Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2108 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2108 6003-25-00-2к/2108/2

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 18 қараша

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкердің өкілі Д.Б. Балтабайдың, аудармашы Р.Таласпаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер «Jusan Ventures» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өтемақы төлеу мен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі тараптардың Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

«Jusan Ventures» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әріЖШС) 96 287 710 теңге мөлшеріндегі ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, Есіл ауданы, Есіл өзенінің сол жағалауы, Сығанақ көшесінің оңтүстігінде, жеке меншік құқығына тиесілі кадастрлық № 21-320-114-1009, жалпы ауданы 1,0651 га жер учаскесінің үлесі 0,0885 га жер учаскесі мемлекеттік мұқтаж үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 96 287 710 теңге ақшалай төлемді 69 909 427 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2021 жылғы 25 мамырдағы сатып алу-сату шартының және жер учаскесіне жеке меншік құқығына актінің негізінде Астана қаласы, Есіл ауданы, Есіл өзенінің сол жағалауы, Сығанақ көшесінің оңтүстігінде орналасқан жер учаскесі кадастрлық № 21-320-114-1009, жалпы ауданы 1,0651 га жер учаскесінің үлесі 0,0885 га жер учаскесі (әрі қарай – жер учаскесі) «Jusan Ventures» ЖШС-нің жеке меншік құқығына тиесілі.

Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 11 қазандағы №510-3157 қаулысына сәйкес жер учаскесі сатып алу арқылы «Көшелер» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген, мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Қаулыға сай жер учаскесінің кадастрлық № 21-320-114-1009, жалпы ауданы 1,0651 га, алынатын жер учаскесінің үлесі 0,0885 га.

Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шеңберінде жауапкерге тиесілі жер учаскесі енген.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 69 909 427 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған. Алайда, жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен және алынып қоятын жер учаскесінің көлемімен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 18 наурыздағы № С.46-03.25 қорытындысына сәйкес жер учаскесінің нарықтық құны 96 287 710 тенге, оның ішінде жер учаскесінің құны 86 720 265 теңге, жақсартулардың құны

(қоршау) – 9 567 445 теңге құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы). Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, сарапшы жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертілген.

Сонымен қатар, жер учаскесіндегі орналасқан қоршау назарға алынып, бағаланған, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 96 287 710 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Жауапкердің инженерлік желілердің, резервуарды көшіру, бұзу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін толық техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, оған жұмсалатын шығындар сомасы мен өтемақы көлемі анықталмаған деген уәжі келесі себептермен негізсіз.

Инженерлік желілердің, резервуарлардың даулы жер учаскесінде орналасқандығы туралы нақты құжаттар жауапкермен сотқа табысталмады.

Сарапшының қорытындысында мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің болжамды шекаралары көрсетілгендігі және тексеру кезінде учаскенің алынатын бөліктерінің шекараларын белгілейтін межелік белгілер жоқ, тек үш жағынан қоршаумен шектелетіні анықталған.

Сонымен бірге, сарапшы тараптардың түсінігіне сәйкес даулы жер учаскесінің болжамды шекарасыныңда жерасты резервуары орналасқандығын көрсеткендігін атап өтіп, жерасты резервуары туралы техникалық деректер, сондай-ақ жерасты резервуары орналасқан жер учаскесінің шекарасына түсетін нақты бөліктер туралы мәліметтердің жоқтығына сарапшымен назар аударылған. Дизель отынын сақтауға арналған жерасты резервуары жылжымайтын мүлік болып табылмайтынын, бірақ инфрақұрылымның бір бөлігіне жататындығын да көрсеткен.

Жауапкердің алынбай қалған пайда шығынды өтеу тәртібінде көрсетілмеді деген уәжі негізсіз. Өйткені мәжбүрлеп алынып отырған жер учаскесінен пайда көріп отырғандығы жөнінде дәлелдейтін құжаттар мен дәлелдер сотқа ұсынылмады.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының, жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.