ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қазан 6003-25-00-4к/800 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының құрамында:
төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,
судьялар – Р.М.Айнакулова, Н.М.Кабдрахманова,
ашық сот отырысында талап қоюшы Гулчехра Иргешваевна Мехманованың жауапкерлер жеке сот орындаушысы Молдир Билаловна Домбаеваға, Бабиржан Сабирович Турдибаевқа, Уткиржан Эргашбекович Ашурметовке, Эльдар Махамматович Мирзаевқа, нотариустар Гуламжан Азатиллаевич Мадаев пен Нурбек Доскалович Назарбековке тыйым салынған мүлікті сауда сатыққа қайталап шығару туралы 2020 жылғы 7 қыркүйектегі қаулыны, электрондық аукцион қорытындысы туралы 2020 жылғы 24 қыркүйектегі хаттмасын заңсыз деп тану, сату - сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Г.И. Мехманова жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді. Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 12 наурыздағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Г.И. Мехманова кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбауына байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың өкілдері өздерін сот отырысына дыбыс-бейне байланыс құралдары арқылы қатыстыру туралы өтініштерін жолдады. Алайда бұл өтініштер қанағаттардырылуға жатпайды. Тиісті түрде хабарланған іске қатысушылардың өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша соттармен заңбұзушылықтарға жол берілген.
Соттармен анықталғандай, Сайрам аудандық сотының 2018 жылғы 7 маусымдағы шешімімен «Аграрлық кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – корпорация) жауапкерлер «Розамат Бобо» шаруа қожалығынан, М.Розуметовтан, М.Мехмановтан қарыз соманы өндіру және кепілге қойылған мүліктен өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылған. М.Мехмановтан 5719805 теңге қарыз сомасы кепілге қойылған үйден өндірілген.
Осы шешімді орындау барысында электронды сауда саттықтың қорытындысы негізінде 2020 жылғы 26 қыркүйекте жеке сот орындаушысы М.Б.Домбаева мен У.Э.Ашурметов араларында үйді сату-сатып алу келісім шарты жасалған.
Одан кейін үйді У.Э.Ашурметов 2021 жылғы 10 ақпанда Э.М.Мирзаевқа, ал ол болса 2022 жылғы 26 мамырда Б.С.Турдибаевқа сатып жіберген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен жоғарыда аталған 2018 жылғы 7 маусымдағы сот шешімінің күші жойылып, іс басқа құрамда қайта қарауға жолданған.
Сайрам аудандық сотының 2022 жылдың 29 желтоқсандағы ұйғарымымен корпорацияның талап қоюы қараусыз қалдырылған.
Талап қоюшы сот орындаушысына үйді электронды сауда саттыққа шығару туралы қаулысы мен барлық мәмілелерді жою туралы арызымен жүгінген.
Сот орындаушысы 2024 жылғы 25 желтоқсандағы хатымен арызды қанағаттандырудан бас тартқан.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды төмендегі негіздермен қанағаттандырудан бас тартқан.
жеке сот орындаушысы үйді сауда саттыққа шығарған кезде 2018 жылғы 7 маусымдағы сот шешімі күшінде болған, сот орындаушысы бұл шешімді орындауға міндетті болған;
үйге қатысты мәмілелерді жою сот орындаушысының құзырына кірмейді және қазіргі таңда атқару өндірісі оның өндірісінде жоқ;
Түркістан облыстық сотының 2024 жылғы 7 маусымдағы қаулысында үйді сауда саттыққа шығару кезінде соттың шешімі бұзылмағаны және сот орындаушысы сот шешімін орындауға міндетті болғаны көрсетілген. Бұл сот актісінің преюдициялық маңызы бар;
«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес АК-нің 261-бабының 3-тармағына сәйкес егер мүлiк сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiппен сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша мүлiктi талап етіп алуға жол берiлмейдi. Мұндай құқықтық реттеу сот актілерінің орындалуының тұрақтылығын қамтамасыз ету және адал алушыны қорғау мақсатына сай келеді.
Соттардың бұл тұжырымдарымен кассациялық сот келіспейді.
ӘРПК-нің 136-бабының төртінші бөлігі және «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 5- тармағымен сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне сотқа шағым жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Соттар азаматтық іс бойынша сот шешімі орындалып қойған деген тұжырымымен шектеліп, Г.И.Мехманова үйін сауда сатыққа шығару туралы 2020 жылғы 7 қыркүйектегі сот орындаушысының қаулысы мен электрондық аукцион қортындысы туралы 2020 жылғы 24 қыркүйектегі хаттаманы заңсыз деп тануды сұрағаны ескерілмеген, жауапкердің даулы актілеріне ешқандай құқықтық баға берілмеген. Яғни, ӘРПК-нің 16-бабында көрсетілген соттың белсенді рөлі қағидаты атқарылмаған, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жай жан-жақты, толық және объективті түрде зерттелмеген.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің 84-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.
Осы тұрғыдан 2020 жылғы 26 қыркүйекте жеке сот орындаушысы М.Б.Домбаева мен У.Э.Ашурметов араларында жасалған үйді сату-сатып алу келісім шартына жоғарыда аталған әкімшілік актілердің заңды салдары бола алатынына баға берілмеген.
Одан басқа, іс құжаттарына атқарушылық өндірістің көшірмесі тіркелмеген.
Сонымен бірге, ӘРПК-нің 4-бабының 15)-тармақшасына сәйкес жауапкер – сотта талап қою берілген әкімшілік орган немесе лауазымды адам.
Осы іс бойынша жауапкер ретінде нотариустар мен жеке тұлғалар тартылған. Олардың іс бойынша жауапкер бола алатыны талқыланбаған.
Одан басқа, жоғары аталған талап қоюға қатысты шешім болашақта өндіріп алушы корпорацияның құқықтарына әсер етуі мүмкін, ал ол іс бойынша мүдделі тұлға ретінде қатыстырылмаған, оның талап қоюға пікірі анықталмаған.
Сонымен бірге жеке сот орындаушысы М.Домбаеваның өкілі ретінде басқа сот орындаушысы Е.Онталапұлы қатысқан, алайда АПК-нің 6-тарауында кімдердің өкіл бола алатыны көрсетілген. Е.Онталапұлының өкілеттігін растайтын құжат іске тіркелмеген.
Соттар жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескермеген, оларға тиісті құқықтық баға бермеген.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылуға, іс осы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілуге, ал кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 сәуірдегі қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
Талап қоюшы Г.И.Мехманованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Р. Айнакулова
Судьялар:
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.