған 80 370 теңге сот шығынын өндіру мәселесі сотпен ашық қалдырылған, заңгердің кеңесі үшін төленген 30 000 теңгенің қайтарылуы істі қарауда талап қоюшымен талап етілмеген.
Сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды.
Сондықтан сотпен сот шығындарының бірі бойынша құқық туралы мәселесi шешіліп, бірақ алып берiлетін соманың мөлшері сот актісінде көрсетілмегендіктен және бірі бойынша бұл мәселе қаралмағандықтан, Ж.С.Баекеева АПК-тің 236-бабының талаптарын сақтай отырып, іс бойынша
қосымша қаулы шығару туралы апелляциялық сатыдағы сотқа арызбен жүгінуге құқылы.
Заңның 21-бабында, тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының бұзуы салдарынан келтірілген моральдық зиянды өтеуді талап ету құқығы көзделген.
Сотпен талап қоюшының заңмен тікелей көзделген бұл даусыз құқығы ескеріліп, моральдық зиянның өтемақысы Азаматтық кодекстің 951, 952 - баптарының талаптарына сай оның жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуының нақты мән-жайларды, келтірілген зардаптарының ауырлығы ескеріле отырып айқындалған.
Бұл тұрғыда, өтемақы мөлшерімен келіспеу жөніндегі шағым уәждері, оның мөлшерін анықтауда құқық нормаларының бұзылуы анықталмағандықтан негізсіз, себебі бұл мәселені шешу соттың субъективті пікірі болып табылады.
Сенміхатты нотариатта куәландыруға байланысты жұмсалған 4 000 теңге сот шығынын растайтын құжаттар ұсынылмағандықтан, бұл сома жауапкерден өндірілуге жатпаған.
Қалған сот шығыстары туралы мәселесi апелляциялық сатыдағы сотпен АПК-тің 109, 113-баптарының талаптарына сәйкес дұрыс шешілген.
Жалпы, кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттың қарау нысаны болып, даулы сот актісінде оларға қатысты тиісті құқықтық баға берілген.
Осыған орай, сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздер болмағандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Жазира Сейлхановна Баекееваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.