Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 03.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/819 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 3 қыркүйек №6003-25-00-2к/819 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ш.М.Нусупова,

судьялар: М.Н.Ибрагимова, А.А.Даненова,

талап қоюшының өкілі С.М.Алым, жауапкерлер «Толқын» жеке кәсіпкер-Т.Ш.Сатыбалдиева, Б.Н.Кетеев, М.Ж.Калкожаевалардың

қатысуларымен,

дыбыс-бейне жазба құралын пайдаланумен өткен ашық сот отырысында, талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкерлер «Толқын» жеке кәсіпкер Сатыбалдиева Толкын Шамарханқызына, Кетеев Бауржан Нургелдиевичке, Калхожаева Мадина Жанайдаровнаға, Абдуллаев Мурат Абдукахаровичке берешекті өндіру туралы талап қоюымен қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі-АҚ) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылғы 31 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, жауапкер «Толқын» жеке кәсіпкер Сатыбалдиева Толкын Шамарханқызынан (бұдан әрі - ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиева) талап қоюшы АҚ-ның пайдасына өндірілген берешек мөлшері 24 468 132 теңгеге дейін азайтылған.

Шешімнің «Толқын» ЖК Т.Ш.Сатыбалдиеваның АҚ-ның алдындағы берешегін өтеу мақсатында, М.Ж.Калхожаеваға тиесілі, Маңғыстау обл., Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылдық округі, Басқұдық ауылы, Рахат т.м., Жалын көшесі, 87 уч. мекенжайы бойынша, ауданы 0,00619 га (кад.№13-203049-1045) жер учаскесінде орналасқан, шаруашылық құрылыстары бар, кепілге салынған тұрғын үйден (бұдан әрі-М.Ж.Калкожаеваның кепіл мүлігі) бастапқы сату бағасын 12 820 000 теңге көлемінде анықтап, жария сауда (аукцион) арқылы ақы өндіру бөлігінде күші жойылып, бұл бөлігінде талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Жауапкер ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиевадан мемлекет пайдасына 735 890 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Апелляциялық шағым ішінара қанағаттандырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен келіспей, облыстық сот тарапынан материалдық заң нормаларын бұзуға жол берілгені бойынша сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрады.

Кассациялық сот отырысында талап қоюшының өкілі шағымды толығымен қуаттап, қанағаттандыруды сұрады, ал жауапкерлер кассациялық шағымның тұжырымдарымен келіспей, қазіргі таңға дейін қарыздың ешқандай бөлігі төленбегенін айтып, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысын күшінде қалдыруды сұрады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Талап қоюшы шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұрады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық алқа тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес, 2019 жылғы 24 мамырда №18-МНГ-АБ негіздемелік келісімнің аясында АҚ-мен ЖК «Толқын» Т.Ш. Сатыбалдиева араларында келесі шарттар жасалған:1) 2019 жылғы 31 мамырда №18-МНГАБ/1 (бұдан әрі -Шарт-1) жеке қарыз шартына сай жауапкерге 2026 жылғы 22 тамызға дейін 15 % жылдық сыйақымен 5 000 000 теңге көлемінде несие берілген.

2019 жылы 22 тамызда №29-МНГ-ЭПВ кредит желісін ашу туралы негіздемелік келісім аясында АҚ-мен жауапкер ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиева арасында келесі шарттар жасалған: 2) 2019 жылғы 28 тамызда №29-МНГ-ЭПВ/1 (бұдан әрі -Шарт-2) жеке қарыз шарты сәйкес жауапкерге 2026 жылғы 22 наурызға дейін 15 % жылдық сыйақымен 20 000 000 теңге көлемінде несие берілген; 3) 2019 жылғы 23 желтоқсанда №29-МНГЭПВ/2 (бұдан әрі -Шарт-3) жеке қарыз шартына сәйкес жауапкерге 2026 жылғы 22 тамызға дейін 15 % жылдық сыйақымен 5 000 000 теңге көлемінде несие берілген.

2023 жылғы 15 сәуірде №02406-003229/348 атқарушылық жазбаға сәйкес жауапкер ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиевадан талап қоюшының пайдасына барлығы 10 021 045 теңге өндірілген. Соған байланысты жауапкер

ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиеваның барлық шарттары бойынша берешектің өзекті мөлшері 27 272 068 теңге.

Жауапкерлер несие төлемдерін мерзімінде қайтармағаны жөнінде бірнеше рет ескертілген, алайда несие алушы келісім-шартта көрсетілген міндеттемелерін орындамай, осы күнге дейін кешіктірілген қарыздарын төлемеген.

Талап қоюшы соттан ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиевадан АҚ-ның пайдасына 2019 жылғы 24 мамырдағы №18-МНГ-АБ және 2019 жылғы 22 тамыздағы №29-МНГ-ЭПВ заем шарттары бойынша барлығы 27 272 068 теңге көлеміндегі қалған берешекті өндіруді сұраған.

ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиеваның АҚ-ның алдындағы 37 293 114 теңге көлеміндегі берешегін өтеу мақсатында, Б.Н.Кетеевке тиесілі Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылдық округі, Ақшұқыр ауылы, 170 үй мекенжайында орналасқан, ауданы 0,15 га (кад.№13-199-002-2338) жер учаскесінде орналасқан, шаруашылық құрылыстары бар, кепілге салынған тұрғын үйден, бастапқы сату бағасын 19 506 000 теңге көлемінде анықтап, жария сауда (аукцион) арқылы ақы өндіруді сұраған.

ЖК «Толқын» Т.Ш.Сатыбалдиеваның АҚ-ның алдындағы 37 293 114 теңге көлеміндегі берешегін өтеу мақсатында, М.Ж.Калхожаеваға тиесілі, кепілге салынған тұрғын үйді бастапқы сату бағасын 12 820 000 теңге көлемінде анықтап, жария сауда (аукцион) арқылы ақы өндіруді сұраған.

Сот алқасы бірінші сатыдағы сотпен өндірілген айыппұл мөлшерін 10 пайызға дейін төмендету әділетті деп көрсете отыра, жауапкердің қабылданған міндеттемесін тиісінше орындамағаны, шарт талаптарын бұзғаны 2023 жылдың сәуірінде талап қоюшыға белгілі болып, атқару жазбасымен 10 021 045 теңге өндірілгенімен, берешекті 2024 жылдың 20 мамырына дейін қалыптастырып, айыппұл мөлшерін негізсіз ұлғаюына жол бергенін ескерген.

Кассациялық сот, сот алқасының Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 297-бабының, 364-бабының 1- тармағының талаптарын негізге алмай, бұл баптардың нұсқауларын сот актісінде қолданбай, тұрақсыздық айыбының мөлшерін 10 пайызға дейін азайтқан әрекетімен төменгі мән-жайларға байланысты келіспейді.

«Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша азаматтық істерді қараудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы №7 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 17-тармағына сай, банктік қарыз шарты бойынша берешекті өндіріп алу туралы талапты қараған кезде мыналарды: шарт бойынша міндеттемелердің орындалмауы немесе тиісті түрде орындалмауы және осы бұзушылықтардың себептері неден көрінетінін; өндіріп алуға жататын берешек неден құралғанын (негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы, айыппұл, өсімпұл);

берешекті өндіріп алу туралы талаптар банктік қарыз шартының талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін;

міндеттемені орындау кепілмен қаншалықты қамтамасыз етілгенін;

міндеттемені, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүлік арқылы өндіріп алуды қолдану үшін негіздердің бар-жоғын (АК-нің 321, 721, 722-баптары);

қарыз беруші мен қарыз алушы берешекті өтеуге қандай шараларды қабылдағанын және олар неден көрініс тапқанын;

борышкердің жауапкершілік үлесін азайтуға мүмкіндік беретін мәнжайлар мен істі дұрыс әрі объективті шешуге қажетті басқа да мән-жайлардың бар-жоғын анықтау қажет.

Банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша соттар олардың заңдылығын және негізділігін мұқият тексеруге, негізгі борыш, сыйақы, тұрақсыздық айыбы бойынша берешек есептерінің дұрыстығын зерттеуге тиіс.

Борышкердің қаржылық қиындықтары, әлеуметтік-экономикалық жағдайы немесе міндеттемелерді орындамауы сияқты басқа да жағдайлардың өзі тұрақсыздық айыбын азайтуға негіз бола алмайды.

АК-нің 293-бабына сәйкес, борышкер мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.

АК-нің 298-бабына сәйкес, мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышкер жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстің 359 бабы). Жауапкердің міндеттерін тиянақты орындамауы жауапкершілік негізі болып табылады, бұл АК-нің 359-бабымен қамтылған. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шілдедегі «Нотариат туралы» Заңының 92-1-бабының 3-тармағына сәйкес, егер тұрақсыздық айыбы (өсімпұл), пайыздар тиесілі болса оларды өндіріп алу, банк заемдарын қоспағанда, борышкер орындалмаған міндеттемені жазбаша мойындаған кезде атқарушылық жазба негізінде жүргізіледі деп көрсетілген. Сондықтан 2023 жылғы 15 сәуірдегі атқарушылық жазба бойынша жауапкерден тек қана мерзімі кешіктірілген негізгі қарыз және сыйақы өндірілген. «Нотариат туралы» заңының талаптары бойынша өсімпұл өндірілуге жатпайды. Атқарушылық жазбаға жауапкер тарапынан шағым түспеген және теріске шығарылмаған. Атқарушылық жазбамен айыппұлсыз өндірілген 10 021 045 теңге бойынша жауапкер тарапынан қазіргі уақытқа дейін қарызды жабуға

ешқандай әрекеттер жасалмағаны анықталып, сот отырысында жауапкермен бұл мән-жай жоққа шығарылмады.

Олай болса сот алқасының АК-нің 297-бабының және 364-бабының 1- тармағының талаптарын қолданбай, өсімпұл мөлшерін азайтутуралы шешімі негізсіз жәнезаңсыз.

Көрсетілген фактілер талап қоюшының берешек сомасын өндіріп алу бойынша барлық шараларды қолданғанын және АК-нің 364-бабының 1- тармағының нұсқауларында көрсетілген кредитор тарапынан кінә жоқтығын көрсетеді.

Осы мән-жайларға байланысты, сот алқасының бірінші сатыдағы сотпен өндірілген айыппұл мөлшерін 10 пайызға дейін төмендету туралы шешімінің күші жойылуға жатады.

Сот алқасының М.Ж.Калхожаеваға тиесілі мүлікті жария саудаға салып сату арқылы ақы өндіру бөлігіменде келіспей, аталған мүлік жауапкердің жалғыз баспанасы екені, басқа баспанасының жоқ екендігі, аталған үйде балаларымен бірге тұратындығы, қарызды жалғыз баспанаға қойылған мүліктен өндіру ең соңғы шара болып табылатыны, қарызды негізгі несие алушыдан өндіру мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылатыны жөніндегі түйінімен кассациялық сот төмендегі мән-жайларға байланысты келіспейді.

Іс құжаттарын зерделеу барысында, 2019 жылғы 24 мамырдағы №18МНГ-АБ негіздемелік келісімнің шарттары бойынша міндетті қамтамасыз ету мақсатында келесі кепіл шарты жасалған.

2020 жылғы 10 шілдедегі №18-МНГ-АБ-3 кепіл шарты (үш жақты) (жылжымайтын мүлік) және оған 2020 жылғы 6 тамыздағы №1, 2020 жылғы 17 қарашадағы №2 қосымша келісімге сәйкес М.Ж.Калхожаева өзіне тиесілі, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылдық округі, Басқұдық ауылы, Рахат т.м., Жалын көш., 87 уч. мекенжайы бойынша, ауданы 0,00619 га (кад.№13-203-049-1045) жер учаскесінде орналасқан, шаруашылық құрылыстары бар, тұрғын үйді кепілге берген.

Кепіл шартына қол қою арқылы жауапкер М.Ж.Калхожаева оның барлық талаптарымен, сондай-ақ қарыз алушы несиені беру шартының талаптарын орындамаған жағдайда туындауы мүмкін салдарымен толық келіскен.

АК-нің 321-бабының 2-тармағының 4-тармағына сәйкес кепіл ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің мерзімінен бұрын орындалуын талап етуге, ал оның талабы қанағаттандырылмаған жағдайда, кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді бұзған жағдайда, кепілді өндіріп алуды талап етуге құқылы.

АК-нің 317-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес борышкер өзі жауап беретін кепiлмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған ретте кепіл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкін.

Бір мезгілде мынандай жағдайлар болған кезде:

  1. орындалмаған міндеттеменің соммасы (тұрақсыздық айыбы, айыппұл, өсімпұл есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілген салынған мүлік құнының 10 пайызынан кемін құрағанда;

  2. кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады

Кепiл ұстаушының талаптарынын кепілге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртiбiмен жүзеге асырылатыны АК-нің 318-бабының 1-бөлігінде көзделген.

1995 жылғы 23 желтоқсандағы «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 20-бабында борышкер негізгі міндеттемені орындамаған жағдайда, кепіл ұстаушы өз талаптарын сот шешімі бойынша ипотеканы жүзеге асыру арқылы қанағаттандыруға құқылы екендігі белгіленген.

Заңның 21-бабына сәйкес:

  1. Ипотеканы сот тәртібімен жүзеге асыру сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Кепіл ұстаушының өтініші бойынша. Бұл ретте, ипотеканың нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлiктi сату iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен ашық аукционда сату тәсiлiмен жүзеге асырылады.

  2. Ипотека шарты бойынша кепiлге қойылған мүлiктi өндiрiп алу кезiнде, егер борышкердiң негiзгi мiндеттеменi бұзуы өте елеусіз болса және кепiл ұстаушының талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына айқын сәйкес келмейтiн болса, бас тартылуы мүмкiн.

Бірінші сатыдағы сотпен анықталғандай орындалмаған міндеттеменің сомасы кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан астам және кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімі үш айдан астам уақытты құрайды.

Сонымен қатар, сот қарыздың мемлекеттік бюджеттен АҚ-на бөлінген қаражаттан алынғанын ескереді.

Сот отырысында жауапкерлер, осы уақытқа дейін берешек қарыздарының ешқандай сомасын төлемегенін, несиені төлейтін қаражаттары жоқ екенін айтып көрсетті. Жалпы қарыз мөлшері 37 293 115 теңге болғандықтан және сот шешімін орындау тек кепіл мүлкін өндіріп алу арқылы мүмкін. Алқа қаулысымен талап қоюшының бұл құқығыда негізсіз шектелген. Сондықтан, қаулының бұл бөлігінің де күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

Талап қоюшы мемлекеттік баж төлеуден босатылғандықтан, мемлекеттің пайдасына жауапкер жеке кәсіпкер «Толқын»-Т.Ш.Сатыбалдиевадан 40 908 теңге мөлшерінде өндіруге жатады.

Қазақстан Республикасының АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2)тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысы бұзылып, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылғы 31 қазандағы талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкерлер жеке кәсіпкер «Толқын»-Сатыбалдиева Толкын Шамарханқызына, Кетеев Бауыржан Нургелдиевичке, Калхожаева Мадина Жанайдаровнаға, Абдуллаев Мурат Абдукахаровичке берешекті өндіру туралы шешімі күшінде қалдырылсын. Мемлекеттің пайдасына кассациялық тәртіптегі мемлекеттік баж жауапкер жеке кәсіпкер «Толқын»-Сатыбалдиева Толқын Шамарханқызынан 40 908 (қырық мың тоғыз жүз сегіз) теңге өндірілсін.

Кассациялық шағым қанағатандырылсын.

Төрағалық етуші судья

Ш.М.Нусупова

Судьялар М.Н.Ибрагимова

А.А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.