6001-25-12-3П/20
ҰЙҒАРЫМ
2025 жылғы 15 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Ж.Тоқтарова,
талап қоюшы Мейіргүл Сәнбайдың жауапкер Салтанат Мажитовна Мусинаға консалтингтік қызметтерді көрсету туралы келісімнің күшін жою, ақша қаражатын өндіру туралы азаматтық іс бойынша Алматы қалалық соты төрағасының азаматтық істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотына жүгінген.
Осы соттың 2025 жылғы 10 ақпандағы ұйғарымымен жауапкер Алматы қаласында тұруына байланысты азаматтық іс соттылығы бойынша Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотына жолданған.
Алматы қалалық сотының төрағасы ұсынысында азаматтық істің соттылығын анықтауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Теректі аудандық соты азаматтық істі соттылығы бойынша Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық сотына жіберуді жауапкер С.М.Мусинаның Алматы қаласында тұруымен негіздеген. АПК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қою жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 16-бабында көрсетілгендей, азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.
Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесінің мәліметіне сәйкес жауапкер С.М.Мусина Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ынтымақ көшесі, 24 үй, 2 пәтер мекенжайы бойынша тұрады.
Бастапқыда талап қоюшы жауапкердің тұратын орны бойынша дұрыс жүгінген. Сондықтан, Теректі аудандық сотымен талап қою соттылық ережелері бұзылмай өндіріске дұрыс қабылданған.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, азаматтық іс соттылығы бойынша Әуезов ауданының №2 аудандық сотына негізсіз жолданған.
Істің мұндай тұрғысында, Алматы қалалық соты төрағасының азаматтық істің соттылығын анықтау туралы ұсынысы негізді болып табылады. АПК-нің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, судья
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Талап қоюшы Мейіргүл Сәнбайдың жауапкер Салтанат Мажитовна Мусинаға консалтингтік қызметтерді көрсету туралы келісімнің күшін жою, ақша қаражатын өндіру туралы азаматтық іс соттылығы бойынша Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотына жолдансын.
Алматы қалалық соты төрағасының ұсынысы қанағаттандырылсын.
Ұйғарым түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
Судья Б.Ж.Тоқтарова
Көшірмесі дұрыс Судья
Б.Ж.Тоқтарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.