ВС РК - Постановление от 15.08.2022 по делу 6001-22-00-3Г/3220 (Гражданское)

6001-22-00-3г/3220

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 15 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов арыз беруші Қазақстан Республикасының І[...] Министрлігі «Атырау облысының полиция Департаменті Атырау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі шетелдік А[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешіміне кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қазақстан Республикасының І[...] Министрлігі «Атырау облысының полиция Департаменті Атырау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Полиция департаменті) Өзбекстан Республикасының азаматы А[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін Республиканың аумағынан тыс шығару туралы арызымен сотқа жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, А[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді орындау үшін оған 5 күн мерзім белгіленген. А[...] мемлекет кірісіне 1 532 теңге өндірілген.

Өтінішхат беруші бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары зерттелген дәлелдемелерге және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істің бір жақты қаралғанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Судья мұндай заң бұзушылықтарға сотпен жол берілген деп санайды.

Анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы А[...] Қазақстанның аумағында 2002 жылдан бастап тұрып, асырауында азаматтық некеден екі қыз баласы бар.

2009 жылы М[...] атындағы Атырау политтехникалық колледжі ҚМҚК-не есеп және аудит мамандығына оқуға түсіп, 2021 жылғы 16 маусымда аяқтаған.

Сонымен қатар, 2021 жылы бакалаврға учет-аудит мамандығына түсіп, Д[...] атындағы Атырау университетінде оқуын жалғастыруда.

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі қаулысымен Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттері) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін А[...] кінәлі деп танылып, оған 10 721 теңге айыппұл салынған.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Атырау қалалық соты Полиция департаментінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін А[...] әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген.

А[...] өтінішхатында бірінші сатыдағы сотпен іс бойынша шешім қабылдау барысында осы уақытқа дейін үлгілі әке, екі қызының асыраушысы, осыған дейін ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық әрекеттер жасамағаны, оның әрекеттерімен мемлекетке нұқсан келтірілмегені ескерілмегенін көрсеткен.

Атап айтқанда, өтінішхат иесінің пікірінше оның іс-әрекеттері мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, республика азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн оған Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі қатаң әкімшілік жазаны қолдануды қажет етпейді.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімін қайта қарау туралы А[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында кассациялық тәртіппен қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.

Судья М.Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс. Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.